Алматы көшелерінің тарихы: батырлар мен билер ізімен

Алматы көшелерінің тарихы: батырлар мен билер ізімен Сурет: ЖИ

Қазақтың үш биі Алматы көшелерінде: бұл атаулардың артында қандай тарих жатыр?

Алматы – тарих пен мәдениет тоғысқан қала. Мұндағы көше атаулары – жай ғана бағыт емес, рухани бағдар. Әсіресе, қазақтың үш биі – Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің есімімен аталған көшелер ұлттық сананы ұлықтайды. Еліміздің ұлан-байтақ жерін қорғап, бүгінгі ұрпаққа аманаттап қалған батыр бабалардың еңбегі өлшеусіз. 

Aqshamnews.kz тілшісі қазақтың үш биінің құрметіне аталған көшелер жайлы деректерді жинақтап, әрқайсысының тарихын оқырман назарына ұсынады.

ӘЙТЕКЕ БИ КӨШЕСІ: КІШІ ЖҮЗДІҢ КӨРНЕКТІ БИІНІҢ ІЗІ 

  • Орналасқан жері: Алматының Алмалы және Медеу аудандары; Кіші Алматы өзенінен бастап Айтиев көшесіне дейін, шығыстан батысқа қарай.
  • Ұзындығы: 3,794 шақырым.
  • Бұрынғы атаулары: Балқаш (1918 жылға дейін), Октябрь (1991 жылға дейін).
  • Қазіргі атауы: 1991 жылы Кіші жүздің биі Әйтеке Байбекұлы (1644–1700) құрметіне берілді.
  • Қызықты дерек: Көше 4 бөлікке бөлінген; Бреусовтар үйі (Әйтеке би, 27) — тарихи сәулет ескерткіші

Әйтеке би кім болған?

Әйтеке би — Кіші жүздің бас биі, көрнекті қоғам қайраткері, «Жеті жарғының» авторларының бірі. Шешендік қабілетімен, білімділігімен, Ел бірлігін нығайтудағы және жоңғарларға қарсы күрестегі үлесі зор. Шын есімі - Айтық. 

Әйтеке би өз заманында жан-жақты білім алған. Алғаш Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс салдырған әйгілі "Тіллә-кари"(Алтынмен апталған), "Шердор" (Арыстанды) медресесінде дін, құқық, аспан әлемі, тарих, математика пәндерінен дәріс алып, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін үйреніп шыққан.

ҚАЗЫБЕК БИ КӨШЕСІ: ОРТА ЖҮЗ БИІНІҢ ҚҰРМЕТІНЕ

  • Орналасқан аудандар: Медеу және Алмалы.
  • Ұзындығы: 4,9 шақырым.
  • Бұрынғы атаулары: Губернаторская (1878–1918), Советская (до 1991).
  • Тарихы: 1879 жылдан бері ресми атауы бар; гимназиялар, алғашқы ауруханалар мен әкімшілік ғимараттар орналасқан.

Қаз дауысты Қазыбек би кім?

Қазыбек Келдібекұлы (1667–1763) — Орта жүздің биі, шешендігімен танылған тұлға. «Жеті жарғының» қалыптасуына қатысқан. «Қаз дауысты» атануы жас шағында Цэван Рабдан хан алдында жасаған ерлігіне байланысты. 

Қазыбек би XVIII ғасырдың 40-жылдарының басында Сыр бойынан Арқаға қарай көшіп, Ұлытау, Қарқаралы өңірін қоныс қылып, Семізбұғы тауының беткейлерін жайлаған. Қазыбектен: Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет есімді бес ұл, Маңқан (Қамқа) деген бір қыз туған. Қазыбек ұрпақтары ата-баба жолын қуып, сөз ұстаған парасатты әділ қазы атанған. Баласы Бекболат, одан кейінгі Тіленші, Алшынбайлар да дүйім жұртты аузына қаратқан әділ де тура билер болған. Белгілі әнші-композитор Мәди Бәпиұлы да Қазыбек бидің ұрпағы.

ТӨЛЕ БИ КӨШЕСІ: ҰЛЫ ЖҮЗДІҢ ТӨБЕ БИІНЕ ТАҒЗЫМ

  • Орналасқан аудандар: Медеу, Алмалы, Әуезов.
  • Бағыты: Шығыс айналма жолынан «Баянауыл» шағынауданына дейін, шығыс‑батыс бағытында.
  • Бұрынғы атаулары: Гимназическая (1927 жылға дейін), Комсомольская (1991 жылға дейін).
  • Белгілі орын: Астана алаңы (бұрынғы Ленин алаңы) осы көше бойында орналасқан.

 

Төле Әлібекұлы кім?

Төле би (1663–1756) — Ұлы жүздің бас биі, «Жеті жарғының» авторы, Абылай ханның сенімді серігі. 

Кейбір деректер бойынша Төле би 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Шу өңірі аймағында дүниеге келген. Ұлы жүздің дулат тайпасы жаныс руынан.
Төле билікке он бес жасынан араласып, әділдігімен, шешендігімен елге танылады. Туралықты тұғыр еткен Төле биді халық арасында "Қарлығаш әулие" деп те атап кеткен. Қазыбек би, Әйтеке бидің қолдауымен үш жүзге төбе би болып сайланып, ел ішілік, ел аралық дауларды шешкен. Қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері. Әз Тәуке хан құрған "Билер кеңесінің" мүшесі, "Жеті жарғы" заңдар жинағын шығаруға зор еңбек сіңірген.

Үш би — үш көше

Бұл көшелер бір-біріне параллель орналасқан: солтүстіктен оңтүстікке қарай — Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би. Барлығы Кіші Алматы өзенінен басталып, батыстан шығысқа қарай қала орталығын кесіп өтеді. Бұл көшелер — ерлік пен тарихтың тұнған орындары, батыр бабалардың ұрпаққа қалдырған аманаты.

Батыр бабалар жолы: Алматыдағы батыр бабаларға берілген көшелер жайлы не белгілі? 

Қазақтың үш биіне арналған көше атаулары – елдің рухани жадын жаңғыртудың бір үлгісі десек, дәл осы миссияны еліміздің азаттығы жолында найзаның ұшымен, білектің күшімен күрескен батыр бабалардың есімдерімен аталған көшелер де жалғастырып келеді.

Қазақтың ұлт-азаттық күресінің алдыңғы шебінде тұрған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды даңқты батырлар – ұлы далада елдік пен ерліктің символына айналған тұлғалар. Алматы қаласында бұл үш батырдың атымен аталатын көшелер тек тас жол ғана емес, ұлт рухын бойына сіңірген тарихи-мәдени кеңістік саналады.

Үшеуі де бір-біріне параллель орналасқан және шығыс-батыс бағытында созылып жатыр. Әрқайсысы қаланың түрлі бөліктерін қиып өтіп, Алматының тарихи, мәдени, көлік және әлеуметтік ортасымен тығыз байланысады. Бұл көшелер — батырлар салған даңқты жолдың бүгінгі көрінісіндей.

ҚАБАНБАЙ БАТЫР КӨШЕСІ

Ұзындығы: 6,2 шақырым
Орналасуы: Қастеев көшесінен басталып, Аносов көшесінде аяқталады.

Тарихы мен атаулары:

Бұрынғы атаулары: Мещанская (1879–1936), Калинин (1936–1991), Верхняя Четвёртая улица (1877 ж.).

1991 жылдан бастап — Қаракерей Қабанбай батырдың есімімен аталады.

Ерекше нысандар:

·         Абай атындағы Опера және балет театры

·         «Столичный центр» ТК

·         «Алматы» қонақ үйі

·         Целинный кинотеатры

·         Виктор Цой ескерткіші

Қабанбай батыр туралы:

Қабанбай Қожақұлұлы (1692–1770) — жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстың қаһарманы, Абылай ханның бас батырларының бірі. Ол көптеген шайқастарда ерлік көрсетіп, «Дарабоз» деген атқа ие болған.

БӨГЕНБАЙ БАТЫР КӨШЕСІ

Ұзындығы: 7,3 шақырым
Орналасуы: Қаланың Медеу және Алмалы аудандары арқылы өтеді.

Тарихы мен атаулары:

Бұрынғы атауы: Киров көшесі (1934–1991).

1991 жылдан бастап — Қанжығалы Бөгенбай батырдың құрметіне аталды.

Ерекше бөліктері:

·         Орталық көлік торабы

·         Тұрғын аймақтар мен тарихи нысандар

·         Бульвар типтес аймақтар

Бөгенбай батыр туралы:

Бөгенбай батыр (1690–1775) — Абылай ханның сенімді серігі, ел қорғаған атақты қолбасшы. «Қанжығалының қырық батыры» тобын басқарған, шешен, айтыскер және дипломат ретінде де танымал тұлға.

 

НАУРЫЗБАЙ БАТЫР КӨШЕСІ

Ұзындығы: шамамен 4 шақырым
Орналасуы: Алмалы ауданында, Райымбек даңғылынан басталып, Тимирязев көшесінде аяқталады.

Тарихы мен атаулары:

Бұрынғы атауы: Дзержинский көшесі (1991 жылға дейін).

1991 жылдан бастап — Наурызбай батыр Құттымбетұлының құрметіне аталды.

Наурызбай батыр туралы:

Наурызбай Құттымбетұлы (1706–1781) — XVIII ғасырдағы жоңғарларға қарсы күресте ерлік көрсеткен қаһарман. Ол Қабанбай, Бөгенбай сынды батырлармен бірге Абылай ханның бас сардарларының қатарында болған.

Алматы көшелері – бұл тек жолдар мен бағыттар ғана емес, халқымыздың тарихын, тағдырын, тұлғаларын тасқа таңбалаған рухани кеңістік. Қазақтың үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтеке және үш баһадүрі – Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды алыптардың есімін иеленген көше атаулары – өткеннің өнегесін бүгінге жеткізетін ұлт жадының символы.

Осы көшелердің бойымен жүрген әрбір адам тек қаланың көлік инфрақұрылымын ғана кесіп өтпейді, сонымен қатар халқымыздың сан ғасырлық тарихының, ерлік пен елдік рухының ізімен жүреді. Бұл атаулар жас ұрпаққа үлгі, тарихқа тағзым, ұлтқа құрмет екенін естен шығармаған жөн.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:28

16:14

15:55

15:53

15:25

15:15

15:00

14:52

14:40

14:21

14:09

13:08

12:34

12:29

12:16

12:00

11:43

11:40

11:36

11:24

11:02

10:51

10:45

10:36

10:22