Алматы ауасы: бүгінгі ахуал, ертеңгі үміт

Алматы ауасы: бүгінгі ахуал, ертеңгі үміт Cурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Өткен жылы Алматының атмосферасына таралған ластаушы заттардың жалпы көлемі 189 мың тоннаға жетті.Мегаполис ауасын арнайы сүзгішпен сүзіп шығар болсақ, осыншама лас зат шығады деген сөз.

Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, соның 60 пайызы қаладағы және сырттан кіретін автокөліктердің үлесінде, ал қалған бөлігі өнеркәсіп орындарына, жеке секторға және қатты отын тұтынатын моншалар мен басқа да шағын нысандарға тиесілі. Бұл дерек қаланың атмосфералық ауаны қорғау саласындағы саясатты түбегейлі қайта қарауға негіз болды.

Жұмыстың жаңа кезеңінің негізгі элементі биыл әзірленіп, қазір келісу рәсімінен өтіп жатыр. Құжат «Алматы қаласының аумағында атмосфералық ауаны қорғау саласындағы арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы қағидалары жобасы» деп аталады.

Соны қағида тұрғындар мен кәсіпкерлерге экологиялық таза технологияға көшуге және көлік паркін жаңартуға серпін беретін құқықтық алаң қалыптастырады. Ауа сапасын бақылаудың заманауи құралдарын дамытуға, жауапкершілік тетіктерін күшейтуге жол ашады.

Жоба жалпы сипатта болғанымен, қаланың атмосфералық ауасын қорғау саласындағы тұтас экологиялық саясатты қалыптастыру үшін аса маңызды негіз болатын ережелерді қамтиды.

Алматыда алғаш рет барлық негізгі ластау көзі толық қамтылып, бұрын отандық тәжірибеде болмаған реттеу тетіктері қалыптасады деп жоспарланып отыр. Қағидалар бірнеше мақсатты көздейді. Олар: автокөлік шығарындыларын бақылау; көліктерді экологиялық сыныптарға бөлу; техникалық байқаудың рөлін арттыру; кәсіпорындардың жұмысын реттеу; бірыңғай мониторинг жүйесін қалыптастыру; қолайсыз метеожағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі. Осының бәрі алдағы жылдары кезең-кезеңімен енгізілетін нақты шараларға арқау болатын жүйеге айналады.

Қағидалар қабылданғаннан кейінгі нәтиже көпқырлы болмақ. Негізгі ластау көзі – автопарк алғаш рет шынайы экологиялық бақылауға алынады: нақты ластаушы көлемін өлшеуге, көліктің экосанатын есепке алу және техникалық байқауды қатаң қадағалау ең көп ластайтын көліктердің қала ішіндегі қатынасын шектеуге және автопаркті біртіндеп жаңартуға ықпал етеді. Мәселен, атмосфераға тарайтын түтіннің 84 пайызына дейін ЕВРО-0 санатындағы көліктер шығарады.

Бұған дейін толыққанды бақылаудан тыс болған III санаттағы кәсіпорындар енді жаңа талаптарды орындауға және тұрақты тексеріліп отыруға міндетті. Бұл олардың ауаны ластаудағы үлесін айтарлықтай азайтады. Бірыңғай мониторинг жүйесі ауа сапасын жедел басқаруды қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін деректердің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қалада кейінгі жылдары қажетті заңнамалық база да жаңартылып келеді. 2023-2025 жылдары маңызды өзгерістер енгізілді: мәслихаттың өкілеттігін кеңейту, техникалық байқауды реформалау, шығарындыларды асыру үшін жауапкершілікті күшейту секілді бастамалар жүзеге асты. 2025 жылы сәуірден бастап техникалық байқау станциялары рұқсаты бар тәртіппен, онлайн бақылаумен және міндетті экологиялық жабдықпен жұмыс істейді. Талапты бұзғандарға ірі айыппұл салынып, рұқсаттан айыру көзделген.

Қаладағы ірі ластау көздеріне қатысты да жүйелі жұмыс қолға алынған. Жеке секторды газдандыру ісі аяқталуға жақын: қазір Алматыдағы жеке үйлердің 99,4 пайызы газға қосылған, 907 үй әлі қосылмаған. Жыл соңына дейін 126 үйге газ тартылмақ.

ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті табиғи газға көшіру 2027 жылға қарай олардан шығатын түтінді 15 есе азайтуға мүмкіндік береді. ЖЭО-2-де дайындық кезеңі аяқталып, негізгі нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Екі газ турбинасы генераторларымен бірге орнатылды, үшіншісі жақын уақытта монтаждалады.

Газды дайындау пунктінде жабдық орнатылып, су дайындау нысанында негізгі құрылымдар тұрғызылып жатыр. ЖЭО-3-те алғашқы газ турбинасы мен генераторды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Екі станцияның да газға көшуі – қаладағы ауа сапасын жақсартудағы маңызды қадам.

Көлік саласында да ауқымды жаңғырту іске асып жатыр. Мәселен, 2024 жылдан бері Алматыда дизель автобустарын сатып алуға тыйым салынды, ал қоғамдық көлік паркі газбен жүретін және электр автобустарымен толықтырылып отыр. 2025 жылдың соңына қарай коммуналдық автобустардың экологиялық үлесі 100 %-ға жуықтайды. Мегаполисте электр зарядтау станцияларының саны екі есеге өсіп, тұрғындардың электромобильдерге көшуін жеңілдетеді.

Қаланың экожүйесінің маңызды құрамдас бөлігі саналатын жасыл қор да назардан тыс қалмады. Көптеп ағаш отырғызу, автоматты суару жүйесін енгізу сияқты жаңа стандарттардың арқасында Алматыда 2030 жылға дейін 2,5 миллион жасыл желек қалыптастыру бағдарламасы жүзеге асып отыр.

Кейінгі екі жылда көшеттердің қурау көрсеткіші 30 пайыздан 10 пайызға дейін, яғни үш есеге азайды. Мұндай жұмыс «Алматы – қала-бақ» мәртебесі аясында қолға алынды.

Осылайша, кейінгі жылдары атқарылған шаралар біртіндеп қаланың кешенді экологиялық саясатына айналып келеді. Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының қабылдануы осы шараларды бір арнаға тоғыстырып, қаланы жекелеген шешімдерден тұрақты, ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған экологиялық стратегияға көшіруге мүмкіндік береді. Жоспарланған жұмыстар толық орындалса, алдағы жылдары Алматының ауасы едәуір тазарады деген үміт бар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:40

12:30

12:14

12:12

12:00

11:50

11:46

11:33

11:20

11:07

11:00

10:36

10:28

10:18

10:12

09:46

09:22

09:19

09:01

08:54

17:41

17:38

17:35

17:30

17:25