Жүргізушісі жоқ таксилер, қоғамдық көліктер, көлік кептелісіне қарай реттеп тұратын «ақылды бағдаршамдар»... Қазіргі ірі мегаполистерді мұндай жаңа технологиясыз елестету қиын. Дамыған елдер технологиялық жетістіктерді пайдаланып «ақылды қалаларды» дамытып жатыр. Ірі қалалардың ауқымды мәселесін шешуге де осындай жаңа тәсілдер пайда болды. Айталық, Сингапур қала-мемлекетінде арнайы лифт арқылы көліктерді тұрғын үйдің жоғары қабатындағы «аспан автотұрағына» әкеп қойса, Лос-Анджелес қаласында жүргізушісі жоқ көліктер жолаушыларды қауіпсіз жеткізіп жүр.
Smart City, яғни «ақылды қаланы» құру бағытындағы жұмыс Алматы қаласында да қарқынды түрде жүріп жатыр. Атап айтқанда, «Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі» мен «Кешенді қауіпсіздік жүйесі» жобалары мегаполисте іске асырылуда. 2022 жылдың тамыз айында жұмысқа алынған «Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі» жобасының басты міндеті – барлық қалалық бейнебақылау камераларын бір платформада біріктіру және алынған бейнематериалға нақты уақыт режимінде сараптама жасау. Өткен жылы қала әкімдігінің жобалық офисінің қолдауымен бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне 45 мың камера қосылса, биыл олардың санын 70 мыңға дейін арттыру жоспарланған. Былтыр бұл платформа арқылы 2 мың қылмыс ашылып, 15 мың қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі анықталған. Сондай-ақ, «ақылды қала» жобасы аясында Алматыда кешенді қауіпсіздік жүйесі мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда және медициналық мекемелерде қойылып жатыр. Оның мәні – бір мекемеде бейнебақылау жүйесі, өрт-күзет дабыл жүйесі, кіруді бақылау және басқару жүйесі, СОС дабыл түймесі, домофон байланысы жүйесі орнатылады.
Мегаполисте бірнеше жыл қатарынан цифрлық жаңалықтардың ең басты жиыны – Digital Almaty форумы ұйымдастырылып келеді. Форум барысында таныстырылған стартаптар мен жобалар Алматыда цифрлық шешімдерді енгізуге мүмкіндік ашады. Биыл халықаралық іс-шара барысында қазақстандық студенттер ойлап тапқан JolQal.ai жобасы таныстырылды. Жоба бойынша жасанды интеллект жолдағы шұңқырлар мен ойықтарды анықтауға көмектеседі. Бейнекамералар автобустарда, жедел жәрдем көліктерінде, полиция қызметкерлерінің көліктерінде орнатылып, автоматты режимде түсірілген бейнежазбаларды өңдеп, қала көшелерінің қай бөлігінде ойықтар бар екенін көрсетеді.
· Тақырыпқа орай
Олжас ЖАҢАБЕК, Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы:
Алматының цифрлық егізі 2026 жылы жасалады
Қазір қаланың әртүрлі жүйелері бөлек-бөлек жұмыс істеп жатыр. Бұл қаланы жүйелі түрде басқаруды қиындатады. Сингапур мен Шэньчжэнь қалаларының сәтті жобаларына сүйене отырып, Алматы қаласы 2026 жылдың желтоқсан айында мегаполистің цифрлық егізін іске қосады. Алматының цифрлық егізінде негізгі 3 деңгей болады. Бірінші деңгей қаланың инженерлік инфрақұрылымын толықтай қамтиды. Екінші деңгейде, қала құрылысын модельдеу және оңтайландыру, сондай-ақ көлік қозғалысын бақылау жұмысы жүргізіледі. Үшінші табиғи-климаттық деңгей болады. Онда ауа сапасы секілді қаланың дамуына әсер ететін барлық табиғи құбылыстар қамтылады. Шэньчжэнь қаласына барып, арнайы олардың тәжірибесімен таныстық. Олар цифрлық егіз жобасын толыққанды іске қосу үшін 6 жыл жұмсаған. Қазір Шэньчжэньде секілді бізде де инвентаризация, яғни нысандарды цифрландыру жұмыстары басталды.