«Алматы» ӘКК мен «Қазақмыс корпорациясы» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Алматы» ӘКК» АҚ мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, отандық өндірушілерді қолдауға және жергіліктендіру деңгейін арттыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі — «Алматы индустриялық аймағы» ЖШС резиденттерімен кооперацияны дамыту болмақ.
«Алматы» ӘКК-нің еншілес ұйымы болып табылатын Алматы индустриялық аймағы бүгінде қаланың өнеркәсіптік дамуының негізгі алаңдарының бірі саналады.
Қазіргі таңда оның резиденттері қатарында жалпы жобалар көлемі 884 млрд теңге болатын және 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашу әлеуеті бар 147 компания бар. Тек 2025 жылдың өзінде аймақ аумағында 221,2 млрд теңге сомасына 14 жоба іске қосылып, 4 922 жұмыс орны құрылды. Индустриялық аймақ құрылғаннан бері резиденттер шамамен 3,4 трлн теңгенің өнімін өндіріп, 14 мыңнан астам жұмыс орнын ашты, ал төленген салықтар көлемі 96 млрд теңгеге жетті.
Өндірістік алаңдарға бизнес тарапынан жоғары сұраныс Алматы индустриялық аймағының жаңа кәсіпорындарды орналастыру үшін тиімді база екенін көрсетеді. Осыған байланысты 2026 жылы қала әкімдігі оның аумағын 393 гектарға кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға қосымша мүмкіндік беріп, Алматының өндірістік әлеуетінің одан әрі өсуіне ықпал етеді.
«Қазақмыс» үшін қазақстандық қамтуды дамыту — ұзақмерзімді стратегияның негізгі құрылымдардың бірі. Бұл бағыттың нақты нәтижелері де бар: 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания отандық өндірушілерден шамамен 577 млрд теңгеге өнім мен қызмет сатып алған. Оның шамамен 27%-ы, яғни 152 млрд теңгесі Алматы кәсіпорындарына тиесілі. Бұл қаланың өңіраралық кооперация жүйесіндегі маңызды рөлін айқындайды.
Аталған көрсеткіш өңіраралық кооперацияның жоғары әлеуетін көрсетіп, өнеркәсіп нысандары мен бизнес арасындағы әріптестікті одан әрі кеңейтудің маңызын айқындайды.
Ынтымақтастық аясында шикізат ресурстарын өңдеуді дамытуға ерекше назар аударылады. «Қазақмыс корпорациясының» өнеркәсіптік бейінін ескере отырып, меморандум Алматыда мыс өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталған өндірістік тізбектерді қалыптастыруға қосымша мүмкіндік ашады.
Меморандумға қол қою өңіраралық өндірістік байланысты нығайтуға, алматылық кәсіпорындардың ірі компаниялардың жеткізу тізбектеріне қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ қаланың өнеркәсіптік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. «Алматы» ӘКК өз құзыреті шеңберінде ірі бизнес пен Алматы индустриялық аймағы резиденттері арасындағы тиімді өзара іс-қимылды жолға қоюға ұйымдастырушылық және консультациялық қолдау көрсетуді жалғастырады.