Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан опера әншісі, «Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақстанның халық артисі Әлібек Дінішевті 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Дархан Сатыбалды мерейтой иесіне Президенттің құттықтау хатын табыстады. Онда мерейтой иесінің табиғи таланты, жоғары кәсіби шеберлігі және отандық өнердің дамуына қосқан елеулі үлесі ерекше атап өтілген.
«Туа біткен талантыңыз бен жоғары кәсібилігіңіздің арқасында Сіз шығармашылықтың биік белестерін бағындырып, Қазақстанда ғана емес, әлемдік сахнада да зор бедел мен құрметке ие болдыңыз. Сұлулығы мен әуезі ерекше сирек лирикалық тенорыңыз, орындаушылықтағы теңдессіз шеберлігіңіз және әйгілі музыкалық шығармаларды қамтитын кең репертуарыңыз Сізді халықтың шынайы сүйіспеншілігіне бөледі», – делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.
![]()
Мемлекет басшысы сондай-ақ Әлібек Дінішевке ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дамытуға, сондай-ақ жас өнерпаздарды тәрбиелеуге сіңірген еселі еңбегі үшін зор құрмет білдірді.
Дархан Сатыбалды Әлібек Дінішевті өз атынан да құттықтап, өнер майталманының шығармашылық жолы Алматымен тығыз байланысты екенін айтты. Дәл осы қалада ол кәсіби өнер иесі ретінде қалыптасып, бүкіл ғұмырын өнерге арнап, қазақ музыкасының дамуына сүбелі үлес қосты. Қала әкімі мерейтой иесіне мықты денсаулық, отбасына амандық, шалқар шабыт пен шығармашылық табыс тіледі.