ffin.kz

Ала қап арқалаған аналар

Ала қап арқалаған аналар almaty-akshamy.kz

еңбегін бүгінгі жастар ұмытпауы тиіс


Тоқырау жылдары дегенді тарихтың бір қиын кезеңі ретінде еске аламыз да, жылы жауып қоятын болдық. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елдің тұрмысын ауырлатып, санасына өзгеріс әкелген осы уақытқа қатысты біз назар аудармай келе жатқан түйткіл көп. Бұл қиын жылдары мыңдаған әйел табыс тауып, бала-шағаны асырауды, сөйтіп, қиын кезеңнен шығуды өзінің абыройлы міндеті санады. Экономикалық-әлеуметтік ауыртпалық қоғам өмірінің түрлі саласында әйелдерді қажырлы, тіпті азапты еңбек етуге мәжбүрледі. Тоқырау жылдарының бар кесапаты кәсіптен нәсіп табам деген қыз- келіншектердің басына түсті. Ала қаппен ауыр-ауыр жүк арқалап, белі талған да, базардан нәпақа табам деп аязға тоңған да, рэкетпен арпалысқан да – солар. Жағдайымыз тәуірленген қазіргі мезгілде біз осы «тоқырау әйелдерінің» ерлігін ұмытпай, олардың сол кездегі қажыр- қайратын тиісінше бағалауымыз қажет сияқты.


 


ЕЛДІҢ ТҰРАҚТАНУЫНА ҮЛКЕН СЕПТІГІН ТИГІЗДІ


Бұл жылдары елімізде өте қиын жағдай қалыптасты. Зауыт-фабри­калар жабылып, елді жаппай жұ­мыссыздық жайлап, мемлекеттік салада қызмет істейтіндердің айлы­ғы, қариялардың зейнетақысы кешіктіріліп берілді. Жұмыс тап­шы, ақша жоқ, «екі қолға бір күрек» таба алмаған кейбір зіңгіттей жігіт­тер ақыры ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, рэкеттікпен айналысып, елді тәртіпсіздік жайлады. Ал жұ­мысынан босап қалған ер-азамат­тардың дені шарасыздықтан маскү­немдікке салынып, көптеген шаңырақтың ырысы мен берекесі ыдырап, қоғам әлеуметтік қопары­лыстардың сәл-ақ алдында тұрды.


Осындай қиын-қыстау кезде ардақты аналарымыз қаншама ауыр жағдайларды бастан өткерсе де, бәріне төзімділік танытып, мемле­кеттен көмек сұрамай-ақ тығырық­тан шығудың жолын тауып кетті. Жеңдерін қайырып алып, ала қап арқалаған аналарымыз Қытай, Қыр­ғызстан, Түркия, тіпті бүкіл шетел асып, тауар тасымалдап, сауда-сат­тықпен айналысты.


Осылайша олар ең бірінші өз­дерін жұмыспен қамтып, бала-ша­ғасын асырау арқылы ел экономика­сын дағдарыстан аман алып қалды. Шынында да, аналардың ала қабы 90-жылдары мемлекетте тауар тап­шылығын жойып, елдің тұрақта­нуына үлкен септігін тигізді.


 


ҚАҚАҒАН АЯЗДА САУДА ЖАСАУ ОҢАЙ ЕМЕС


Ресми емес деректерге сүйе­нетін болсақ, 90-жылдары елімізде 2 миллионнан астам қыз-келіншек шетелден тауар әкеліп, сауда-сат­тықпен айналысқан екен. Қалаара­лық, халықаралық автобустармен жолға шығамын деп, олардың қан­шасы жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болғанын тиісті органдар нақты айтып бере алмасы анық. Бі­рақ бір белгілісі, қазіргі дәрігер­лердің айтуынша, кезінде алыпса­тарлықпен айналысқан әйелдер Ауғанстан мен Шешенстанда бол­ған соғысты көргендей стрестік жағдайды басынан өткерген екен.


Шетелге шығу, кеденнен өту, бө­тен мемлекетте ала қап арқалап, жаяу-жалпы тауар сатып алу, зіл батпандай жүкті қайтадан шекарадан өткізу, полицияға, рэкеттерге қалта­сынан қағылып, ең ақыр аяғы ұры-қарыға тоналмай, тауарды сатудың өзі – біле-білген адамға үлкен азап.


Оның үстіне, 35–40 градустық қақаған аязда бір орында тұрып сауда жасау, шілденің шіліңгір ыс­тығында ұзақ жолға шығу оңай емес. Мұның бәрі адам жүйкесіне кері әсер ететіні сөзсіз.


 


ТАРИХ АШЫЛМАЙ, БОЛАШАҚ ЖАРҚЫН БОЛМАЙДЫ


Өкініштісі сол, кезінде елдің да­муына бірден-бір ықпал еткен сауда саласына қазіргі қоғамның көзқара­сы дұрыс емес. Бүгінде бізде сауда­мен айналысатындарды көпшілік оң бағаламайды. Ел арасында «саудагер­лер алдап-арбап кетеді» деген секілді жағымсыз пікір қалыптасқан. Деген­мен, қалай десек те, бүгінгі жастар ала қап арқалаған аналарымыздың жасаған ерлігін, жанқиярлық әре­кетін ұмытпауы тиіс.


Ала қап арқалаған аналардың қайсарлық әрекеті, бұл – мыңдаған отбасының басынан өткен ұмытыл­мас тарих. Сондықтан мұндай ана­ларды ардақтау керектігін барша халық қолдайды деп сенеміз. Де­генмен, өкініштісі, қазір осыны көп жастар біле бермейді. Ендеше, 90-жылдары елдің бастан кешкен қиын оқиғалары төңірегінде неге кино түсіріп, жазушыларымыз кі­тап жазып, театрларда түрлі қойы­лымдар қоймасқа? Бұл біздің тарихымыз емес пе? Ал тарихын ұмытқан халық мәңгүрт болып есептеледі. Бұл жақсы емес. Сон­дықтан тарихымыз ашылмай, бола­шағымыз жарқын болмайтынын ұмытпауымыз керек.




ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ


Амантай НҰРЛАНҰЛЫ,  Алматы қаласының тұрғыны:  АНАЛАРДЫҢ АРҚАСЫНДА  АМАН ҚАЛДЫҚ


Жасыратыны жоқ, 90-жылдары елімізде жарық жоқ, су жоқ, азық-түлік, киім-кешектердің барлығы талон бойынша берілді. Елімізде парақорлық жайлап, халықтың болашаққа деген сенімі азайып, әлеуметтік жағдай қорқынышты деңгейде болды.


Дегенмен, Қазақ елі – төзімді халық. Аналарымыз ала қапты қолмен арқалап, шетел асып, тауар тасыды. Осылайша күйеуін, бала- шағасын жұмыспен қамтып, қандай қиын жағдай болса да, күн көруге, өмір сүруге бейімдеді. Біз ауыр жағдайда өмір сүріп, аналардың арқасында аман қалдық. Біз ғана емес, жалпы Қазақ елі, мемлекетіміз де ала қап арқалаған аналардың төзімділігі мен табандылығынан дағдарыстан аман өтті. Олар Үкіметке салық төлеу арқылы мемлекет бюджетін қампайтты.



Бақытжан ЖЕКСЕНҰЛЫ, заңгер:  ОЛАРҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТУ КЕРЕК


Менің ойымша, сырттан жүк тасыған, алыпсатарлықпен айналысқан әйелдерге ескерткіш орнатуымыз керек. 90-жылдары үстіне «Адидас» киіп алып, ала сөмкесін арқалап жүріп Қазақстанды дағдарыстан құтқарған – осы әйелдер. Керек десеңіз, мұндай ескерткіш Ресейде бар. Бірақ онда ер адам бейнеленген. Қолында – ауыр сөмкесі, иығында – үлкен қорап, белінде ақша салатын белбеуі бар ескерткіш орнатылған. Ендеше, неге бізге де осындай ескерткіш орнатпасқа?


Сонымен қатар, олардың зейнетақысын, мүгедектік жәрдемақысын көбейтуіміз керек. Өйткені, кезінде саудамен айналысып, қазір мүгедек болып қалған әйелдер өте көп. Ең болмаса дәрі алып, коммуналдық төлемдерін төлеп, өздеріне жететіндей мүгедектік жәрдемақысын тиісті деңгейде берсек, бұл әлдеқайда сауапты іс болар еді.



Ұлбосын ҚҰДАБАЕВА, ІІ топтағы мүгедек:  ҚАЗІР РЕТТЕЛМЕСЕ, БҰРЫН ТӘРТІП БОЛҒАН ЖОҚ


Мен Қазақ соқырлар қоғамы Түркістан қалалық филиалының кәсіпорнында 27 жыл жұмыс істедім. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жұмысымыз тоқтап, содан күнкөріс қамы үшін саудамен айналыстым. Қырғызстаннан тауар әкеліп, оны Байқоңырда саттық. Осылайша ала қап арқалап жүріп, үш студент оқыттым. Бішкектен алған тауарларымызды сол жақтың таксистері кеденнен өткізіп беретін. Сол үшін қосымша ақы төлейтінбіз. Оның үстіне бұрын рэкеттер, ұры-қарылар көп болатын. Рэкеттер әйел адамға тимейді, бірақ еркектерді «счетчикке» отырғызып қоятын. Қырғызстанға әр келген сайын ер жігіттер олардың «ставкасын» беріп тұратын еді. Дегенмен, Бішкекте сығандар өте көп болды. Байқап жүрмесең, олар қалтаңдағы барлық ақшаны, тіпті тауарларыңа дейін қағып кететін. Қазір енді-енді реттелмесе, біздің кезде тәртіп болған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51