Келесі жылы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына 50 жыл толады.
Осы уақыт ішінде қаншама науқас емделді! Қанша адамның өмірі сақталды! Қаншама адамның ғұмыры ұзартылды! Қаншама адам қайтадан еңбекке оралды!
Институттың құрылу, қалыптасу және даму тарихы туралы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Құрметті директоры, Қазақстан кардиологтары қауымдастығының Құрметті президенті, академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, еліміздегі ең ірі орталықты 20 жыл бойы басқарған Армен Жақсыбекұлы Рысмендиев әңгімелеп береді.
Әріптестерінің айтуынша, ол институт директоры әрі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас кардиологы болған уақытта Кардиология ғылыми-зерттеу институты республикадағы кардиология саласындағы жетекші ғылыми және ұйымдастырушылық-әдістемелік орталыққа айналған.
Академик Рысмендиев Қазақстанда кардиологияның ғылыми мектебін қалыптастырды. Оның бастамасымен кардиология бойынша докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңес, клиникалық аспирантура, докторантура және ординатура құрылды. Бұл білім беру жүйесінде ондаған ғылым докторлары мен жүздеген медицина ғылымдарының кандидаттары даярланды. Олардың көпшілігі кейіннен ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, кафедра меңгерушілері және Қазақстанның жетекші ғалымдары атанды.
Армен Жақсыбекұлы Профилактикалық медицина академиясының, ҚР Медицина ғылымдары академиясының, Нью-Йорк ғылым академиясының академигі, FACC, Америкалық жүрек қауымдастығының клиникалық кардиология жөніндегі консулы, сондай-ақ «Жылдың халықаралық адамы» (Кембридж, Англия, 1998 жыл) атағының иегері және басқа да көптеген халықаралық кәсіби марапаттар мен атақтарға ие болған.
– Армен Жақсыбекұлы, биыл маусым айында отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесіңіз үшін «Парасат» орденімен марапатталдыңыз. Сіз отандық кардиологияның қалыптасуының бастауында тұрдыңыз. Сондықтан бұл марапат сізге әбден лайық.
– Еңбегімнің еленіп, осындай жоғары бағалануы – үлкен мәртебе. Өзім еңбек еткен туған институтымда әлі де қызмет етіп, өмірлік және практикалық тәжірибемді жастармен бөлісіп келемін.
Еліміздің үздік кардиохирургтерінің бірі Рүстем Мұхтарұлы Төлеутаев бастаған институттың қазіргі басшылығына мені мемлекеттік наградаға ұсынғаны үшін алғысымды білдіремін. Әріптестердің кәсіби еңбегін жасына қарамастан бағалап, қолдау көрсетуі – әр адам үшін аса құнды.
Біз жарты ғасырлық белесті бағындырдық. Бұл – қиындыққа толы, соқпақты да күрделі, сонымен бірге нәтижелі әрі берекелі жол болды. Осы жылдар ішінде елімізде кардиологиялық қызмет қалыптасты. 2007 жылы ҚР Үкіметінің кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту жөніндегі қаулысы қабылданғаннан кейін кардиологиялық көмек көрсетудің толыққанды кластері қалыптасты. Ол жүрек-қантамыр ауруларының профилактикасынан бастап, медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) деңгейіндегі кардиологиялық көмекті, мамандандырылған стационарлық көмекті, республикадағы ірі қалалар мен облыстардағы жүрек пен қан тамырларына жасалатын хирургиялық операцияларды және жүрек трансплантациясына дейінгі медициналық көмектің барлық деңгейлерін қамтиды.
Бұл – мыңдаған адамның өмірін сақтап қалу, науқастарды толыққанды өмірге қайтару және адамдарға сыйланған сансыз жылдар.
– Барлығы неден басталды?
– ХХ ғасырдың 2-ші жартысынан бастап әлемнің экономикалық және индустриялық тұрғыдан дамыған елдерінде, соның ішінде КСРО мен Қазақстанда да қан айналымы жүйесі ауруларымен (ҚЖА) сырқаттанушылық, мүгедектік және өлім-жітім көрсеткіштері тұрақты түрде өсе бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректеріне сәйкес, жыл сайын Еуропа елдерінде шамамен 3 млн., ал АҚШ-та 1 миллионға жуық адам жүрек-қантамыр ауруларынан қайтыс болған. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім індет сипатына ие болды.
1976 жылы тарихи оқиға орын алды: терапия саласының құрамынан кардиология бөлініп, дербес медициналық сала ретінде қалыптасты.
Бұл ауқымды әрі тарихи маңызы зор бастаманың авторы сол кезде 1975 жылы жүрек-қантамыр ауруларымен күрес жөніндегі ғылыми және әдістемелік орталық, сондай-ақ қан айналымы ағзаларының негізгі ауруларының пайда болу және даму себептері мен механизмдерін іргелі зерттеу орталығы ретінде құрылған КСРО Медицина ғылымдары академиясының Бүкілодақтық кардиология ғылыми орталығын (БКҒО) басқарған академик Евгений Чазов болды.
БКҒО жетекшілігімен жүрек-қантамыр ауруларын анықтау, диагностикалау, алдын алу және емдеу әдістері әзірленіп, жетілдірілді, сондай-ақ кардиологиялық қызмет қалыптастырыла бастады.
Академик Чазов кардиология саласын одан әрі дамыту мақсатында БКҒО одақтас республикаларда филиалдарын – кардиология институттарын құру туралы бастама көтерді.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1977 жылғы қарашадағы қаулысымен дербес Қазақ ғылыми-зерттеу кардиология институты құрылды. Институтқа ғылыми бағдарламаларды орындаумен қатар, Қазақ КСР кардиологиялық қызметті қалыптастыру және жетілдіру бойынша ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстарды жүргізу міндеті жүктелді.
Институт директоры болып Алматы мемлекеттік медицина институтының госпитальдық терапия кафедрасының меңгерушісі, доцент А.С. Исмагулов тағайындалды. Ал 1979 жылы институт директоры қызметіне доцент Габдулла Құлқыбаев тағайындалды. Институттың 120 төсектік клиникасы Жедел медициналық жәрдем ауруханасының (ЖМЖА) базасында орналастырылды.
Мен институт директоры қызметін 1981 жылдан 2001 жылға дейін 20 жыл атқардым. Сонымен қатар Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас кардиологы қызметін қатар атқардым.
1984 жылы институт басшылығы КСРО Денсаулық сақтау министрлігіне институт базасында 30 дәрігерлік және орта буын медицина қызметкері штатынан тұратын кардиологиялық диспансер ашу қажеттілігі туралы негізделген ұсыныс енгізді. Бұл ұсыныс КСРО Денсаулық сақтау министрінің орынбасарымен бекітілді.
Ғылыми-зерттеу институтында жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелері практикалық денсаулық сақтау саласына енгізілді, конференцияларда, съездерде және конгрестерде баяндалды, жарық көрген ғылыми еңбектер жинақтары мен әдістемелік ұсынымдарда жарияланды. Зерттеу нәтижелері дәрігерлерге, медициналық институттардың жоғары курс студенттеріне арналған дәрістерде, сондай-ақ кандидаттық және докторлық диссертацияларда пайдаланылды.
– Жоғарыда атап өткеніңіздей, институтқа Қазақ КСР кардиологиялық қызметті қалыптастыру және жетілдіру бойынша ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстарды жүргізу міндеті жүктелді. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Институт қызметкерлері өңірлерге ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетті. Қарағанды, Талдықорған, Қостанай, Шымкент қалаларында кардиологиялық диспансерлер ұйымдастырылды. «Бурабай» және «Щучинск» (Көкшетау облысы), «Нива» (Батыс Қазақстан облысы), «Сосновый бор» (Қостанай облысы) шипажайларында жедел миокард инфарктісін өткерген науқастарды оңалтудың шипажайлық кезеңі жолға қойылды.
– Бүгінгі күнгі сияқты институт қызметі денсаулық сақтау жүйесінің үштұғырлығы: ғылым, білім және клиника қағидаты шеңберінде жүзеге асырылды. ҒЗИ ғылыми қызметі туралы айтып берсеңіз.
– Институт құрылған алғашқы жылдары ғылыми кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлінді. Бүкілодақтық кардиология ғылыми орталығының (БКҒО) Ғылыми кеңесінің шешімімен институт дәрігерлері мен ғылыми қызметкерлері клиникалық ординатура мен аспирантурада білім алуға жіберілді.
Жыл сайын Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен 10–12 клиникалық ординатор институтымыздың клиникасы базасында білім алды. Кардиология мәселелері бойынша бастапқыда ақпараттық курстар, кейіннен дәрігерлердің біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылды. Дәрігерлерді, функционалдық диагностика дәрігерлерін және зертханашы дәрігерлерді жұмыс орындарында оқыту тәжірибесі де қолданылды.
Институттың Ғылыми кеңесінің шешімімен ғылыми материалдар жинақтау, сондай-ақ кандидаттық және докторлық диссертацияларды аяқтау мақсатында жас ғалымдар Бүкілодақтық кардиология ғылыми орталығына (БКҒО), КСРО Медицина ғылымдары академиясының Жалпы патология және патологиялық физиология ғылыми-зерттеу институтына, сондай-ақ Мәскеу, Харьков, Ленинград қалаларындағы басқа да ғылыми орталықтар мен медициналық институттарға жіберіліп отырды.
Осының нәтижесінде жоғары білікті ғылыми кадрлардың әлеуеті қалыптасты. Бұл 1993 жылы «кардиология» мамандығы бойынша медицина ғылымдарының кандидаты және докторы ғылыми дәрежелерін алу үшін диссертацияларды қорғау жөніндегі өз Диссертациялық кеңесімізді құруға мүмкіндік берді. Аталған кеңесте ондаған диссертация қорғалды.
– Сіздер республикадағы кардиология саласындағы жетекші ұйымдастырушылық-әдістемелік орталық болдыңыздар. Еліміздің барлық өңірін кардиологиялық көмекпен қамтуға мүмкіндік болды ма?
– Қазақстанның Солтүстік және Орталық өңірлеріндегі жүрек-қантамыр ауруларымен күресті оңтайландыру және халыққа көрсетілетін кардиологиялық көмекті одан әрі жетілдіру мақсатында 1998 жылғы қыркүйекте Астана қаласында Кардиология ғылыми-зерттеу институтының филиалы ұйымдастырылды.
Жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылыстарын диагностикалау және емдеу мәселесінің маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Кардиология ғылыми-зерттеу институтының жанынан Республикалық аритмология орталығы құрылды. Жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің күрделі бұзылыстарын хирургиялық жолмен емдеу үшін тәжірибелі мамандар шақырылды. Орталыққа еліміздің барлық өңірлерінен науқастар емделуге келіп отырды.
– Кез келген медициналық ұйымның дамуында материалдық-техникалық базаны нығайту маңызды рөл атқарады. Сол жылдары материалдық-техникалық база қалай нығайтылды, клиникалық база қалай құрылды?
– Материалдық-техникалық базаны нығайту әрдайым медицина ғылымы мен практикалық денсаулық сақтауды дамытуда шешуші рөл атқарды. Институт құрылған алғашқы күндерден бастап оның басшылығының басты міндеттерінің бірі заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және бөлімшелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету болды.
Алғашқы жылдары институт Бүкілодақтық кардиология ғылыми орталығының (БКҒО) филиалы болғандықтан, медициналық жабдықтарды орталықтандырылған тәртіппен алып отырды. Соның арқасында эхокардиографтар, мингографтар, велоэргометрлер, заманауи зертханалық жабдықтар және толыққанды ғылыми зерттеулер жүргізуге қажетті басқа да құрал-жабдықтар алынды. Институтқа миокард инфарктісінің жедел кезеңіндегі науқастарды емдеуге жеткілікті мөлшерде стрептокиназа да берілді. КСРО Медицина ғылымдары академиясының Бүкілодақтық кардиология ғылыми орталығында әзірленген бұл жоғары тиімді дәрілік затты біз көптеген жылдар бойы пайдаланып, жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік алдық.
Алайда жеке клиникалық базаның болмауы институттың одан әрі дамуын, жаңа ғылыми міндеттерді шешуді және жоғары білікті мамандар даярлауды айтарлықтай қиындатты. Сондықтан Республикалық кардиология орталығын құру маңызды стратегиялық міндеттердің біріне айналды.
Алматы қаласында Республикалық кардиология орталығының жобасын әзірлеу жұмыстары 1981 жылы аяқталды. Ауқымы жағынан бұл республика үшін бірегей жоба болды. Жоба бойынша 240 төсектік клиникалық корпус, 12 төсектік реанимация бөлімі, ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана, ғылыми-зертханалық корпус, басқа қалалардан келген пациенттер мен оларды алып жүрушілерге арналған 30 орындық пансионат, сондай-ақ кір жуатын орын, шеберханалар мен гараждарды қамтитын шаруашылық блогын салу көзделді.
Алайда 1983 жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың шектеулі болуына байланысты Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті Республикалық кардиология орталығының құрылысын белгісіз мерзімге кейінге қалдырды. Республика үшін аса маңызды бұл жобаның қағаз жүзінде ғана қалып қою қаупі туындады.
Біздің өтінішіміз бойынша Бүкілодақтық кардиология ғылыми орталығының бас директоры, академик Е.И. Чазов республика және үкімет басшылығына бірнеше рет жүгініп, Алматыда кардиология орталығын салудың айрықша қажеттілігін атап көрсетті. Оның қолдауы жобаның кейінгі тағдырында маңызды рөл атқарды.
1983 жылғы қарашада Евгений Иванович Чазовтың Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Б.А. Әшімовпен кезекті телефон арқылы сөйлесуінен кейін мені Б.А. Әшімов жеке қабылдады. Кездесу барысында мен Республикалық кардиология орталығының кешенді жобасы дайын екенін айтып, құрылыс жүргізуге арналған жер учаскесін бөлу туралы рұқсат құжатын көрсеттім.
1984 жылға арналған республикалық бюджет сол кезде бекітіліп қойғандықтан, қаржыландырудың қосымша көздерін іздеуге тура келді. Нәтижесінде Коммунистік сенбілік қаражаты есебінен құрылыс жұмыстарын қаржыландыруды 12 млн рубль көлемінде ашу жөніндегі негіздеме оң шешімін тапты. Бұл сома болашақ орталық құрылысының сметалық құнын толық өтейтін. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарын 1984 жылдың IV тоқсанында бастау туралы шешім қабылданды.
Құрылыс белгіленген мерзімде басталып, бекітілген кестеге сәйкес жүргізілді. Көлемді жер жұмыстары атқарылып, құрылыс материалдары үздіксіз жеткізіліп отырды. Кей кездері жұмыс қолының тапшылығы сезілді. Мұндай жағдайда кезектен тыс сенбіліктер ұйымдастырылатын. Құрылыс алаңына институттың барлық дерлік қызметкерлері – ғылыми қызметкерлер, дәрігерлер, зертханашылар және басқа да қызмет өкілдері шықты. Институт ардагерлері әлі күнге дейін күрек ұстап, құрылыс алаңында еңбек еткендерін еске алады. Бұл шын мәнінде бүкіл ұжымды ортақ мақсатқа біріктірген аса маңызды құрылыс болды.
Құрылыстың бірінші кезеңі – клиникалық корпус 1989 жылы пайдалануға берілді. Институт сол кезеңдегі ең озық жабдықтармен жарақтандырылған заманауи клиникалық базаға ие болды. 240 кардиологиялық төсек орналастырылып, 12 төсектік реанимация бөлімшесі ұйымдастырылды, ғылыми бөлімшелер орналастырылды.
Клиникалық корпустың өзі ерекше мақтаныш сезімін тудырды. Бұл – қызғылт Маңғыстау ұлутастарымен қапталған заманауи сәулеттік ғимарат еді. Кең мәрмәр холл, үлкен баспалдақтар, ойластырылған ішкі жоспарлау ғимаратқа салмақтылық пен сенімділік берді. Пациенттерге жайлы жағдай жасау мақсатында палаталар теледидарлармен және ағаш кереуеттермен жабдықталды, ал дәліздерге кілем төселді. Ғимарат ұзақ жылдарға арналып салынды және республиканың жетекші кардиологиялық орталығы мәртебесіне толық сәйкес келді.
Жеке клиникалық базаның пайда болуы институт алдында ғылыми зерттеулер жүргізудің, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің және мамандар даярлаудың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Республикадағы кардиологиялық желінің дамуы, ғылыми әзірлемелерді практикалық денсаулық сақтау саласына енгізу, тәжірибелі кардиологтар мен терапевтердің жұмысы, медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінен бастап пациенттерді диспансерлік бақылауды жетілдіру нақты нәтижелер берді.
1987 жылдан бастап жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітім тұрақтанып, біртіндеп төмендей бастады. Жедел миокард инфарктісінен болатын ауруханаішілік өлім-жітім 1983 жылғы 22,7%-дан 1999 жылы 17,5%-ға дейін төмендеді. Сырқаттанушылық көрсеткіштері өсе берген жағдайда өлім-жітім көрсеткіштерінің тұрақтануы және төмендеу үрдісінің қалыптасуы жүрек-қантамыр ауруларымен күрестің кешенді жүйесінің тиімді ұйымдастырылғанын көрсетті.
2001 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында жүрек-қантамыр ауруларымен күрес денсаулық сақтау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде танылды.
Сонымен қатар Кеңес Одағының ыдырауы, одан кейінгі экономикалық дағдарыс, қаржы қаражатының тапшылығы және соған байланысты жүргізілген оңтайландыру кардиологиялық қызметтің жұмысына кері әсерін тигізді. Мамандандырылған медициналық желінің қысқаруы және білікті кадрлардың кетуі жүрек-қантамыр ауруларымен сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткіштерінің өсуіне алып келді.
Осы аса маңызды мәселені шешу Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Қазақстан Республикасында 2007–2009 жылдарға арналған «Кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметті одан әрі дамыту жөніндегі шаралар туралы» салалық бағдарламаны әзірлеуге белсенді қатысуының арқасында мүмкін болды. Бағдарламаны іске асыру салыстырмалы түрде қысқа мерзімде еліміздің барлық дерлік ірі қалалары мен облыс орталықтарында кардиохирургиялық бөлімшелер ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Өткен ондаған жылдар ішінде көп нәрсе өзгерді: ел қайта құру кезеңін, тәуелсіздікке қол жеткізуді, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді бастан өткерді. Сонымен бірге институт ұжымының ғылымды дамытуға, медициналық көмекті жетілдіруге және мамандар даярлауға деген ұмтылысы өзгерген жоқ.
Институттың бұрынғы және қазіргі басшылығының, кадрларды кәсіби даярлауға және заманауи технологияларды енгізуге айрықша көңіл бөліп келе жатқан басшылық құрамның еңбегін атап өткен жөн. Бүгінде жүрек тамырларын зерттеудің жоғары технологиялық әдістері және аса күрделі кардиохирургиялық операциялар сәтті жүргізілуде. 2015 жылдан бастап жүректің ишемиялық ауруы кезінде аортокоронарлық және маммарокоронарлық шунттау, сондай-ақ жүректің туа біткен және жүре пайда болған ақауларын хирургиялық емдеу сияқты операция түрлері енгізілді.
Осы жетістіктердің барлығы институттың қалыптасуының алғашқы жылдарында қаланған және жеке клиникалық базаның құрылуымен одан әрі қуатты дамыған берік негіздің арқасында мүмкін болды. Дәл сол кезеңде отандық кардиология мен кардиохирургияны одан әрі дамытуға қажетті жағдайлар қалыптасты. Оның нәтижелері бүгінгі күнге дейін Қазақстанның мыңдаған азаматының денсаулығы мен өмірін сақтауға қызмет етіп келеді.
– Сіз Қазақстан кардиологтары қауымдастығының Құрметті президентісіз. Сол кезеңде қоғамдық ұйымдарға қандай рөл берілді?
– Кардиология институты құрылған кезеңнен бастап қоғамдық ұйымдар белсенді жұмыс істеді. Алғашында бұл – Республикалық кардиологиялық қоғам болса, кейін Қазақстан кардиологтары қауымдастығы құрылды. Ғылыми қауымдастықтар өзара ынтымақтастықты нығайтып, ТМД елдері кардиологтары қауымдастығы, Орталық Азия кардиологтары қауымдастығы, түркітілдес халықтар кардиологтары қауымдастығы ұйымдастырылды.
Әр төрт жыл сайын республикалық қауымдастықтардың президенттері бекітіліп, конгресс өткізу кезегі өңірлер арасында ауысып отырды. Бірлескен кардиологтар конгрестері Мәскеу, Алматы, Бішкек және Анталия қалаларында өткізілді. 1998 жылдан 2001 жылға дейін ТМД елдері кардиологтары қауымдастығын мен басқардым.
Өткізілген ғылыми форумдардың маңызы өте зор болды. Онда ғылыми нәтижелер, ғылыми әзірлемелердің қорытындылары, жүрек-қантамыр ауруларын диагностикалау және емдеу мәселелері, кардиологиялық қызметті ұйымдастыру және жетілдіру тәжірибесі талқыланды.
Түркітілдес халықтар кардиологтарының II конгресінде жүректің ишемиялық ауруының генетикалық аспектілерін зерттеу бағытындағы ғылыми жұмысты әзірлегені үшін институтымыздың қызметкерлері және мен Бас жүлдеге ие болдық.
2001 жылы институт Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. Республикадағы жетекші мамандандырылған ұйым ретінде ол денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде кардиологиялық қызметпен қатар, республикадағы терапиялық қызметке де әдістемелік басшылық жасады.
Институт терапиялық қызметтің: эндокринология, ревматология, аллергология, гастроэнтерология, гематология, пульмонология және нефрология бағыттарының жұмысын үйлестіреді.
Институт қызметінің маңызды әрі өзекті бағыттарының бірі – «Денсаулық» мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағдарламасының 2016–2019 жылдарға арналған іс-шаралары шеңберінде негізгі созылмалы инфекциялық емес ауруларға эпидемиологиялық мониторинг жүргізу бойынша ғылыми зерттеулер болды. Бағдарламада қойылған міндеттерді институт ұжымы табысты орындады.
Институттың жетекші ғалымдары, медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары ДДҰ, Еуропалық кардиологтар қоғамының халықаралық жобаларына және көпорталықты клиникалық зерттеулерге (EUROSPІRE, PURE, INVISTUS, STEPS және т.б.) белсенді қатысты.
Институт басшылығының басым бағыттарының бірі – Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік және қосымша білім беру орталығы арқылы кадрлар даярлау болды. Оның құрамына функционалдық диагностика курсымен бірге кардиология кафедрасы, эндокринология курсымен бірге терапия кафедрасы, эндоскопия курсымен бірге гастроэнтерология және гепатология кафедрасы кірді.
Бүгінде резидентурада оқыту, медициналық кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүзеге асырылады.
Институт жұмысының маңызды бағыттарының бірі – республикадағы кардиологиялық және терапиялық қызметтердің, оның ішінде реабилитология саласының қызметін үйлестіру. Осы мақсатта арнайы құрылған үйлестіру орталықтары тиісті бағыттар бойынша медициналық ұйымдардың жұмысын үйлестірді.
– Сіз осы күнге дейін институт өмірінде болып жатқан барлық өзгерістердің куәсі болып келесіз. Осы өзгерістер туралы айтып берсеңіз.
2015 жылы институтта кардиохирургия бөлімі ашылып, жасанды қанайналым жағдайында операция жасауға мүмкіндік беретін екі операциялық блок пайдалануға берілді.
Бүгінде ашық жүрекке аса күрделі кардиохирургиялық операциялар жасалады: қолқакоронарлық шунттау, жүрек пен қан тамырларына реконструкциялық операциялар, жүрек қақпақшаларын жасанды және биологиялық қақпақшалармен протездеу, окклюдерлік технологияны қолдана отырып, интервенциялық әдіспен жүректің туа біткен ақауларын хирургиялық емдеу. Туа біткен ақауларды емдеуде торакоскопиялық хирургия әдісі енгізілді.
Жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің күрделі бұзылыстарын диагностикалау, терапиялық және хирургиялық емдеу, соның ішінде патологиялық ошақтарды абляциялау жүргізіледі.
2022 жылы КІА ҒЗИ Алматы қаласында алғаш рет жүректің жасанды сол жақ қарыншасы имплантацияланды, ал 2023 жылы алғашқы донорлық жүрек трансплантациясы жасалды. Бүгінде жүрек трансплантациясы бойынша 7 операция сәтті орындалды. Қазіргі таңда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты – заманауи диагностикалық және емдеу технологияларын қолдана отырып, жоғары мамандандырылған кардиологиялық, кардиохирургиялық және терапиялық медициналық көмек көрсететін, тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, жақын және алыс шетелдерден келген пациенттерге де қызмет көрсететін көпбейінді медициналық ұйым. Сонымен қатар институт жоғары білікті кадрларды даярлау және қайта даярлау бойынша көпфункционалды білім беру орталығы болып табылады.
Кардиология ғылыми-зерттеу институтының (2001 жылдан бастап – Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты) қызметкерлері Мәскеу, Санкт-Петербург, Харьков, Бішкек, Ташкент, Новосібір қалаларындағы диссертациялық кеңестерде медицина ғылымдарының кандидаты мен докторы ғылыми дәрежелерін алу үшін ондаған диссертация қорғады. Ал институтымызда кардиология, эндокринология және ревматология бағыттары бойынша диссертациялық кеңес құрылғаннан кейін бұл жұмыстар өз базамызда да жүргізілді. PhD докторлары даярланды.
Бүгінде институт халықаралық JCI аккредиттеуінен өткен. 2027 жылы кезекті, үшінші қайта аккредиттеуден өту жоспарланып отыр. Бұл заманауи клиниканы басқарудың ең жоғары кәсіби стандарттарының енгізілгенін көрсетеді.
Институтта аккредиттелген 9 резидентуралық білім беру бағдарламасы бар. Осы бағдарламалар бойынша институт пен еліміздің барлық медициналық ұйымдары үшін жоғары кәсіби деңгейдегі клиницистер даярланады.
Институт дәрілік препараттардың, оның ішінде халықаралық көпорталықты клиникалық зерттеулердің, биомедициналық және тіркеулік зерттеулердің клиникалық сынақтарын өткізу бойынша мойындалған орталық болып табылады. КІА ҒЗИ ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын, сондай-ақ өз қаражаты есебінен жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулерге қатысады.
Институттың алға қойған ауқымды жоспарлары бар. Олар: клиникалық қызметті үздік халықаралық тәжірибелер негізінде ұйымдастыру, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту; сараптамалық деңгейдегі медициналық жабдықтарды пайдалану; институт клиницистерінің, профессорлық-оқытушылық құрамының және ғалымдарының кәсіби дамуын үздіксіз жетілдіру; негізгі нозологиялар бойынша пациенттер тізілімдерін енгізу. Бұл деректердің ашықтығы мен анықтығын қамтамасыз етіп, сырқаттанушылықты болжауға, емдеу тиімділігін және басқарушылық шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді; институт базасында биобанк, шетелдегі жетекші клиникалық орталықпен бірлескен зертханалық қызметті жүзеге асыратын зертхана, соматикалық патологияны морфологиялық диагностикалау бойынша референс-орталық ашу арқылы институттың ғылыми және клиникалық қызметін дамытуға ықпал ету; ғылыми қызметті дамыту және күшейту; медициналық қызметтер экспортын арттыру, инвестициялар тарту және «КІА ҒЗИ» АҚ шетелдегі беделін нығайту мақсатында медициналық туризмді дамыту. Демек, іргелі медициналық мекеме әлі де биіктерден көрінеді.