Биыл елімізде жақсылықпен қатар жан сыздатқан оқиға да аз болған жоқ.
Осы апаттардың кесірінен жүзден аса адам көз жұмды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
2023 жылы елімізде орын алған ірі апаттар
ЖҮРГІЗУШІСІЗ АВТОБУС 5 АДАМНЫҢ АЖАЛЫНА СЕБЕП БОЛДЫ
8 сәуірде Шымкент қаласында автобус жүргізушісі аялдамаға жетпей, автобусты тоқтатқан. Содан кейін автобустың қол тежегішін тартып қоймай, одан түсіп, сол жердегі дәмхананың дәретханасына кіріп кеткен. Иесіз қалған автобус өздігінен қозғалып, Байтереков пен Назарбеков көшесінің қиылысындағы қарсы бағыттағы бағдаршамның алдында тұрған 6 жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Апат салдарынан 5 адам қаза тапты. Автобус жүргізушісі өз кінәсін толық мойындады. Сот жүргізушіні Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танып, көлік жүргізу құқығынан 7 жылға, бас бостандығынан 5 жылға айырды.
«СЕМЕЙ ОРМАНЫНДАҒЫ» ӨРТ
8 маусымда «Семей орманы» аумағында алапат өрт болып, кесірінен 14 адам көз жұмды. Өрт аумағы 60 мың гектарды шарпыды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Абай өңірінде болған ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, орнына жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында болып, қаза тапқандардың отбасыларымен кездесті. Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Семей орманы» аумағындағы қайғылы оқиғаға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.
ТҮРКІСТАНДА ТІРІДЕЙ ӨРТЕНГЕН 9 АДАМ
Шілдеде Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы Екпінді мен Шаян ауылдарының арасындағы жолда болған жантүршігерлік жол апатынан 10 адам қаза тапты. Бәйдібек ауданында жоғары жылдамдықпен келе жатқан үш көлік соқтығысып, 9 адам тірідей өртеніп кеткен. Тағы бір ауыр жарақат алған науқас ота кезінде көз жұмды.14 адам ауыр жарақат алды. Ірі жол апаты таңғы сағат 09:00-де болған. Қос көлік қана сиятын тар жолда Nissan жеңіл көлігі қарсы бағытқа шығып, Созақ ауданынан келе жатқан жолаушылар толы шағын автобуспен бетпе-бет соғылған.
«ҚАЗАҚСТАН» ШАХТАСЫНДАҒЫ АПАТ
17 тамыз күні сағат 10:05-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тау-кен өндіру дирекциясының «Казахстанская» шахтасында D6 көмір баурайында конвейер лентасы өртенді. «ПВАСС» РТСШ үш бөлімшесі (15 қызметкер және 5 техника) және Төтенше жағдайлар департаментінің 8 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды. Бұл кезде шахтадағы 227 адамның 222-сі эвакуацияланып, 5-і қайтыс болды.
АЯГӨЗДЕГІ 4 БАЛАНЫҢ ӨЛІМІ
Қазан айында Абай облысы Аягөз қаласында жеке үйлердің бірінен өрт шығып, құтқарушылар төрт баланың денесін тапты. Балалардың әкесі жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істейді. Анасы үй шаруасында екен. Сол күні сүт сатып, дүкеннен азық-түлік алмақшы болу үшін үйінен шыққан. Осы кезде үйден өрт шығып, 4 баланың өмірін жалмады. Балалардың жасы 8, 6, 4, 2-де болған.
«КОСТЕНКО» ШАХТАСЫНДАҒЫ ӨРТ
28 қазанда «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы көмір шахталарында жойқын жарылыс болып, салдарынан 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алған еді. Осы оқиғадан кейін Қазақстан билігі «Арселор МитталТеміртау» компаниясын шетелдік инвестордан сатып алып, қазақстандық инвесторға тапсырды. Бұл келісімді Қазақстан Үкіметіне 286 миллион долларға жасады. Компанияның жаңа атауы «Qarmet» деп аталды.
АЛМАТЫ ХОСТЕЛІНДЕГІ ӨРТ
30 қарашада Алматыда хостелдердің бірінде өрт болып, оқиға орнынан 13 адамның денесі табылды. Қаза тапқандардың тоғызы қазақстандық, қалғаны шетелдіктер. Мемлекет басшысы қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Алматы әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және қаза тапқандардың денесін тасымалдауға көмектесті. Өртке оранған хостелдің ашылғанына бір жарым ай болған. Ол банктердің біріне тиесілі болған. Банк оны кепіл-мүлік ретінде жалға берген. Жалпы хостелде 72 адам тұрып жатқан. 59 адам сыртқа шығып үлгерген. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
МҰҒАЛІМ МЕН ОҚУШЫЛАР ҚАЗА ТАПТЫ
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында таксиге мінген 5 оқушы мен 1 мұғалім жол апатына ұшырады. Toyota Alphard машинасы жүк көлігіне соғылған. Құрылыс елді мекенінің маңында оқушылар отырған көлік қарсы бетке шығып, жүк көлігімен соқтығысты. Салдарынан 15 және 16 жастағы екі оқушы мен 25 жастағы мектеп директорының орынбасары сол жерде жан тапсырды. Олар аудан орталығына пәндік олимпиадаға қатысуға бара жатқан. Жарақат алған 2007 және 2008 жылы туған қыздар мен 2008 жылы туған ер бала Ырғыз ауылына жеткізілді. Олар ауыр соққы алған.
АВТОБУС 3 АДАМДЫ БАСЫП КЕТТІ
22 желтоқсан күні Алматыда тағы бір шулы оқиға болды. Кешкі уақытта 47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жанжал шығарып, рулдегі жүргізуші әйелді ұрып, талдырған. Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдама маңында тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды. Олар ауруханаға жеткізілді.Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған жігіт қамауға алынды. Автобус жүргізушісі ауруханада жатыр.