Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзіне жасалған қастандық пен одан кейінгі сот процесіне қатысты алғаш рет мәлімдеме жасады,- деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, қазір ол бес оқ жарақатынан кейін ем алып жүр және осы себепті сот отырыстарына жеке қатыса алмай отыр. Дегенмен ол сот процесін және ақпараттық кеңістіктегі жағдайды мұқият бақылап отырғанын айтты.
Берденов сотта айыпталушы Жиенбай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қала алмайтынын айтты.
«Бұл – шантаж бен қысым көрсету әрекеті. Кейінгі рет мен оны дәл сол кеште, өзі аңшы мылтығынан оқ атқан сәтте көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болмады. Кейін ол өз өкілдері арқылы менің қорғаушыларыммен байланыс орнатып, «достасуды» ұсынды. Егер кешірім берілсе, шу көтермейміз, ал бас тартсақ, ақпараттық шабуыл жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме таратуға дайын болғанын жеткізді. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын», – дейді әкімнің орынбасары.
Ол қандай да бір арандатуға жол бермегенін және бастапқы ұстанымының өзгермегенін атап өтті. Оның айтуынша, жанжалдың негізінде кәсіби себептер жатыр.
«Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтықты және міндеттемелердің орындалуын талап еттім», – деді Берденов.
Сонымен қатар, ол сот процесіне қатысы жоқ жеке мәселелерді қозғап, қоғам назарын басқа арнаға бұруды «жалған ақпарат пен манипуляция» деп атады.
«Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын. Бұдан да сорақысы – бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын», – деп нақтылады ол.
Руслан Берденов әкімдікке қала әкімінің шақыруымен келгенін, бұл қызметті ашық әрі адал атқарып жүргенін айтты. Оның айтуынша, ел мен өзгерістерге сенетін жастардың сенімін ақтау – оның басты мақсаты.
«Мен сайлауға барып, елімді жақсартқым келді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Маған қарсы айтылған жала мен жапқан жалған айыптар мені жолымнан тайдырмайды. Мен әділетті сотқа сенемін», – деп түйіндеді ол.
Оның айтуынша, қазір денесінде аңшы мылтығынан қалған 60-тан астам қорғасын оқ бар, бұл медициналық құжаттармен расталған. Соттағы үнсіздігіне байланысты жасалып жатқан түрлі пайымдарға да жауап берді:
«Үнсіздік – келісім емес. Мен әділеттің салтанат құруын күтіп отырмын», – деді Берденов.
Айта кетейік, бүгін Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот отырысы басталды. Сотталушы Ернар Жиенбайдың айтуынша, әрекетіне қызметтегі кикілжің емес, жеке қызғаныш себеп болған.
6 тамызда басталған сот отырысы сотталушыдан жауап алудан басталды. Жиенбай бұл істің қызметтік мәселелерге қатысы жоқ екенін, бәрі қызғаныштан туғанын айтты.
Бұған дейін, 28 шілдеде Шымкенттің мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында алдын ала тыңдау өткен болатын. Ол кезде де Руслан Берденов сотқа қатыспаған.
Істі прокурор Бауыржан Қараманов жүргізіп жатыр. Оның мәліметінше, 2025 жылғы 21 сәуірде Ернар Жиенбай қала құрылыс басқармасындағы нысандарды бақылау бөлімінің бастығынан "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС басшысы қызметінен кету туралы Берденовтің нұсқауы барын естіген.
Сот Ернар Жиенбайды ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіруге оқталу") бойынша айыптап отыр. Кейбір деректерге қарағанда, ол бұған дейін "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС мекемесін басқарған. Сот Жиенбайдың бет-жүзін түсіруге қарсы екенін ескеріп, түсірілімге шектеу қойды.