ҚР медициналық авиация қызметі күн сайын ел бойынша 3-тен 15-ке дейін рейс жасайды
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Жедел медицина ұлттық үйлестіру орталығының» басқарма төрағасы Арман Баянбаев Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде жедел авиациялық көмек, дәлірек айтқанда, медициналық авиация, жағдайы ауыр науқастарды эвакуациялау және ұшу географиясы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.
Атап өтейік, медициналық авиация – бұл әуе көлігін тарту арқылы халыққа шұғыл түрде жедел медициналық көмек көрсету. Республикалық деңгейде аталған көмек ел тұрғындарына 2011 жылдың сәуірінен бастап көрсетіле бастады. Жыл сайын бұл қызметке еліміздің үш мыңнан астам азаматы зәру.
Арман Баянбаев ҚР азаматтарына медициналық авиация түрінде шұғыл медициналық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асырылатынын атап өтті.
Біздің елімізде медициналық авиация жұмысы келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:
- Бұл науқастар тасымалдауға жарамсыз, ауыр халде болса, аймақтық дәрігерлердің қажетті техникасы немесе біліктілігі болмаса, мамандардың консультация жүргізу немесе операция жасау үшін оқиға орнына ұшып келуі.
- Мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін науқастарды өңірлерден облысқа, облыстан республикалық орталыққа тасымалдау, онда оларға жоғары технологиялық көмек көрсетіледі.
- Донорлық органдар мен биометариалды тасымалдау.
- Қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтер.
«Бүгінде медициналық авиация республика бойынша орта есеппен тәулігіне 3-тен 15-ке дейін рейс жасайды. Рейстердің ең көп үлесі жарақаттану, оның ішінде жол-көлік оқиғалары салдарынан болған, сондай-ақ балалар арасындағы патология жағдайларында, қан айналымы жүйесі аурулары, жаңа туған нәрестелердің патологиясы, акушерлік және гинекологиялық, хирургиялық, терапевтік патологиялар және басқа да аурулар кезінде медициналық көмек көрсету мақсатында жүзеге асырылады, - деді ӨКҚ спикері.
Ел аумағының үлкендігін ескере отырып, орталық жұмыс істеген жылдар ішінде жедел медициналық мамандандырылған көмек көрсетудің арқасында, соның ішінде, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету, мамандарды жету қиын аймақтарға жеткізу, науқастарды, сондай-ақ кейіннен трансплантациялау үшін донорлық органдарды тасымалдау көмегімен мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды. Халыққа жедел медициналық көмек көрсету қажеттілігі жыл сайын артып келеді.
Қазіргі уақытта медициналық авиацияның 33 әуе кемесі бар – 20 ұшақ және 13 тікұшақ пайдаланылады. Барлық пайдаланылатын әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация комитетінің сертификаты бар.
Осы қызметтің негізі қаланғаннан бері (2011 жылдан бастап) 2022 жылдың қазан айына дейінгі барлық қызмет кезеңінде медициналық авиация саласында орындалған ұшулар саны 22 665 рейсті құрады.
Донорлық ағзаларды алу және тасымалдау үшін 78 рейс жасалды. Шетелде ауыр халде жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастарды еліміздің емханаларына жеткізу мақсатында әлемнің 25 еліне 107 шетелдік рейс жасалды.