Әбиірбек Тінәлі жастарға «Желтоқсан желі» әнінің шығу тарихын әңгімелеп берді

Әбиірбек Тінәлі жастарға «Желтоқсан желі» әнінің шығу тарихын әңгімелеп берді сурет: автордан

Бізге Тәуелсіздікті сыйлаған – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Ұлт рухының асқақ символына айналған сол бір саяси қозғалыс тарих парағынан да, ұрпақ жадынан да өшпеуге тиіс. Алматының А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кітапханасында өткен желтоқсаншылармен кездесу жастарға осыны жеткізгісі келді.
 
Әдеби-танымдық кешке біздің шаһарға Тараз шаһарынан әнші, сазгер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі «Желтоқсан желі» әнінің авторы Әбиірбек Тінәлі арнайы келді. Ол жастарға әннің шығу тарихын әсерлі баяндап, бұл туындыны эфирге ең алғаш «Азаттық» радиосы таратқанын ерекше атап өтті. Әрине, кеште әнін орындап берді. Осыдан 39 жыл бұрынғы әнді дәл бүгін туғандай, дауысына діріл араласып әсерлі де мұңды орындаған сазгерге және жақсы әнге көрермен ризашылықпен қол соқты. Жары Майра Асанова екеуі орындаған «Анамның тілі» әні де танымдық кештің мән-мазмұнын байыта түсті. Тіпті, жастар орнынан тұрып ұзақ қол соқты. Ел билігіне қазақ ұлтының перзенті болсын деген тілекпен бірге, туған тіліміздің де төрге шығуын талап еткен Желтоқсан оқиғасын көрмеген кейінгі ұрпақтың да жүрегін қозғады бұл әндер. Шығармалардың өміршеңдігі де осы болса керек.

"Алтындарым, балаларым! Шона Смаханұлы деген аталарың болған, осы Алматыны жаяу аралап жүріп 25 қазақ мектебін ашқан. «Анамның тілі» деген әнімнің сөзін сол кісі жазған. Әнді тыңдап отырып сендердің де әсерленгендеріңді көріп жүрегім толқып кетті. Біздің ізімізді жалғайтын ұрпақ бар екен деп қуанып отырмын. Бар болыңдар! Ел де, жер де, тіл де өздеріңе аманат!" – деді Әбиірбек Тінәлі.

Сондай-ақ, кездесуде Желтоқсан қаһармандары – Нұрлыбек Ахметов және Перуза Асылбек, Роза Ахметова, Ләззат Жалбырова сынды намысты қыздарымыз да сөз сөйледі. Сол бір ызғарлы Желтоқсан оқиғасының, солақай саясаттың шынайы куәгерлері бір сәт өткенге оралып, естеліктер айтты.
 
Әбиірбек ТІНӘЛІ,
әнші, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

"Жамбыл облыстық драма театрында актер едім. Таңертең жұмысқа келе жатып «Алматыда жастар көтеріліпті» деген сөзді естіп қалдым. Көңілге алаң кірді. Не жағдай екен, газет іздеп табайыншы деп жолдың арғы бетіне өте бергенімде, тоғыз қабатты технологиялық институт жатақханасының ең жоғарғы жағынан қыз-жігіттердің бір-біріне жалғанған ақ сейсеп арқылы төмен түсіп жатқанын байқадым. Жатақхана алдында торуылдап тәртіп сақшылары тұрғандықтан, студенттер осылай артқы жақтан терезеден қашып шығып жатыр екен. Бұл көрініске әлгіндегі Алматыдағы жағдайдың әсері барын бірден сездім. Ішім алай-дүлей. Жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймай барады. Жұмыс орнына жеткенше ыңылдап келем. Жүрегіме әлдебір әуен құйылып жатыр. Театрға кірген бетте газет-журналға жармастым. «Қазақтың жиырма мыңнан астам қыз-жігіті басбұзарлық жасады. Брежнев алаңында машиналарды еш себепсіз өртеуде. Құқық қорғау органдарына бағынбай жатыр. Бәрі ішіп алған, шегіп алған» деген сынды ойға қонымсыз сөздер жазылыпты. Көз алдымнан тоғыз қабатты жатақхананың терезесінен маталарды бір-біріне жалғап түсіп жатқан қыз-жігіттер кетер емес. «Ойпырмай, анау ақ сейсептер қай жылғы дейсіз, жыртылып, үзіліп кетсе мерт болмай ма» дейді алаң көңілім. Сөйтіп Алматы жастарының бас көтеруі, оған жер-жердегі қыз-жігіттердің үн қосуы, өзім куә болған әлгі жанкешті жағдай – бәрі-бәрі жаныма тыныштық бермеді. Сөйтіп 1986 жылғы желтоқсанда алаңға шыққан қазақ жастарының жаппай наразылығы, әділетке ұмтылысы мен рухқа толы намысы әуенге айналды. Содан осы әнге сөз жазу үшін ақын іздедім. Сол күндері Таразға ақын Әбдірахман Асылбеков келгенін естіп, тауып алдым. «Желтоқсан желі» әні осылай өмірге келген. 1986 жылғы желтоқсанда намыс пен арды ту еткен қазақ жастары қалың жұртшылыққа қиянатқа көнбейтінін, ұлт болашағы үшін отқа да, суға да түсуге дайын екенін дәлелдеді. Ол күн – тарих парағында ғана емес, әр қазақтың жүрегінде жазулы" деді автор. 

Әдеби-танымдық кеште Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, ҚР еңбек сіңірген артисі Дариға Тұранқұлованың шәкірттері Желтоқсан оқиғасын баяндайтын сахналық қойылым ұсынды. Болашақ актер қыз-жігіттер сахнада «Қайрат қайда? Ләззат қайда? Ербол қайда?» деп толғанып, «Желтоқсан желі» әнін шырқады. 

Мұз үстінде отырған жігіттерді дубинкасымен тұқыртып тұрған милиционердің «шаш ал десе бас алатын» жауыз бейнесі де сәтті шықты. Бас-аяғы бес-он минуттың ішіне сыйып кеткен Желтоқсан оқиғасын жастар жылап тұрып сахналады. Ал залда көрермен болып отырған желтоқсан қаһармандарының күрсіне көз жасын сүртіп мұңайып қалғаны да көпті толқытты. Риза болған Әбиірбек Тінәлі орнынан тұрып, «қане, қол жайыңдаршы, балаларым!» деп, өнегелі әңгімелерге құлақ түрген, тарихи оқиғаның салмағын сезіне білген Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Алматы технология және флористика колледжінің студенттері мен №15 гимназия оқушыларына батасын берді.


 
Перуза АСЫЛБЕК,
«Желтоқсан – Алматы» қоғамдық бірлестігінің Әуезов ауданы бойынша жетекшісі:

"Осыдан 39 жыл бұрын «арақ ішіп, наша шегіп алып көліктерді өртеген басбұзар жиырма бес мың қазақ жастарының» арасында біз де болған едік. Иә, өкінішке орай бізді осылай қаралаған сол кездегі солақай саясат. Ол жерде ешқандай да бұзақылық болған жоқ, керісінше милиция сол күні кешке таман барлық жақтан жолды жауып, бізді жібермеді. Қайта олардың өзі ілік іздеп, тиісіп, жанымыздағы тұрған екі жігіттің қолын артына қайырып машинаға бүктеп тыға бастады. «Бұларыңыз не?» деп жүгіріп бардым. «Арақ ішіп алған», – деді. «Ешқашан ішімдік ішпейтін жігіттер, біз білеміз оларды, қалайша?!», – деп машинадан бері жұлқи тарта бастадым. Әрине, милиционерлер де өз жұмысына бағынады ғой, дегенмен ішіндегі біреуі «мына жерден тез кетіп қалыңдар, жатақханаларыңа қайтыңдар» деп босатып жіберді. Сонда да көңіліміз тыншымай, Байтұрсынов көшесімен төмен қарай түсіп, Абай даңғылымен көтеріліп, қазіргі Ұлттық кітапхананың ортасынан кесіп өтіп алаңға жеттік. Жоғарғы жақта самаладай жарқырап прожектор тұрды. Дәл астына кеп тұрмыз. Бір кезде қасымыздағы бір жігіт: «Мына прожекторға беттерің түсіп қалмасын, ертеңгі күні осы арқылы қылмыскер болып шығасыңдар!», – деді. Бәріміз де қулық-сұмдығымыз жоқ, уыздай жаспыз, прожектор дегенге мүлдем мән беріп тұрғанымыз жоқ. «Қылмыскері несі?! Біз өз елімізге өзіміздің ұлттың адамы басшы болсын деп келіп тұрмыз ғой. Бары сол ғана» дейді ішкі ойым. Біз тіпті, қоғамдық көлікте, өз елімізде тұрып бір-бірімізбен қазақша сөйлесе алмайтынбыз. Әлгі көреген жігіт дәл айтқан екен, кейін мыңдаған жас қудаландық қой. Оқудан, жұмыстан шығып, өмірі тасталқан болып, денсаулығынан айырылғаны қаншама! Айналайын, жастар! Бұл Тәуелсіздік – ендігі жерде сендерге аманат, қадірін білгейсіңдер!" деді ол. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:01

17:48

17:28

17:12

16:59

16:42

16:29

16:16

16:02

15:45

15:32

15:15

14:57

14:31

14:18

14:05

13:46

13:23

13:07

12:47

12:37

12:27

12:08

11:58

11:41