ffin.kz

Әбдіжәміл Нұрпейісов: Өмірге өкпем жоқ

Әбдіжәміл Нұрпейісов: Өмірге өкпем жоқ

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтың дүниеден өткеніне жыл толды.


Арғы атасы батыр болған


Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазан Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ата-бабасы Арал маңында ежелден қоныстанған. Жетінші атасы - Тайқожа батыр, одан Қалдан, одан Арғынбай би, одан өз заманында асқан байлығымен танылған Сыланбай, одан туған Нұрпейіс болыс болған. Нұрпейістен Кәрім, Нәжім, Қали деген ұлдар туады.


Осы үшеуі және Кәрімнен туған Әбдіжәміл төртеуі Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бұлардан аман қалғаны Әбдіжәміл ғана. Әкесі Кәрім ауылнай қызметін атқарған. Соғыс қарсаңында балық колхозында істеген. 1944 жылы 21 сәуір күні Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапты.




"Өзім туған 1923 жылымды білгеніммен, айы-күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: "Қай күні тудым? " – деп сұраған едім, "Оны қайтесің?" – деді. "Комсомолға өтейін деп едім. Ит біліп пе. Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жарған қара өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін”, – деп жазды Нұрпейісов өз естелігінде.



Әбдіжәміл бірінші сыныпта оқымады, бірден 2-сыныпқа барды. 3-сыныпты Құландыда, ал 4-сыныпты Көкаралда бітірді.



"Менің оқуым ит тістеген терідей болды. 5-сыныптан бастап дұрыстап оқыдым. 6-сыныпта интернатта жаттым. Сәбит Мұқановтың "Адасқандар", "Жұмбақ жалау", Мұхтар Әуезовтің "Абай" романындағы алғашқы екі кітабы, Сервантестің "Дон-Кихот" романының қазақша аудармасы қол сөмкемізден түспеуші еді", - деп еске алды Нұрпейісов.



"10-сыныпта повесть жазуға бел будым"


Әбдіжәміл Нұрпейісов орта мектепті тәмамдаған бойда армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанды. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты.



"1943 жылдың наурыз айында лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар курсын оқыттым. Курс маған қиын болды. Әуеге көтерілген кезде көп құсатын едім. Ұшақты қондыру да маған қиынға соғатын, – дейді жазушы.



1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған "Курляндия" романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды.


"10-сыныпты оқып жүріп повесть жазуға бел будым. Әскерден қайта оралсам – баяғы жазғандарымның бәрі жоқ. Қатесі көп еді, жоғалғаны жақсы болды", – деп еске алады Нұрпейісов.


Осылайша, "Курляндия" романы жазылады. Жазушы тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады. Проза саласында үзбей еңбектеніп, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түседі.



Үздік роман – үздік фильм


1954 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, 1956 жылы бітіреді. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – "Жұлдыз" журналының бас редакторы болып істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданады. Халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланады.


2000 жылы ПЕН клубының жанынан "Таң-Шолпан" журналын шығарады. Көп жылдардан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы. Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытты. "Соңғы парыз" дилогиясы да әлем әдебиетшілерінің үздік бағасына ие болды.


1978 жылы Әзірбайжан Мамбетов пен Юрий Мастюгин Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" романының желісі бойынша екі бөлімнен тұратын кино түсірді. Сценарий авторлары - Андрей Михалков-Кончаловский мен Родион Тюрин. Фильм 1979 жылы Мәскеуде өткен ВДНХ КСРО-ның Алтын медалін алады және Ашхабад қаласындағы өткен кинофестивальда "Ең үздік тарихи-революциялық фильм" номинациясы бойынша үздік деп танылды.


2008 жылдың 14 қарашасында Ақтөбе қаласында "Қан мен тер" трилогиясының кейіпкерлеріне арналған Ерік Жауымбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл - Қазақстандағы әдеби туындының кейіпкерлеріне арналып жасалған алғашқы туынды. Мүсіндік копозицияда романның негізгі жеті кейіпкері және ит бейнеленген.



"Біраз жасадым. Еш уақытта бұл жасқа келемін деп ойламаппын. Тәркілеу болып жатқан уақыт есімде. Сол кездегі көп нәрсе көз алдымда. Ашаршылықты көрдім: өмірге өкпем жоқ. Қайғы-қасіреті, қуаныш-қызығы да көп болды. Аштықта есектің етін жегендер де болыпты", - деп жазды Нұрпейісов.




Нұрпейісовтың шығармашылығы


Қаламгердің тұңғыш романы "Курляндия" 1950 жылы жарияланып, кейіннен "Күткен күн" деген атаумен өңделген нұсқада жарық көрді. Бұдан бөлек, ол - "Сең", "Соңғы парыз" роман-дилогиясының, "Толғау" атты сыни еңбектің, көптеген очерктер мен көркем аудармалардың авторы. Ал басты туындысы - "Қан мен тер" трилогиясы (1-кітап – "Ымырт", 1961; 2-кітап – "Сергелдең", 1964; 3-кітап – "Күйреу", 1970).


Трилогия 1916–1918 жылдардағы аласапыран кезең мен қазақ халқының әлеуметтік қайшылыққа толы күрделі өмірін көркем бейнелеген шығарма болды. Онда 200-ге тарта кейіпкер шеберлікпен сомдалған. Бір ғана Еламанның жігерлі бейнесі арқылы қазақ халқының өршіл қаһармандық рухы шынайы көрсетілген.


Ал әлеуметтік-психологиялық "Соңғы парыз" роман-дилогиясында Арал теңізінің апатқа ұшырауына кінәлі адамдардың хикаясы нақты суреттелген. Шығармада экология, табиғат пен адам арақатынасын толғаған қаламгер оқырмандарды рухани-адамгершілік мұраттарға жетелейді.


Нұрпейісовтің "Толғау" атты әдеби-сын мақалалар мен эсселер жинағы 1972 жылы қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді. Артынан тағы толықтырылып, "Жүрегі толы жыр еді" деген атпен қайта басылды. "Көгілдір көлдер өлкесі", "Ақбидай туралы аңыз" секілді бірнеше очерктер жинағы шықты. "Қасиетіңді қадірле" атты кітабына соңғы уақытта жазған әдеби мақала, очерк, эсселері енді.


Әбдіжәміл Нұрпейісов Чехов, Горький, Хикмет пен испан жазушысы Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар, Нұрпейісовтің туындылары да бірнеше шетел тіліне тәржімаланған.



КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған үш қазақтың бірі


КСРО Мемлекеттік сыйлығын үш-ақ қазақ алған. Олар – Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев және Әбдіжәміл Нұрпейісов. Биыл қазан айында Қазақстанның Еңбек ері 95 жылдығын атап өтті. 



"Халық жөнінде бәріміз - үлкен-кішіміз жазуымыз керек. Халық жөнінде жазуға шаршамау керек, көп айту керек. Өзім не жазсам да, үлкен шығарма жазайын, орташа шығарма жазайын, кіші шығарма жазайын, соның бәрін өздеріңе арнап жаздым ғой. Соның бәрін жазып, басқызып, содан кейін мына көңіл күпті, апыр-ай, қалай қабылдар екен деп күтетін, бір қиналып күтетін күндерім болатын. Әйтеуір, жазған кітабым дүкенде сөреде жатқан жоқ", - дейді Нұрпейісов.



Дереккөзі Sputnik Қазақстан әлеуметтік желісі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04