Әр өңір өзіндік бояуымен Абайды дәріптеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 7 тамыздағы Жарлығымен 10 тамыз «Абай күні» деп ресми бекітілді. Бұл – ұлт руханиятының темірқазығы болған ұлы ақын, ағартушы, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күнін ұлықтау мақсатындағы мемлекеттік шешім.
Жыл сайын 10 тамыз қарсаңында еліміздің барлық көпшілік кітапханалары Абай мұрасын насихаттаудың басты алаңына айналады. Кітапхана – кітап пен оқырманды, сөз бен ойды, өткен мен бүгінді жалғайтын мекеме болғандықтан, «Абай күнін» өткізуде оның рөлі ерекше.

2020 жылдан бері дәстүрге айналған бұл күн аясында кітапханашылар тек кітап көрмесімен шектелмей, оқырманның рухани сұранысына сай жаңа форматтарды енгізуде. 2026 жылы «Абай күніне» орай республика бойынша 17 облыс, 3 республикалық маңызы бар қала, 2 ұлттық кітапхана деңгейінде 2041- іс-шара ұйымдастырылып, оған 43 мың адам қатысқан. Бұл көрсеткіш кітапханалардың «Абайды насихаттау – ұлттық міндет» деген ұстанымын айқын көрсетеді.
Биылғы жылдың жоспарында 3 негізгі бағыт байқалады:
1. Дәстүрлі форматтар: әдеби-сазды кеш, поэзия сағаты, кітап көрмесі, дөңгелек үстел, мәнерлеп оқу байқауы.
2. Инновациялық форматтар: TikTok челлендж, QR-квест, интерактивті викторина, Abaifest, әдеби open mic, библио-арбат, библиодайвинг, «Кітап+кино» жобасы, түнгі кітапхана.
3. Инклюзивтілік: зағип жандармен дауыстап оқу.
Ең көп тараған тақырыптар: «Абай мұрасы – халық қазынасы», «Абай дана, Абай дара қазақта», «Абайды оқы, таңырқа!», «Қара сөз – тәрбие көзі»

Абай облысы – ақынның Отаны болғандықтан іс-шаралар ауқымы кең. Негізгі іс- шаралар қатарында: «Абай мұрасы адамзаттың асыл мұрасы» әдеби сағаты, «Абай күніне орай « Абай әлемі»зағип жандармен дауыстап оқу, «Абай оқулары – ұрпаққа ұлағат» мәнерлеп оқу байқауы, «Абай әлемі - даналық әлемі» Абай Fest. Жоспарланған іс-шара саны 50-ден асады, қамтылуы 1000 адам.
Батыс Қазақстан облысы. Ерекше атап өтетіні – «Абай мұрасы – мәңгілік шаңырақ» Кітапхана түні, «Абай: ой мен сөздің тоғысы» кітап көрмесі, «Қара сөздер қайнары – ұлағаттың» зияткерлік ойыны. Облыс бойынша 60-тан астам іс-шара, қамтылуы 2000-ға жуық.
Солтүстік Қазақстан облысы. «Қазақ руханиятының шыңы» тағзым кеші, «Абай дауысы – уақыт тынысы» әдеби кеш, «Марафон чтения» форматындағы өлең оқу. Облыс кітапханалары 20-ға жуық шара өткізуді жоспарлаған.
Түркістан облысы. «Абаймен ойлан, Абаймен толған» апталығы аясында 1-10 тамыз аралығында жүйелі жұмыс жүргізіледі. «Абай жолы» деректі фильмін көрсету, «Абай даналығы – халық мұрасы» ғылыми конференция, «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» қара сөздерді насихаттау. Жалпы қамтылуы 400 адамнан асады.
Әр өңір өзіндік бояуымен Абайды дәріптеді.

ҚР Ұлттық кітапханасы «Ұлы халықтың – Ұлы Абайы» куизін, Ұлттық академиялық кітапхана «Абайтану алаңы» квесті мен «Абай – тұтас бір әлем»көрмесін ұсынды. Шымкент «Абай әлемі» байқауымен 250 адамды қамтыды.
Талдау көрсеткендей, Қазақстан көпшілік кітапханалары «Абай күнін» жай мереке ретінде емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың тетігі ретінде қабылдайды. Кітапханашылардың басты мақсаты – Абай шығармашылығын жан-жақты әрі заман талабына сай әр оқырманға жеткізу. Осы арқылы кітапхана Абай мұрасын тек сақтаушы ғана емес, оны бүгінгі ұрпақ санасына сіңіруші белсенді субъектіге айналып отыр.

Айбала Бекмұханбет,
ҚР Ұлттық кітапхана қызметкері