Жобаның мақсаты – халықты ақпараттандыру.
Елімізде психологиялық көмекке мұқтаж тұрғындар үшін сапалы ақпараттық қызмет көрсететін 3580 call- орталығы іске қосылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Егер күйзеліс қажытып, мазасыз күй дегбіріңізді қашырып, өмірден түңіліп жүрсеңіз, 3580 нөміріне жедел хабарласыңыз. Бұл жоба «Қазақстан Республикасында психикалық денсаулықты сақтаудың бірыңғай ақпараттық қызметін пилоттау» деп аталады. Былтыр 23 желтоқсанда Алматы, Тараз және Семей қалаларында call-орталықтары жұмысын бастады.
Алматы қаласы, Жамбыл және Абай облыстарының Психикалық денсаулық орталықтары мен осы үш өңірдің Жастар медициналық орталықтарының қызметтері бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіріліп, халыққа психикалық денсаулық саласы бойынша ақпараттық қызмет көрсетіп жатыр.
«Осы жобада психологиялық көмек көрсететін 25 маман Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында "Қашықтан психологиялық кеңес берудің теориялық және практикалық негіздері" бойынша білім алып, кәсіби білімін жетілдіретін тренингтерде шыңдалды. Бұған қоса, сұрақ-жауап бойынша мамандарға арналған білім базасы әзірленді. Жоба Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы елдік кеңсесінің техникалық қолдауымен дүниеге келді. Әрбір ұйым ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросымен компьютерлік техниканы өтеусіз туралы келісімге қол қойды. Жұмыс орындарын құрал-жабдықпен жабдықтау мәселесі шешілді. Бұл - тұрғындардың психикалық денсаулық бойынша ақпаратты жедел және сапалы мағлұматпен қамтамасыз ету мақсатында ашылған бірыңғай орталық. Әрбір қоңырау шалған адам жайлы мәлімет құпия сақталады. Сондықтан қиналғанда 3580 нөміріне хабарласып, психологиялық көмекке жүгініңіздер», - дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директоры Қуаныш Алтынбеков.
Жобаның мақсаты - жұртшылықтың психикалық денсаулық сақтау саласы бойынша қызметке қолжетімділігін арттырып, халықты ақпараттандыру. Әрі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының сайтында қашықтан психологиялық көмек көрсету тетіктері әзірленіп жатыр. Сонымен қатар пилоттық жоба аяқталғаннан кейін оның қызметіне талдау жасау арқылы қызметін дамытып, осы жылы еліміздің барлық өңірінде бірыңғай ақпараттық қызметін ашу жоспарланып отыр.