Алматыда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыруға бағытталған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Тимур Ноғайбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баяндады.
Спикердің айтуынша, бағдарлама мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің, қоғамдық ұйымдардың және қала тұрғындарының күш-жігерін біріктіріп, таза, қауіпсіз әрі жайлы қала ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша абаттандыру ережелерін бұзған 21 013 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ белгіленбеген орындарда сауда жасаған 4 794 азаматқа айыппұл салынған.
Қалалық ортаны ретке келтіруге де ерекше көңіл бөлінген. Тексеру барысында заң талаптарын бұза отырып орналастырылған 312 стационарлық емес сауда нысаны анықталған. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, олардың 148 демонтаж жасалды, қалғандары бойынша жұмыстар жалғасуда.
Алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бағытында да ауқымды жұмыс жүргізілуде. ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша 726 кәсіпкерлік субъектісі жауапкершілікке тартылған, 463-бап бойынша 269 заңсыз кәсіпкерлік фактісі анықталған. Заңсыз айналымнан 20 тоннадан астам алкоголь өнімі тәркіленіп, жойылған.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 6,6 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, 179 ойын-сауық орнының қызметінде заң бұзушылықтар тіркелген.
Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жарақаттанудың алдын алу бағытында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте түсіндіру шаралары, рейдтер және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып отыр.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүргізілген шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан суық қарудың 2 161 бірлігі, соның ішінде пышақтар мен кастеттер тәркіленген.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы тек абаттандыру мен тазалықты ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз қоғамдық ортаны қалыптастыруды да көздейді. Барлық атқарылып жатқан шаралар азаматтардың жауапкершілігін арттыруға, заң талаптарын сақтауға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған», – деді Тимур Ноғайбаев.
Соңында полиция өкілдері Алматы тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарын сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және «Таза Қазақстан» бағдарламасының қағидаттарын қолдауға шақырды.