Көктем тек табиғатқа ғана емес, адамдардың стиліне де жаңа тыныс әкеледі. Қыс бойы қалың киім киіп шаршаған көпшілік жеңіл, әдемі әрі жайлы киімдерді таңдап, гардеробын жаңартуға асығады. Aqshamnews.kz тілшісі 2026 жылдың көктемгі сән трендтерін зерттеп көрді.
«Үнсіз сенімділік» - негізгі тренд
Биылғы көктемде сән әлемі жайлылық пен табиғилыққа бет бұрды. Қатаң ережелер мен көзге шалына беретін логотиптер емес, сапалы маталар мен таза силуэт басты рөлге шықты.
Стилист-имиджмейкер Екатерина Краснова атап өткендей:
«Қазір сәнде айқайлап тұратын брендтер емес, адамның өзін еркін сезінуіне мүмкіндік беретін киімдер маңызды. Мінсіз пішім, табиғи түстер және сапалы маталар – басты критерий».
Қазіргі гардероб іскерлік кездесуге де, күнделікті серуенге де ыңғайлы болуға тиіс. Бір киіммен жұмысқа баруға да, демалысқа шығуға да болады.
Табиғи түстер мен технологиялық материалдар
2026 жылғы көктемде табиғи реңктерге жақын түстер танымал. Құм түстес, жұмсақ жасыл, қоңыр, шарап түстес киімдер гардеробтың негізін құрайды. Олар тыныштық пен үйлесімділік сезімін береді, түрлі стильмен үйлеседі.
Сонымен қатар, технологиялық маталар сәнге еніп келеді. Су өткізбейтін, жұқа күртешелер, мыжылмайтын жейделер және 3D технологиямен жасалған киімдер мен аяқ киімдер - жаңа маусымның хиттері.

Сурет: Valeriia Lukashova, iStock
Әйелдер сәні: нәзіктік пен құрылым
Әйелдер гардеробында бірнеше қабаттан құралған стиль мен мөлдір элементтер басты рөлде. Жұқа торлы көйлектер тығыз астардың үстінен киіліп, кең пішімді ерлер стиліндегі пиджактар нәзік силуэтпен үйлестіріледі.
Сәнде «архитектуралық деним» танымал. Бұл - формасын жақсы ұстайтын, ерекше пішімді джинсылар. Олар образға заманауи әрі стильді сипат береді.
Ерлер сәні: еркін классика
Ерлер гардеробында қатаң костюмдердің орнына жеңіл пиджактар, белі жоғары орналасқан шалбарлар басым. 1950 және 1970 жылдардың ретро-силуэттері қайта сәнге оралды.
«Биыл "жұмсақ" түсті (бояуы қанық емес, нәзік түстер) жемпір немесе мойнына жібек орамал таққан ер адам да қоғамда қалыпты көрінеді», – дейді Екатерина Краснова.
Бұл ерлер сәнінің бұрынғыдан батыл әрі эксперименталды болып келе жатқанын көрсетеді.
Гардеробқа қосуға болатын 5 негізгі зат
Жұмсақ терілі (замша) пиджак – карамель немесе кофе реңкінде. Образға жұмсақтық пен 70-жылдар эстетикасын береді.
«Подкова» джинстер – ерекше пішім. Барлық адамға бірдей жараса бермейді, бірақ сәнді көрінеді.

Сурет: Pinterest
Күрең қызыл немесе марсала түсті сөмке – бейтарап киімге айқын акцент қосады.
Жұқа кашемир немесе мөлдір лонгслив – бірнеше киім қабатының стилін жасауға мүмкіндік береді.
Қалың платформалы лоферлер – классика мен заманауи стильді үйлестіреді.
Сәннен кеткен элементтер
Сарапшылардың айтуынша, 2026 жылы кейбір трендтер өзектілігін жоғалтып келеді:
Қала стиліндегі велосипедкаларды бұл маусымда тек спорт залға киген жөн.

Сурет: womantell.ru
Өте кішкентай микро-сөмкелер – функционалдылығын жоғалтты.
Тізесі жыртылған джинс шалбарлар да сәннен алыстап барады. Биылғы тренд таза силуэт пен сапаға баса назар аударады.
Жабысқақ жұқа кардигандар мен шамадан тыс декор сәннен қалып барады.
Қазіргі стиль қарапайымдылық, сапа және ұзақ қызмет ететін киімдерге басымдық береді.
Базалық гардеробты қалай жинау керек?
«Бір сапалы жемпір немесе жақсы пішілген джинс шалбар бірнеше арзан киімге қарағанда тиімді», – дейді Екатерина Краснова.
Гардеробты жаңартпас бұрын өз киімдеріңді саралап, жиі киетін заттарды анықтап алған дұрыс. Жаңалық қосқыңыз келсе, түрлі-түсті шарф, сәнді белдік немесе ерекше аксессуарларды пайдалануға болады.
2026 жылдың көктемгі сәні адамдарды өз стилін еркін таңдауға шақырады. Бүгінгі сән – тек тренд емес, адамның өзін-өзі білдіруінің бір жолы.