Мемлекет басшысы жүргізіп отырған ауқымды экономикалық реформалар аясында 2025 жылы прокуратура органдары мемлекет пен қоғамның экономикалық мүдделерін қорғау бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Бұл туралы Берік Асылов Х (X) әлеуметтік желісіндегі жазбасында мәлімдеді, - деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, жыл басынан бері прокурорлар мемлекет мүдделерін қорғау бойынша жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеден астам нәтижеге қол жеткізген. Мемлекет пайдасына мемлекеттік қаражатты жұмсау, мемлекеттік сатып алу, қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын пайдалану және жерді ұтымды пайдалану салаларында 470 млрд теңге көлеміндегі ақша мен мүлік тәркіленген.
Бас прокуратура Қаржы және Әділет министрліктерімен бірлесіп жүргізген тексерулердің нәтижесінде 3 жылдан астам уақыт бойы бұғаттаулы тұрған және бюджетке төленбеген 193 млрд теңге дивидендті мемлекет кірісіне қайтару бойынша шаралар қабылданды.
Сондай-ақ мемлекет меншігіне Алатау баурайындағы, Каспий теңізі жағалауындағы, Бурабай ұлттық паркінде орналасқан олигополиялық құрылымдардың жерлері, ұзақ жылдар бойы пайдаланылмаған қоғамдық жайылымдар және өзге де алқаптар қайтарылды. Жалпы көлемі 800 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекетке өтті. Нәтижесінде бірқатар өңірлерде жайылым тапшылығы мәселесі іс жүзінде шешіліп, ауыл тұрғындарына жерді еркін пайдалану мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Президент бекіткен ішкі саясат қағидаттары мен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында табиғат пайдаланушылар келтірген 25 млрд теңге көлеміндегі экологиялық залал өтелді. Цифрлық технологиялар, ғарыштық мониторинг және жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы экологтармен бірлесіп 3,8 мыңнан астам заңсыз қоқыс орны жойылды, ал құрылыс салушылар 300 мыңнан астам жаңа жасыл желек отырғызды.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру туралы Президент Жарлығын орындау шеңберінде прокурорлар жергілікті атқарушы органдардың шығыстарын оңтайландырып, 255 млрд теңге көлеміндегі негізсіз мемлекеттік шығындардың алдын алды. Бұл көрсеткіш тұтас бір өңірдің жылдық бюджетімен пара-пар.
Атап айтқанда, Павлодар мен Атырау облыстарында жергілікті органдардың арнайы техника мен тұрғын үйлерді нарықтық бағадан үш есе қымбат сатып алу жоспарлары тоқтатылып, үнемделген қаражат әлеуметтік қажеттіліктер мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталды.
Прокурорлардың өтінішхаттары мен наразылықтары негізінде 300-ден астам азаматтық және әкімшілік іс қайта қаралып, мемлекет пайдасына 22 млрд теңге өндірілді. Мысалы, екі жеке компанияның кредиттік берешегі үшін мемлекеттен 1,2 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім жойылса, керісінше, орындалмаған қару-жарақты жөндеу жұмыстары үшін мемлекеттік қорғаныс тапсырысы пайдасына 800 млн теңге өндірілді.
Берік Асыловтың айтуынша, қоғам мен мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау саласындағы прокурорлық қадағалаудың тиімділігі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін кеңінен енгізу есебінен алдағы уақытта да арта бермек.