Үстіміздегі жыл Алматы тұрғындары үшін ерекше жетістіктермен және оң өзгерістермен есте қалды. Қаланың инфрақұрылымы жақсарып, медициналық және әлеуметтік салаларда жаңа бастамалар жүзеге асырылды. Алматының тынысы ашылып, қала тұрғындары жайлы өмір сүруге мүмкіндік алды. Бұл туралы қала тұрғындары не дейді?
Серік ҚУАНЫШ, кәсіпкер:
- Биыл Көктөбе телемұнарасының жарықтандырылуы ерекше әсер қалдырды. Түнгі Алматының көркіне көрік қосып қана қоймай, қаланың туристік тартымдылығын арттырды. Мұнараның жаңа медиафасады түрлі түстермен көмкеріліп, қаланың символына айналды десем артық айтпаймын. Қазір көпшілік бұл жерге арнайы барып, суретке түсуді әдетке айналдырды. Әлеуметтік желіде Көктөбе фонында жасалған фотолар көптеп жарияланып жатыр. Мұндай өзгерістер қаламыздың келбетін жаңартып, Алматының заманауи мегаполис екенін тағы бір дәлелдеді.
Бекзат САХИДАВЛЕТОВА, педагог:
– Биыл Алматыда жаңа мектептердің құрылысы қолға алынды. Бұл мектептер оқушы саны көп аудандарда салынып жатыр. Нәтижесінде балалардың жолға кететін уақыты қысқарып, білім сапасына оң әсерін тигізеді деп сенемін. Сонымен қатар, жаңа мектептер заманауи жабдықтармен қамтылып, педагогикалық кадрларға қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның барлығы білім беру жүйесінің дамуына серпін береді.
2024 жылы Алматыда көптеген маңызды бастамалар жүзеге асты. Қаладағы өзгерістер қала тұрғындарының өмірін жеңілдетіп, мегаполистің заманауи келбетін қалыптастыруда. Тұрғындар бұл жетістіктерді жоғары бағалап, Алматының дамуына оң көзқарас білдірді.
Әуелай ӘРІПҚЫЗЫ, тұрғын: ЖОЛ ҚАТЫНАСЫ ЖАҚСАРДЫ
Бұл жыл қалаға қатынайтын автобустардың көбейгенімен есте қалды. Кезінде қаладан пәтерге қол жеткізу қиын болғандықтан, балаларым Алматыдан тысқары тұрып жатыр. Бір қызым Есік қаласында, екі ұлым Талғарда тұрады. Бәрінің де жұмыс орны - Алматыда.
Бұрындары олар жиі таксиге отыратын. 2-3 жыл болды, олар "Оңай" төлемжүйесі қосылған автобустармен жүреді. Қалааралық жол қатынасын жүйелі түрде қолға алғаны үшін Алматы әкімдігіне алғысымызды айтамыз. Қаншама адам қаржысын үнемдеуде. Бұл - елеулі көмек.
Есік пен Талғарға "оңай" төлеммен автобустар ертерек қатынағанымен, бұл жүйемен қоғамдық көліктер Қаскелеңге кештеу қосылды. Ана-жүрек алаңдағыш келеді, кенже қызым Қаскелеңнің ар жағында тұратын. Оның да жұмысы Алматыда. Қатынау қиынға соққан. Бір жылдан асты, бұл жаққа да "оңаймен" автобустар жүре бастаған. 230-бағыттық автобус қатынай бастады. Бірақ, автобус саны аз болды. Биыл, жыл соңына таман, Қаскелең арқылы жүретін 254, 257-бағыттық автобустар қосылып, жағдай жақсарды. Қызым да мәз.
"Жол мұраты - жету" дегендей, алматылық басшылыққа айтар алғысымыз мол.
"Алматы агломерациясы" бағдарламасы аясында қоғамдық көліктердің көбеюі қуантады. Бұл да болса, биылғы жетістік. Бұл жыл өзі қаларалық қоғамдық көліктер қатарының қауырт артуымен есте қалып отыр. Ләйім, жол қатынасы жақсара берсін.
Жаңыл ӘПЕТОВА, Халықаралық "Жанашыр" қоғамдық қорының президенті: ХАЛЫҚТЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МАҢЫЗДЫ
– Алматы көшелерінде көліктер жүрісін бақылайтын камералар көбейді. Халықтың бас-амандығы маңызды. Бұл жүргізушілердің жол ережесін сақтауға жақсы негіз болды. Көшелер кеңейтілді. Әдемі, заманауи ғимарттар бой көтеруде.
Қаланың бос жерлеріне көп жеміс ағаштары отырғызылды биыл. Енді соның әрі қарай өсіп-өнуі қадағаланып отырса. Алматының барлық сегіз ауданында да жастардың комьюнити орталықтары іске қосылып, ұл-қыздарымыздың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдайлар жасалғаны қуантады.Қатты тұрмыстық қалдықтар тастауға арналған заманауи контейнерлер қондырылды биыл. Бұл да қаланың келбетін бұзбай, әсемдігін сақтауға арналған қадам деп ойлаймын.
Біздің Әуезов ауданында биыл жаңғырту-жаңарту, жөндеу жұмыстары көп жүргізілді. Әсіресе, "Сайран" жасанды көлін заманауи үлгіде қайта жасап жатқаны қуантады.
Ләззат ӘМІРЖАНОВА, Алатау ауданының тұрғыны: АЛМАТЫМНЫҢ БАРЛЫҚ ЖЕТІСТІГІНЕ ТІЛЕКШІМІН
– Алматы іргесіндегі облыста туып өстім. Әсем қалаға бала күнімізде ата-анамызбен қыдырып келетінбіз. Ал қазір тұрақты тұрып жатқаныма отыз бес жылдан асты. Әдемі жастық шағымыздың куәсі болған Алматы қазір жыл санап көркеюде.
Бұрын біз тұрып жатқан Алатау ауданы мегаполистің шет ауданы болып саналатын. Бір жылдары "Шетсіз қала" деген жоба қабылданғаны есімде. Соның нәтижесінде біздің ауданның аумағы бұрынғыдан да үлкейіп, мәдениет орындары, балалар шығармашылығы орталығы ашылды. Аулалардың көркейгені өз алдына бөлек әңгіме. Немерелеріммен жиі қыдырамын. Үйде анам бар. Біз қыдыратын жер көп.
Бір үйлі жан болғасын, ауырмай-сырқамай тұрмаймыз. Жуырда ғана біздің Алатау ауданындағы №23 емхана базасынан "Үздік тәжірибе орталығы" ашылды. Бұл – Алматы бойынша ашылған алғашқы медициналық орталық. Тұрғындар мен дәрігерлер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған аталмыш жоба халықаралық стандарттарға негізделген. Мұнда халыққа кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмектер көрсетіледі.
Алматымның барлық жетістігіне тілекшімін.