AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Алматы / Жасанды интеллект нені үйрете алмайды?

Жасанды интеллект нені үйрете алмайды?

Алматы Бүгін 13:45 47
Жасанды интеллект нені үйрете алмайды?

2026 жылы қала бюджетінде білім беруді дамытуға 434 млрд теңге қарастырылған. Бұл – қала бюджетінің жалпы шығыстарының 15,4 пайызы, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Қазақстан мектептеріне төрт миллионнан астам бала қадам басқан кезде, біз олардың тек бағдарламалауды меңгере ала ма деген сауалмен шектелмей, бір-бірін түсінуге үйрене ала ма деген сұрақты да қоюымыз керек.

2026 жылдың күзінде Алматы мектептерінің табалдырығын 33 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет аттады. Қалада 362 мектеп бар, онда шамамен 356 мың оқушы білім алады. Ал ел көлеміндегі ауқым бұдан да кең: Қазақстанда 8048 жалпы орта білім беру ұйымы жұмыс істейді, оларда төрт миллионнан астам оқушы оқиды.

Цифрлар – суық статистика. Бірақ әр цифрдың ар жағында сыныпта айтылған, мұғалім мен оқушының арасындағы тірі әңгіме, әр баланың өз тарихы бар. Ал ол тарих жыл өткен сайын қызығырақ бола түсуде.

Технология алға озуда

Алматы білім саласына қомақты қаржы бөліп келеді. 2026 жылы қала бюджетінде білім беруді дамытуға 434 млрд теңге қарастырылған. Бұл – қала бюджетінің жалпы шығыстарының 15,4 пайызы. Бір ғана оқу жылында 12 мыңнан астам жаңа оқушы орны ашылып, 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Химия, физика, биология, STEM және робототехника бағыттары бойынша 1130 заманауи зертхана соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Мұның бәрі көңілге қуаныш ұялатады. Алайда осы жаңарудың ар жағында тағы бір маңызды мәселе тұр.

«Бүгінде техникалық білім өте жылдам жаңарып жатыр», – дейді білім саласында отыз жылдан астам уақыт еңбек еткен Lakeview School Almaty мектебінің директоры Гүлнара Карамендинова.

Бұл – өзіміз өмір сүріп отырған уақытты сабырмен қабылдау. Соңғы жылдары Қазақстанның білім беру ортасында бір маңызды ой барған сайын анық байқалады: жасанды интеллект санаулы секундта код жазып, мәтін құрастырып, түрлі шешім ұсына алатын заманда мектептің адамзат үшін өзгермейтін құндылықтарға қайта назар аударуға бірегей мүмкіндігі бар.

Ол – адамның өзіне.

Бес мың бала және бір қарапайым сабақ

Алматыда алты жылдан бері халықаралық IT STARS ақпараттық технологиялар фестивалі өтіп келеді. Осы уақыт ішінде оған бес мыңға жуық бала қатысты.

Бағдарламалау, робототехника, жеке IT-жобалар, байқаулар, өз жұмыстарын қорғау – бәрі де аса маңызды. Балалар дайындалады, пікір таластырады, толғанады, жеңіске қуанады, ал бір нәрсе ойдағыдай болмаған кезде, әрине, ренжиді.

Алайда осы алты жыл ішінде біз бір қызық нәрсеге көз жеткіздік: жоба неғұрлым күрделі болған сайын, «бәрін өзім істеймін» деген ұстанымның мүмкіндігі соғұрлым азая береді.

Бірі идея ойлап табады, екіншісі кодты жақсы жазады, үшіншісі модель құрастыра алады, төртіншісі өзгелер байқамаған қатені көреді. Ал соңында өз жұмысыңды көпшілікке түсінікті етіп жеткізе білуің керек.

Сөйтіп, жақсы IT-жоба жасау үшін технологияны жетік меңгерудің өзі жеткіліксіз екені байқалады.

Тыңдай білу керек. Түсіндіре білу керек. Өз идеяң қабылданбай қалғанда өкпелемеу керек. Біреудің шешімі өзіңдікінен жақсы екенін мойындай білу қажет. Көмек сұрай білу керек. Өзіңе тиесілі міндет үшін жауапкершілік алып, өзгелерді жерге қаратпау керек.

Бәлкім, IT STARS фестивалінің ең басты сабақтарының бірі де осы шығар. Тек ол үшін бізде әзірге жеке номинация жоқ.

Егер бала код жазуды үйреніп, бірақ өзгені тыңдауды, ортақ тіл табысуды және бірге жұмыс істеуді меңгермесе, мұндай білімді толыққанды білім деп атай аламыз ба?

«Біз үшін ақпараттық технологиялар – мақсат емес, құрал, – дейді Гүлнара Карамендинова. – Әрине, балалардың бағдарламалауды меңгергенін, заманауи технологияларды түсінгенін, жасанды интеллекттен қорықпай, оны дұрыс пайдалана алғанын қалаймыз. Бірақ бала адамдармен сөйлесе алмаса, өзгені тыңдай білмесе, бірлесіп жұмыс істей алмаса, онда оның білімінде аса маңызды бір нәрсе жетіспейді деген сөз».

Бұл пікір Қазақстанда соңғы жылдары кеңінен талқыланып жүрген «XXI ғасыр дағдылары» ұғымымен үндеседі.

Көптеген сарапшылар когнитивтік икемділікті, эмоционалдық интеллектіні, қарым-қатынас жасай білуді және өзін-өзі ұйымдастыру қабілетін атап көрсетеді. Жасанды интеллект дәуірінде дәл осы адамдық қасиеттердің қадірі арта түспек.

Бүгінде жасанды интеллект санаулы секунд ішінде код жаза алады, қатені табады, идея ұсынады, презентация әзірлеуге көмектеседі. Ертең оның бұл мүмкіндіктері бұдан да арта түсуі мүмкін.

Бірақ балалар бәрібір бір-бірімен өздері тіл табысуға мәжбүр болады.

Сахна мен спорт залы да – сынып

Алматыда барған сайын көп мектеп білім беру кеңістігінің шекарасын жаңаша пайымдай бастады.

Театр сабағындағы импровизация балаға серіктесінің көңіл күйін сезінуге көмектеседі. Спорт алаңындағы ойын жеңістің қуанышын да, жеңілісті абыроймен қабылдауды да үйретеді. Ал еріктілік жобасы баланы мектеп қабырғасынан шығарып, көмекке мұқтаж адамдардың өмірімен жақындастырады.

Мұның ақпараттық технологияларға қандай қатысы бар? Тікелей қатысы бар. Өйткені түптеп келгенде технология адамға қызмет етеді. Ал адамды түсіну тек тірі қарым-қатынас арқылы қалыптасады.

Отыз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Lakeview School Almaty IT-білімге айтарлықтай ресурстар бағыттайды: мектепте екі мамандандырылған компьютер сыныбы, екі медиатека, робототехника зертханасы бар. Сонымен қатар күнделікті оқу үдерісінде хор, бейнелеу өнері, шахмат, театр, спорт және оқушылардың өзін-өзі басқаруы да маңызды орын алады.

Мектеп басшысы мұны нақты тұжырымдайды: мақсат – бір ғана қырынан дамыған талант емес, жан-жақты қалыптасқан тұлға.

«Театр өзге адамның жан дүниесін сезінуге үйретеді, – дейді алматылық мектеп директоры. – Спорт жеңісті де, жеңілісті де қабылдай білуге тәрбиелейді. Ал еріктілік көмекке мұқтаж адамдарды байқап, оларға қол ұшын созуға мүмкіндік береді».

Мұнда заманауи технологиялық білімге қайшы келетін ештеңе жоқ. Керісінше, технология бала өміріне неғұрлым көбірек енген сайын, оның экран арқылы емес, басқа адамдармен тікелей қарым-қатынас жасайтын кеңістіктері де соғұрлым маңызды бола түседі: пікір таласатын, келісетін, қателесетін, жеңетін, жеңілетін, өзгеге көмектесетін орта қажет.

Осы тұрғыдан алғанда сахна мен спорт залы да – сынып. Тек ондағы сабақтың аты басқа.

Алгоритм және ар-ождан

Жасанды интеллект соңғы жылдары білім беру туралы әңгімелердің негізгі ұғымдарының біріне айналды.

Техникалық тұрғыдан алғанда, оның мүмкіндігі зор. Ол ақпаратты лезде табады, мәтін құрастырады, түрлі шешім ұсынады. Бірақ оның қолынан келмейтін бір нәрсе бар: ол баланың ар-ожданын, мінезін, жауапкершілігін қалыптастыру жолын оның орнына жүріп өте алмайды.

Бұл – техникалық мәселе емес. Бұл – білім беру мәселесі әрі адамзатқа ортақ мәселе.

«Мектептің міндеті – білім берумен ғана шектелмей, тұлға тәрбиелеу. Біз баланың өзіне деген сенімін қалыптастыратын, ойлануға, таңдау жасауға, өзгелерді құрметтеуге және өз ісіне жауап беруге үйрететін орта құруға ұмтыламыз», – дейді Гүлнара Маутқанқызы.

Бұл сөздердің ішінде бірде-бір техникалық көрсеткіш жоқ. Бірақ дәл осы сөздер неліктен кейбір мектептердегі информатика сабақтары «технологиялық жалғыздыққа» әкелмейтінін түсіндіреді.

Өйткені техникалық білімнің басты сұрағы «сен бұл құралды пайдалана аласың ба?» емес.

«Сен оны не үшін пайдаланасың?» деген сұрақ.

Цифрлардың ар жағында – адам

Енді цифрларға қайта оралайық. Бүгінде Алматыда бір мектепке орта есеппен 960-қа жуық оқушыдан келеді. Бұл – Қазақстанның ірі қалалары арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мегаполисте әлі де шамамен 30 мың оқушы орны жетіспейді. Жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін 69 мектеп салынып, 100 мыңнан астам жаңа оқушы орны ашылмақ.

Бұл сандар Алматының білім беру жүйесі ауқымды әрі қарқынды жаңару кезеңін бастан өткеріп жатқанын көрсетеді.

Ал осы жаңарудан кейін не болады?

Ел бойынша орта есеппен алғанда бір мектепке түсетін жүктеме біршама қалыпты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл орташа көрсеткіштің ар жағында өңірлердің орасан зор айырмашылығы жатыр: бір жерде сыныптар шамадан тыс толы болса, енді бір жерде оқушы саны әлдеқайда аз.

Алайда мектептің ауқымы қандай болса да, оның алдында бір ғана ортақ сұрақ тұр: сабақ кестесінің, кабинеттердің, емтихандардың, зертханалар мен жобалардың ар жағында бұл бала түптің түбінде қандай адам болуы керек?

Ақпараттық технологиялар бұл сұрақтың жауабының бір бөлігі бола алады. Бірақ ешқашан толық жауабы бола алмайды.

Lakeview School Almaty мектебінің дәлізінде көзге бірден түсе қоймайтын бір плакат ілулі тұр. Ондағы ойдың мәні шамамен мынадай: сен меңгерген код уақыт өте жаңарады; сен игерген бағдарлама бір күні ауысады; ал егер тыңдай білуді, ынтымақтаса жұмыс істеуді және жауапкершілік алуды үйренсең, бұл қасиеттер өмір бойы өзіңмен бірге қалады.

Қарапайым ақиқат сияқты көрінеді. Бірақ бүгін оның мәні мүлде бөлек.

Жасанды интеллект адам тіліне еліктеуді, мәтін жазуды, бағдарлама құруды және түрлі шешім ұсынуды үйренді. Ертең оның мүмкіндігі бұдан да арта түсетіні анық.

Бірақ бірде-бір алгоритм баланың мектептегі жылдарын оның орнына сүріп өте алмайды.

Оның орнына дос таба алмайды. Оның алғашқы жеңісіне қуанып, алғашқы жеңілісін бірге өткере алмайды. Оның орнына кешірім сұрай алмайды. Оның орнына моральдық таңдау жасай алмайды әрі сол таңдауы үшін жауапкершілік ала алмайды.

Технологияны жаңартуға болады. Бағдарламаны ауыстыруға болады. Алгоритмді жетілдіруге болады.

Ал тыңдау, ынтымақтаса жұмыс істеу, өз ісіне жауап беру және адам болып қалу – бала бәрібір өзі үйренуге тиіс қасиеттер.

Бәлкім, жасанды интеллект оған дәл осыны ешқашан үйрете алмайтын шығар.

Телеграм арнаға жазылыңыз
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматыда Қала күніне орай танымал стрит-арт суретшілер қатысатын арт-фестиваль өтеді

Бүгін 14:17

Қазақстанда көлеңкелі экономиканың үлесі 15,69%-ға дейін төмендеді

Бүгін 14:01

IVY 2026: Кореядағы жастар көрмесінде Халықаралық волонтерлер жылына арналған стенд таныстырылды

Бүгін 13:26

Тоқаев Кореядағы қазақстандықтармен кездесті

Бүгін 13:20

Тоқаев пен Чо Чжон Шик қазақ этноауылына барды

Бүгін 13:00
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);