2026 жылы 11 қарашада Алматыдағы Almaty Arena кешенінде ICONIC CREATOR AWARDS – Еуразиялық креаторлар сыйлығын табыстау рәсімі өтеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оған Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның креативті индустрия өкілдері қатысады. Сыйлық 15 бағытты қамтып, шығармашылық саланың үздіктерін түрлі аталым бойынша марапаттауды көздейді. Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері айтты.
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК құрамындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі «Мәдениет және мұра» санатындағы «Жыл музейі» аталымына ұсынылды. Бұл номинация ұлттық музыкалық мұраны сақтау, зерттеу және оны көпшілікке таныту жолында еңбек етіп жүрген музейлердің қызметін бағалауға арналған.
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі – Орталық Азиядағы музыкалық аспаптарға арналған алғашқы музейлердің бірі. Биыл музейдің құрылғанына 45 жыл толып отыр. Оның қорында қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарымен қатар, әлемнің 50-ден астам халқының музыкалық мәдениетін танытатын бірегей жәдігерлер бар.
Музей жұмысының маңызды бағыттарының бірі – мәдени-ағартушылық қызметті дамыту және ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыру. 2026 жылдың басынан бері музейге 100 мыңнан астам адам келген. Олардың 16%-ы – шетелдік туристер.
Музей қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын шетелде де таныстырып келеді. Оның қорындағы жәдігерлер Еуропа мен Азия елдерінде өткен 14 халықаралық көрмеде көрсетілді. Атап айтқанда, олармен Сеул (Корея Республикасы), Вена (Аустрия), Париж (Франция), Неаполь (Италия), Прага (Чехия), Белград (Сербия), Карцаг (Мажарстан), Ыстанбұл (Түркия), Амстердам (Нидерланд) және Шанхай (Қытай) қалаларының тұрғындары мен қонақтары танысуға мүмкіндік алды.
Бүгінде музейге келушілер дәстүрлі музыкалық аспаптардың тарихы, қазақ музыка өнерінің ерекшеліктері мен әлем халықтарының музыкалық дәстүрлері туралы мәлімет ала алады. Сонымен қатар музейде тақырыптық көрмелер мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға басымдық беріледі.
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейін «Жыл музейі» аталымында қолдау үшін сыйлықтың ресми сайтында дауыс беруге болады:
https://theiconicawards.com/award/77
ICONIC CREATOR AWARDS сыйлығы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 31 қазанға дейін ресми сайт пен әлеуметтік платформаларда ашық дауыс беру өтеді. Ал жеңімпаздар 11 қарашада Almaty Arena кешенінде өтетін марапаттау рәсімінде анықталады.