AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мәдениет / Ясауи мұрасы және түркі руханияты

Ясауи мұрасы және түркі руханияты

Мәдениет Бүгін 17:15 30 yakiya
Ясауи мұрасы және түркі руханияты

 

Түркістанда өткен «Түркі әлемі және Ясауи мұрасы: өркениеттер тоғысындағы мәдени үндестік» халықаралық дөңгелек үстелі Қожа Ахмет Ясауи мұрасының тарихи, философиялық және рухани қырларын жаңа ғылыми пайымдаулармен толықтырды. Түркі дүниесінің ғалымдары бас қосқан алқалы жиында Ясауи ілімінің тек діни-рухани құндылық қана емес, бүгінгі қоғамдағы әділет, адамгершілік, ұлттық болмыс пен мәдени тұтастық мәселелерімен сабақтас өркениеттік феномен екені кеңінен талқыланды.

 

Түркістанда өткен «Түркі әлемі және Ясауи мұрасы: өркениеттер тоғысындағы мәдени үндестік» атты халықаралық дөңгелек үстел түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын жаңа қырынан зерделеген маңызды ғылыми алаңға айналды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған Саммит аясындағы халықаралық жиында түркі дүниесінің жетекші ғалымдары, ясауитанушылар, философтар мен мәдениеттанушылар бас қосты.

Алқалы жиында көтерілген негізгі мәселелердің бірі Қожа Ахмет Ясауи ілімінің тарихи негіздері, рухани-философиялық мазмұны және оның қазіргі қоғамдағы маңызы болды. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан ғалымдарының баяндамалары Ясауи мұрасын тек діни немесе әдеби феномен ретінде емес, тұтас түркі өркениетінің рухани өзегі ретінде қарастыру қажеттігін көрсетті.

Арыстан баб пен Ясауи: тарихи тұлға және рухани сабақтастық

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымы Сатай Сыздықовтың баяндамасы Ясауи дәуірінің тарихи-саяси контексін кеңінен ашып көрсетті. Зерттеуші Қожа Ахмет Ясауи мен оның ұстазы Арыстан бабтың өмір сүрген кезеңін Қарахан мемлекетінің гүлдену дәуірімен байланыстырады.

Ғалымның пайымдауынша, Қарахан мемлекеті тек саяси құрылым ғана емес, түркілік дүниетаным мен ислам өркениеті тоғысқан ерекше мәдени орта болды. Дәл осы кезеңде Самарқанд, Бұхара, Тараз, Баласағұн секілді қалалар ғылым мен руханияттың орталығына айналды.

Баяндамадағы ең назар аударарлық тұжырымдардың бірі – Арыстан бабтың тарихи тұлға ретіндегі жаңа интерпретациясы. Автор Арыстан бабты Батыс Қарахан мемлекетін басқарған Арслан хан Мұхаммед Сүлейменмен байланыстыра отырып, тарихи деректер мен шежірелік мәліметтер арқылы оның саяси және рухани рөлін саралайды. Бұл көзқарас Ясауи мұрасын тек аңыздық кеңістікте емес, нақты тарихи контексте қарастыруға мүмкіндік береді.

Ғалым Сатай Сыздықов Ясауи ілімінің өзегінде адам кемелдігі мәселесі жатқанын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, Ясауидің «топырақ сипатты болу», «дертті адам» концепциялары бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Ғалым қазіргі қоғамдағы әділет, жауапкершілік, рухани тазалық мәселелерін Ясауи дүниетанымымен сабақтастыра отырып, Ұлы Дала ойшылдарының ілімдері заманауи мемлекеттік идеологиямен үндесуі қажет деген тұжырым жасады.

«Жетім, ғаріп, пақыр»: Ясауи ілімінің әлеуметтік философиясы

Түркиялық профессор Ahmet Taşğın мен зерттеуші Хаккы Ташғынның баяндамасы Ясауи хикметтеріндегі «жетім», «ғаріп», «пақыр» ұғымдарының мәніне арналды.

Ғалымдар Ясауи мұрасын түсінудегі басты мәселенің бірі осы ұғымдардың үстірт қабылдануында екенін атап өтті. Олардың пікірінше, Ясауи үшін «жетім», «ғаріп», «пақыр» әлеуметтік мәртебені білдіретін сөздер ғана емес, рухани хәлді сипаттайтын терең сопылық категориялар.

Ясауи хикметтерінде бұл ұғымдар адамның Жаратушы алдындағы дәрменсіздігін, рухани ізденісін және қоғам алдындағы жауапкершілігін бейнелейді. Түркістан ирфанының өзегі де дәл осы – адамға қызмет ету, әлсізге қамқор болу, нәпсіні тыю және жүрек тазалығына жету.

Баяндамашылар Ясауи мәтіндерін тарихи немесе филологиялық тұрғыдан ғана емес, оның ішкі мағыналық әлемін ашу арқылы зерттеу қажеттігін көтерді. Өйткені Ясауи іліміндегі «мағрифат» пен «хақиқат» ұғымдары қарапайым діни категориядан әлдеқайда терең рухани-философиялық мазмұнға ие.

Ясауи және сопылық философияның түркілік үлгісі

Әзербайжандық ғалым Гюляр Гафказлы өз баяндамасында Қожа Ахмет Ясауи мен сопы философ Баба Нахчыванидің дүниетанымдық ұқсастықтарын талдады.

Зерттеуші екі тұлғаның да сопылық философиядағы «уахдатул-вужуд» – болмыстың бірлігі концепциясын әртүрлі стильде жеткізгенін айтты. Ясауи бұл идеяларды қарапайым түркі тілінде, халыққа түсінікті хикметтер арқылы насихаттаса, Баба Нахчывани араб-парсы философиялық дәстүріне сүйенген күрделі еңбектер жазған.

Баяндамашының пікірінше, Ясауи ілімінің басты ерекшелігі – ислам құндылықтарын түркі дүниетанымымен ұштастырып, халықтық сипат беруінде. Оның «Диуани хикметі» – тек әдеби шығарма емес, адамды рухани кемелдікке жетелейтін моральдық-философиялық мектеп.

Ғалым Ясауидің Аллаға деген махаббат, нәпсіні тәрбиелеу, әділдік пен қарапайымдылық туралы ойларының бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоғалтпағанын атап өтті.

Түркі әлемін тоғыстырған рухани мұра

Түркістандағы халықаралық жиын Ясауи мұрасының тек өткеннің ескерткіші емес, қазіргі түркі әлемін біріктіретін рухани көпір екенін көрсетті.

Бүгінде жаһандану жағдайында ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтау мәселесі ерекше маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда, Ясауи ілімі – түркі халықтарын ортақ тарихи жады, мәдени сабақтастық және адамгершілік құндылықтар төңірегінде біріктіретін қуатты рухани негіз.

Ғалымдардың ортақ пайымы да осыған саяды: Ясауи мұрасын зерттеу тек академиялық міндет емес, ол – қоғамның рухани иммунитетін күшейтетін маңызды өркениеттік қажеттілік.

Түркістандағы халықаралық басқосу Ясауи мұрасының уақытпен шектелмейтін рухани құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ғалымдар ұсынған тың пайымдар мен тарихи тұжырымдар Қожа Ахмет Ясауи ілімінің түркі халықтарының рухани жадын қалыптастырудағы орнын айқындай түсті. Адам кемелдігі, әділет, мейірім, рухани тазалық секілді ұстанымдарды негіз еткен Ясауи дүниетанымы бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан Ясауи мұрасын зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттау  тек ғылыми міндет емес, ол түркі әлемінің ортақ рухани болашағына қызмет ететін маңызды мәдени миссия.

Әлия БІЛДЕБЕКОВА,

Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени

музей-қорығы, Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкері       

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Ясауи
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматыда бизнес нысандарынан шығатын зиянды қалдықтарға бақылау күшейтілді

Бүгін 15:28

Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады

Бүгін 15:25

Маусым айының алғашқы онкүндігінде III Архившілер конгресі өтеді.

Бүгін 15:19

Мемлекет басшысы дәстүрлі өнерді, әсіресе, жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беру қажет деп санайды

Бүгін 15:15

Президент ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отыратынын айтты

Бүгін 15:12
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);