Әлеуметтік желілерде вакцина арқылы салынатын чиптер талқыланып жатыр.
Telegram арнасының пайдаланушылары вакциналарда миға әсер ететін чиптер болатыны туралы хабарламаны талқылауда. Алайда мамандар бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz тілшісі.
Мамандарың атуынша, миға әсер ететін чиптер технологиясы егеуқұйрықтарда сыналған, кеміргіштерді мойынсұнғыш ету арқылы ол оң нәтиже берген екен.
Қазнет пайдаланушысы айтып отырған тышқандарға жүргізілген тәжірибе шын мәнінде өткізілген және баспасөзде, оның ішінде қазақстандық баспасөзде кеңінен жария етілді. Тәжірибенің мәні – тышқандардың миына Bluetooth сигналдарын қабылдауға және шығаруға, сондай-ақ, электр желісіне қосылмай қуат алуға қабілетті кішкентай чиптерді енгізу. Бұл ретте микрочиптің өзі жарық шығарды.
Ғалымдардың пікірінше, болашақта мұндай технология депрессияны, Паркинсон ауруын, әртүрлі тәуелділіктерді және басқа ауруларды емдеуге мүмкіндік береді.
Тәжірибе Nature Communications журналында егжей-тегжейлі сипатталған. Мақалада микрочиптің өлшемдері ұзындығы 19 мм., ені 12 мм. және қалыңдығы 5-ке тең екендігі айтылған. Оның салмағы 1,4 грамм. Ол тышқанның терісін кесіп, бас сүйегін бұрғылап тесу арқылы миға енгізілген.
Бұл адамға мұндай құрылғыны вакцинация инесінің көмегімен енгізу мүмкін емес екенін дәлел дейді. Құрылғы тым үлкен. Сонымен қатар, вакцинация кезінде ол миға кіре алмайды, яғни ол мүлдем пайдасыз болады.
Тәжірибе туралы мақалада адамдарға чипті вакцинация түрінде енгізу жайлы жазылмаған. Сондай-ақ, ғалымдар адамдарды көнгіш етуді немесе олардың еркін бағындыруды мақсат етпейді. Әзірлеменің міндеті – бүгінгі күні қиын емделетін аурулармен күресу жолын табу
Бұл орайда қазақстандық спортшылар екпе алған дұрыс деген пікір білдіріп отыр.
«Біз спортшылар, індет уақытында жалғыз жаттығудан шаршадық. Өйткені, регби – командалық ойын. Біздер әртүрлі жарыстарға қатысып, жанкүйерлердің қолдауын көргіміз келеді. Ал ол үшін вирусты өмірімізден аластатып, індетті түпкілікті жоюымыз қажет. Командамыздағы қыздардың ішінде ең бірінші болып мен екпе алдым. Кейіннен екеуі, сосын үшеуі вакцина алып, команданың жартысына жуығы вакциналанды. Түгеліміз дерлік екпені денемізге ектіргеннен кейін өзімізді қорғаныста жүргендей, вирусты мүлдем жұқтырмайтындай күй кештік. «Көппен көрген ұлы той» демекші, барша ұжым болып бір шешім қабылдауымыз ауызбіршілігіміздің белгісі деуге болады. Үйіміздегі қарт ата-анамыздың хал-жағдайына, денсаулығымызға алаңдайтымыз рас болса, екпенің екі бірдей дозасын қабылдауымыз қажет», – дейді Регби бойынша ҚР Ұлттық әйелдер құрамасының мүшесі Даяна ҚАЗЫБЕКОВА.
Вакцинаның маңыздылығы туралы «Азия Спорт» регби клубының ойыншысы Сергей ДЕНИСЮК айтып отыр.
« Қаламызға сенімді, қорғаныс әсері бар вакцина әкелінгеннен кейін өзім тұратын ауданға қарасты екпе егу пунктіне барып, вакцина алдым. Карантин уақытында сүйікті істеріммен айналыса алмадым. Біраз уақыт үйде қамалдық, төрт қабырғадан жалығып та кеттік. Бұл кезең спортшылар үшін өте қиынға соқты. Айналасы 4-5 айдың ішінде талаптардың біразы жеңілдеп, жұмыспен, спортпен қауыштық. Екпенің адам өміріне зиян тигізбейтінін, керісінше вирустың жеңіл өтуіне септігін тигізетінін естігенде қуандым. Себебі, менің отбасым бар, балам өсіп келеді, оларды індеттен қорғау менің әкелік міндетім. Инъекция ешқандай асқынусыз өтті. Мен барша адамзат баласына вакцина алуға кеңес беремін. Өйткені, екпе қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беретін жалғыз жол», – дейді Сергей ДЕНИСЮК.