Коронавирусқа қарсы вакцина адамды аурудан толықтай қорғай алмайды, бірақ дертті жеңілдетеді. Бұл туралы Алматы қаласының жоғары санатты дәрігері, Қоғамдық денсаулық сақтау магистрі Наталья Рахальская айтты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz
Наталья Николаевнаның айтуынша, ерте вакциналанғандарда ауру әлдеқайда жеңіл өтуде. Мұндай адамдардың иммундық жүйесі тез сауығады.
«Бізде бұл инфекцияға қарсы вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы ғылыми және клиникалық деректер жеткілікті. Бұл - аурудың негізгі аспектілері. Ауырған және вакцинаның толық курсынан өткен адамдар КВИ-ге қарсы ең жақсы иммундық қорғанысқа ие екендігі туралы қазірдің өзінде көп жазылған. Қайта ауруға шалдығу қаупі, әсіресе, 60 жастан асқан адамдарда бар, сондай-ақ иммундық жүйені әлсіретуші қатар жүретін аурулары бар адамдар үшін өте маңызды»,-деп жалғастырды Н. Рахальская.
Вакцинаның өзі иммунитетті төмендетпейді, керісінше, оны ынталандырады. Вакциналанбаған әрі дерт жұқтырғандардың COVID-19-ға қарсы екпе алғандарға қарағанда халдері ауыр болады. Н. Рахальскаяның айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың дертке қарсылығы 98-99%-ды құрайды.
Вакциналардың пайдасы туралы айта келе, дәрігер шамамен 40-50 жыл бұрын бүкіл әлемде өршіп тұрған қызылша, полиомиелит, дифтерия, көкжөтел және басқалары сияқты инфекцияларды екпенің жойғанын айтты.
«Қазіргі уақытта жақсы үйлестірілген профилактикалық, эпидемияға қарсы шаралардың және балалар мен ересек тұрғындарды иммундаудың арқасында адамдар үшін қолайлы эпидемиялық ахуал қалыптасты. Өкінішке орай, адамдар жұқпалы аурулардың қаупін тез ұмытады, сондықтан бүгінгі күні вакциналарға күмәнмен қарайды», - дейді Н. Рахальская.
Алматылық дәрігер коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырды, өйткені дертті тоқтатудың тиімді жолы – екпе салдыру.
Еске салсақ, бүгінде қалада 771 мыңнан астам адам 1-ші компонентпен вакциналанды. Жалпы, 60 жастан асқан адамдардың жалпы санынан 104 мыңнан астамы егілді.
Қалада медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдени-спорттық нысандарда, базарлар мен СОСО-да 160 екпе пункті бар. 1028 адамнан тұратын 237 екпе бригадасы жұмылдырылды.