Алматыда ҚР Ұлттық ғылым академиясының жанынан «Тұран» университеті базасында «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығының ресми ашылуы өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл бастама – тек бір ғылыми орталықтың іске қосылуы емес, тұтас ел мен халықаралық академиялық кеңістікті қамтитын көпдеңгейлі ғылыми желінің іргетасын қалауымен ерекшеленеді. Орталықтың басты мақсаты – халықаралық зерттеу хабын қалыптастырып, «жұмсақ ғылыми инфрақұрылым» желісін дамыту.
Іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия мемлекеттерінің консулдары мен дипломатиялық өкілдері, халықаралық ұйымдар, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің басшылары, академиктер мен сарапшылар қатысты. Бұл орталықтың бастапқыдан-ақ халықаралық сипатқа ие екенін аңғартады.
Салтанатты жиын премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзінде бұл күннің тарихи маңызын ерекше атап өтілді. Министр «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығының ашылуы отандық гуманитарлық ғылымның жаңа кезеңін айқындайтын маңызды оқиға екенін жеткізді. Министрдің айтуынша, бұл бастама алғаш рет 2025 жылдың желтоқсанында академиктермен өткен кездесуде ұсынылып, қысқа уақыт ішінде халықаралық деңгейдегі жобаға айналған. Сонымен қатар, орталықтың ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының құрылымында, «Тұран» университеті базасында ашылуы оның маңызын арттыра түседі. Аида Ғалымқызы орталық қызметі Ұлы даланың өркениеттік мұрасын зерттеуге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдіріп, ұжымға табысты жұмыс тіледі.

Іс-шара барысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басқарма төрағасы – президенті Ақылбек Күрішбаев және «Тұран» университетінің президенті Рахман Алшанов сөз сөйлеп, жаңа орталықтың стратегиялық маңыздылығына тоқталды.
Саясат Нұрбек өз сөзінде тарихи сананың маңызын айрықша атап өтті:
"Өкінішке қарай, біз өз тарихымызды толыққанды білмейміз. Осындай ғылыми орталықтардың құрылуы – уақыт талабы. Бұл бастама идеологиялық тұрғыдан ағартушылықты күшейтіп, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Тарихын білмейтін халықтың болашағы бұлыңғыр", – деді министр.
Ал Рахман Алшанов Ұлы дала өркениеті – халықтың мыңдаған жылдық тарихы мен мәдениетінің айқын көрінісіне тоқталды. Оның айтуынша, тарихи жадыны, мәдени кодты және ұлттың өркениеттік субъектілігін терең түсіну – ұзақ мерзімді тұрақтылық пен қоғамдық бірліктің негізі. Ол өз сөзінің соңында орталықтың ашылуына қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясына алғыс білдірді.
Орталықтың ашылуында Академия президенті Ақылбек Күрішбаев та маңызды тұжырымдарын жеткізді. Ол жаңа Конституция жобасының преамбуласындағы «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып...» деген мазмұн мемлекетіміздің терең тарихи және өркениеттік негізін айқындайтынын атап өтті. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибеде тиімділігін дәлелдеген халықаралық мәдени-ғылыми институттарды мысалға келтірді. Атап айтқанда, Қытайдың Конфуций институттары, Германияның Гёте орталықтары және Түркияның Юнус Эмре институттары ұлттық мәдениетті жаһандық деңгейде ілгерілетудің табысты үлгілері ретінде көрсетілді. Осыған ұқсас модель бойынша «Тұран өркениеті» орталығы да үш деңгейлі құрылым негізінде жұмыс істемек:
– Ұлттық ғылым академиясы үйлестіретін орталық ғылыми хаб;
– Ел ішіндегі университеттер мен ғылыми ұйымдарды біріктіретін ұлттық желі;
– Шетелдерде ашылатын «Тұран орталықтары» мен «Тұран кафедралары».
Бұдан бөлек, орталық аясында «Turan Civilization Digital Atlas» цифрлық платформасын іске қосу жоспарланып отыр. Жоба барысында цифрлық архивтер қалыптастырылып, GIS технологиялары, жасанды интеллект және интерактивті картография гуманитарлық зерттеулерге енгізіледі. Бұл ғылыми нәтижелердің ашықтығын қамтамасыз етіп, оларды халықаралық деңгейде кеңінен таратуға мүмкіндік береді.
ҚР Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Білім және қоғамды дамыту орталығының басшысы Жеңісбек Төленнің айтуынша, жаңа орталық Еуразия кеңістігіндегі түркі елдерінің ортақ ғылыми алаңына айналмақ:
– Бұл тек Қазақстан аясындағы жоба емес. Орталық түркі мемлекеттерінің мәдени, рухани, әдеби және тілдік құндылықтарын біріктіретін халықаралық зерттеу алаңы болады. Ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асырып, мемлекеттер арасындағы интеграцияны нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, қазақ мәдениетін халықаралық брендке айналдыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Ал «Тұран» университетінің стратегиялық даму, ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Дина Разакова жобаның концептуалдық маңызына тоқталды. Оның пікірінше, «Ұлы Дала» ұғымы бүгінде ұлттық брендтік бірегейлікке айналып келеді:
"Бүгінде әдебиет, тіл білімі, археология және басқа да бағыттар бойынша көптеген ғылыми институт бар. Алайда оларды біріктіретін тұтас жүйе жоқ еді. Бүгін сол олқылықтың орны толып отыр. Бұл орталық – әртүрлі ғылыми бағытты бір арнаға тоғыстыратын платформа. «Ұлы Дала және Тұран өркениеті», «Ұлы Дала және музыка», «Ұлы Дала: денсаулық пен мәдениет» секілді бағыттар аясында кешенді зерттеулер жүргізіледі. Біз өз тарихымыздың тереңдігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, оны әлемге танытуымыз керек", – деді ол.
Орталықтың ашылуы аясында өткен ғылыми конференцияда қатысушылар Ұлы даланы тұтас өркениеттік кеңістік ретінде пәнаралық тұрғыдан зерттеу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, «Тұран өркениеті» ғылыми парадигмасының әдіснамалық негіздері ұсынылды.
Кездесу аяғында «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығы аясында бірлескен ғылыми жобаларды кеңейту, тәжірибе алмасуды жүйелі жолға қою және ғылыми байланыстарды тереңдету бағытында нақты келісімдерге қол жеткізілді. Сонымен, жаңа орталықтың ашылуы – ұлттық ғылымның жаңа кезеңге қадам басуы ғана емес, Ұлы даланың бай мұрасын жаһандық ғылыми айналымға енгізуге бағытталған стратегиялық бастама.
Дана САДЫРҚАН