Адамзат баласы үшін өзекті тақырыптар талқыланды.
Әлем елдерінің назары Нью-Йорк қаласына ауды. БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары апталығы әлемнің мемлекет және үкімет басшыларын жинап, адамзат баласы үшін өзекті болған саяси-экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тақырыптарды талқылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
76-сессияның апталығы бірнеше ерекшелігімен есте қалды. Ең алдымен биылғы жиынның гибрид форматында өткендігін айту керек, яғни ұйымға мүше 193 мемлекеттің 100-ден астамы Нью-Йоркке келіп, штаб пәтерде бас қосты. Ал қалған мемлекет өкілдері пандемияға байланысты онлайн форматында қатысуды ұйғарды. Тақырыптарға келер болсақ, әлемнің басты талқылау алаңында бірқатар өзекті, түйткілді мәселелер көтерілді. Солардың ішінде ковид пандемиясымен күрес, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, климаттың өзгеруі және Ауғанстандағы жағдайға көңіл бөлу күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар болды. Жиынның ашылуында сөз алған Бас Хатшы Антониу Гуттериш аталмыш мәселелерді шешу үшін ұйымға мүше елдердің ортақ күш-жігері қажет деп мәлімдеді.
«Қазіргі қиын қыстау уақытта мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың болмауы мені қынжылтады. Біздің серпіліс жасап, әрекет ететін уақытымыз жетті. Түрлі елдердегі төңкерістер, саяси тартыстар мен климаттың өзгеруі, адам құқықтарының тапталуы сынды көптеген проблемалар бар. Және олар адамның қолымен жасалды. Демек оны шешу де қолымыздан келеді деген сөз. Сонымен қатар пандемия уақытында дамыған мемлекеттердің басым бөлігі вакциналанып үлгергенімен, африкалықтардың 90 проценті екпенің бірінші дозасын да ала алмай отыр», - деді БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бейнеүндеуінде ковид пандемиясының адам өміріне әкелген зардабын айтып, отандық Каз-Вак екпесін әлем елдерімен бөлісуге дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ өзге де бірқатар проблемаларды шешудің тың-тетіктерін ұсынды. Мәселен Президент климат дағдарысы мен Ауғанстандағы гуманитарлық жағдайға тоқталып, ешбір қиындыққа қарамастан Ауған халқына қолдау көрсету керек деді. Соның айқын дәлелі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Алматы қаласында арнайы хаб құру бастамасы екені белгілі.
«Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстандағы жағдайды келісімшарт жүргізу арқылы шешу керек деген позициясын қолдаймыз. Осылай ғана түрлі құндылықтардың, діндердің, адамдардың нәсілдердің бір елде бейбіт өмір сүруі мүмкін болады. Қазіргі жағдайда саяси себептерге бола немесе жеке себептерге бола Ауған халқын тастап кетуге болмайды», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, еліміздің СІМ М.Тілеуберді бастаған Қазақстандық делегация Бас Ассамблеяның жұмысына қатысып, бірқатар келіссөздер жүргізді. Олардың қатарында АҚШ-тың мемлекеттік Хатшысымен және Орталық Азия елдерінің қатысуымен өткен министрлік кездесуді және азық-түлік жүйелері жөніндегі және энергетика жөніндегі самиттерді атап өтуге болады. Сонымен қатар биылғы сессияның ерекшелігі сол, Қазақстандық тараптың бастамасымен БҰҰ штаб пәтерінде Семей полигонының жабылуына арналған арнайы экспозиция ашылды. Ондағы фото-көрмеде Семейдегі ядролық сынақтардың адамзат баласына келтірген қатерлі зардабы мен салдары анық бейнеленді.
«Бізге мұндай көрмелер көптеп қажет деп ойлаймын. Өйткені осындай шаралар арқылы ядролық қаруды тестілеудің адам баласына және қоршаған ортаға келітеретін зияны туралы анық көруге болады. Ядролық қаруды тестілеу ешбір елде жүргізілмеуі керек. Біздің басты месседж де осы. Ал Қазақстан өзінің тәжірибесі арқылы өзге елдер үшін үлгі болып отыр», - деп айтты БҰҰ бас хатшысының жаһандық коммуникациялар жөніндегі орынбасары Мелисса Флеминг.
«Біздің Президентіміздің биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасын біздің әріптестеріміз және халықаралық ұйымдар қолдауда. Қазіргі таңда біз осы агенттіктің болашақта жұмыс істеу концепциясын дайындаудамыз. Қазіргі таңда эксперт деңгейінде Женевада жұмыс атқарудамыз. Енді оны толықтырғаннан кейін біз осы Нью-Йорктағы штаб пәтерге келіп тақылайтын боламыз», - деп атады ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Жалпы, БҰҰ жаһандық қауіпсіздіктің гарантына айналған және дүние жүзіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге жауапты бірегей легитимді халықаралық ұйым екендігін ескерсек, әлем жұртшылығы ковид пандемиясынан бастап, қоршаған ортаны сақтауға дейінгі өзекті мәселелердің шешуде батыл шешімдерді күтетіні анық. Бастысы, «саусақ бірікпей ине илікпейтінін ұмытпау керек», - деді ұйымың Бас Хатшысы А.Гуттериш. Оның айтуынша, адамзат баласын құтқару үшін әрекет ететін уақыт жетті.