немесе отбасындағы әке рөлін көтеруіміз керек
Жуырда әлеуметтік медиада төбе шашыңызды тік тұрғызар видеолар тарады. Оны бастан-аяқ көріп шығу үшін жүрек керек. Көп адамның бөліскені соншалық, әлеужеліні ашқан сайын сол видеолардан көз сүрінді.
Біреуіндегі бір қыздың екіншісін аяусыз жұдырықтап, теуіп, одан қалды шешіндіріп жатқан оқиға Шығыс Қазақстан облысында болған. Ал екіншісіндегі бірнеше жасөспірімнің жерде ес-түссіз жатқан бозбаланы «ұйықта» деп қойып екілене бет-аузынан тепкілеп жатқан қатыгез көрініс Қызылорда облысында болған. Иә, бұл жерге, облысқа бөлінетін мәселе емес, ұлтқа келген қасірет! Бәрімізге қағылған дабыл!
О заман да, бұ заман, қыздардың төбелескенін кім көрген?! Ал қазір бойжеткендер жұлысып, шаштасатын болған. Және онысын мақтан етіп видеоға түсіріп тұруды да ар көрмейді. Ұлдарымыздың тірлігі кешегі, өлімші етіп тепкілеп, жалғыз тастап кете барған таныстары реанимацияда жатыр бүгінде.
Неден қателік жібердік? Неге бұлай болды? Осының алдында да осыған ұқсас оқиғалар әлеуметтік желіде жиі көрініс беріп жүрді. Әлде талап, заң осал ма? Әлгі жуан жұдырықты балалардың ішіндегі біреуінің әкесі органда істеген деген әңгіме шықты. Әлде бала сонысын арқалана ма?
Бір қызығы, реанимацияда жатқан баланы алғашында құқық қорғау органдары «саябақта тайып жығылған» деген ақпарат таратқан-ды. Кейін видео әлеужеліге тарап кеткен соң, іс қозғалып отыр. «Құлап жарақат алған бала» мен «төбелесте оңбай соққы алған оқушының» жағдайын «ажырата» алмау да үлкен қателік әрі сын. Қоғамда үлкен резонанс туғандықтан, бұл оқиғаға жергілікті жердің тиісті органдары ел алдына шығып, баспасөз мәслихатын өткізді. Сол оқиғаға орай бірқатар лауазымды тұлғаның қызметінен босатылғаны да белгілі болды. Бірақ онымен мәселе түбегейлі шешіле ме? Психологиялық, моральдық һәм физикалық соққы алған қыз да, ұл да енді қандай күйде болмақ? Ата-анасы қандай жағдайда?
Біздің арамызда, өкінішке қарай, «мұғалім не қарап отыр, баламызды мектепте жүр деп отырмыз ғой» деген көзқарастағы ата-аналар да аз емес. Сөйтіп, барлық жауапкершілікті ұстаздарға артып қойғымыз келеді. Ал өзіміз жұмысбастылығымызды, сол баланы асыраудың қамымен жүргенімізді сылтауратамыз. Жұмысқа ерте кетіп, кеш келеміз. Баламның көйлегі көк, тамағы тоқ қой бастысы дейміз. Ал тәрбиесі ше? Оның жүрген ортасы қандай, кімдермен дос, қайда жүр, кайдан келді? Бұл сауалдарға бас ауыртқысы келмейтін ата-аналар да жоқ емес. Бас ауыртқанмен де, ие бермейтін балалар өсіп келеді. Себебі, тәрбиенің шегесі о баста босап кеткен. Тіпті, мектептегі ата-аналары жиналысына да санаулы ғана адамдар баратынымыз өтірік емес. Көбіміз тағы да сол жұмыстамыз.
Тақырыпқа орай
Сәрсен МҰСАҰЛЫ, қала тұрғыны:
– Осы оқиғалардан кейін бәрі түнгі рейд жүргізіп кетті. Меніңше, қоғамды шошытқан бұл жайттар жастарды әлеуметтендіру бағытындағы іс-шаралардың жеткіліксіздігін, тәрбие жұмыстары тек есеп беру үшін өткізілетіндігін тағы бір көрсетіп бергендей. Үнемі болары болып, бояуы сіңген кезде, оқиғаның салдарымен күресеміз де жүреміз. Ұят.
Салтанат АЙДАРАЛЫ, тігінші:
– Жалпы, өмір болғасын, қызуқанды жастар арасында түрлі кикілжіңнің орын алатыны сөсзіз. Бірақ соны неге жұдырықпен, асқан қатыгездікпен шешуді әдетке айналдырып барамыз? Мұндай жағдайда ең бірінші ата-ана жауапты болуы керек деп ойлаймын. Отбасы институты мықты болуға тиіс. Болды, басқа әңгімелер артық. Әр шаңырақтан шыққан бала қандай болса, жүрген ортасы да сондай болады. Жақсы адам етіп шығару өз қолымызда.
Сенің балаң өзгеге емес, өзіңе керек бірінші кезекте. Сондықтан кіммен, қайда, не істеп жүргенін үнемі қадағалап отыруға тиіспіз. Әйтпесе, қазіргі күні бәрін мектепте артып қоятындар көбейген.
Дауылпаз ҚАРАЖАН, зейнеткер:
– Кеше әлеуметтік желіден бір пікірлерді оқып қалдым. Оқушылар арасында ауызашарға бару үрдіске айналып барады депті. Олар үйді-үйіне тараймыз дегенше түн жарымы болады. Сөйтіп жүргенде, бұзықтары бір-бірімен ілініседі. Төбелес, ерегіс сондайдан басталады. Жиналып мешітке тарауыққа баруды сәнге айналдырды дегенді де көзім шалды. Сол оқушылардың көбі намаз оқымайды, мәнін де білмейді, дүрмекпен барады, одан шыққасын тарамай тағы жүреді депті. Меніңше, бала мешітке ата-анасымен барғаны дұрыс. Олар қазір дәл еліктегіш жаста жүр. Онсыз да қыз-қыз қайнап тұрған заманда дінмен уланбаса екен деген тілегім бар. Ілім-білім қуса деймін.
Қайдар ЖАНАЙДАР, құрылысшы:
– Үйдегі ата-ана тәрбиесінен бөлек, ұстаздардың бақылауын да күшейткен дұрыс. Бұрын біздің кезімізде тәрбие «завучтары» тек ер адамдар болатын. Олар керек жерінде ұлдардың құлағын «бұрап-бұрап», оңдырмай «сойып», маңдайынан «шертіп-шертіп» алатын. Онысы үшін «сен сөйттің» деп бір ата-ана келіп шағым айтпайтын, одан ешкім жаман да болған жоқ. Қазір «еті сенікі, сүйегі менікі» дейтін ата-ана жоқ. Сосын, бүгінде мектепте ер мұғалімдер аз. Ал бүгінгі тентек, сотқарлар, бір-бір үйдің еркесі әйел баласынан ыға қояр дейсіз бе?!
Жансая ӘРСЕНҚЫЗЫ, көп балалы ана:
– Сабағы бітіп, үйіне қайтқан балаға ата-анасы жауапты. Мектептен тыс уақытта баласына ие бола алмаған әке-шешені жауапқа тарту керек. Баласы түн жарымына дейін дала кезетін оқушылардың ата-анасына көлемді айыппұл салған дұрыс деп ойлаймын. Әйтпесе, біреудің баласы үшін мұғалімдер мен полицейлердің рейд деп түнімен көше аңдып жүргені жүрген. Менің ұстанымым – отбасындағы әкенің, ата-әженің рөлін күшейту керек. Шешеміздің «Әкеңе айтам!» деген бір ауыз сөзінде соншама сес, салмақ жататын баяғыда. Сол қазақы тәрбиені қайта қолға алуымыз керек.