Алматыда журналист-шаңғышылар клубы дейтін бір ерекше қауымдастық бар. Ол 2012 жылы құрылып, SCIJ Kazakhstan деп аталады. Осы жылдар ішінде қауымдастық Қазақстанды 30 елдің журналистерін біріктіретін беделді халықаралық ұйым – SCIJ (International Ski Club of International Journalists) құрамында таныстырып келеді. Бүгінде SCIJ Kazakhstan 45 журналисті біріктірген, ондаған старттарға қатысқан, халықаралық медальдар жеңіп алған үлкен қауым.
SCIJ 67 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Клуб 1951 жылы француз журналисі әрі тау шаңғышысы Жиль де Ла Рокктың бастамасымен құрылған. Алғашқы кездесу 1955 жылы Францияның Мерибель курортында өтті. Содан бері әлемнің ең үздік тау шаңғысы курорттарында жыл сайын кездесу ұйымдастырылады. Оған әртүрлі елден 100–200 журналист қатысып, гигант-слалом мен шаңғы жарыстарында бақ сынап, кәсіби тақырыптарды талқылап тұрады. Осы жылдар ішінде журналист-шаңғышыларды әлемнің 74 курорты қабылдаған.
Қазақстандық клубтың тарихы бір адамнан басталды. 2012 жылы журналист Анастасия Наумецкая Түркияда өткен SCIJ-дің жыл сайынғы кездесуіне қонақ ретінде алғаш рет қатысты. Бұл идея оны соншалықты шабыттандырып, 2013 жылы Ирина Баженова мен Андрей Кукушкинмен бірге қазақстандық команда құрылды. Италияда өткен SCIJ-дің 60 жылдық мерейтойлық кездесуінде Қазақстан халықаралық клубтың ресми мүшесі атанды. Анастасия Наумецкая бүгінде клубтың вице-президенті әрі қазақстандық команданың тұрақты капитаны.
SCIJ Kazakhstan тарихындағы маңызды тұлғаның бірі – «Время» апталық газетінің бас редакторы, клубты 13 жыл бойы басқарған Ирина Баженова.
«Жеке өзім тау шаңғысымен 40 жылдан астам уақыт бойы айналысып келемін. Бұл әуестікті маған әкем дарытты. Ол кезде бұл спорт сәнде болмаған, олар көтергіштерді өздері жасап, тіпті шаңғы бәтеңкелерін қолмен тігетін. Себебі кеңес заманында оларды дүкеннен сатып алу мүмкін қиын еді.
Мен Шымбұлақта ратрак та болмаған кездерді көрдім, қар жауғаннан кейін беткейлерді аяқпен таптап шығатынбыз.
Маған мұнда ашық аспан астында жаттығатыны ұнайды. Біздің стадион – тау. Таза ауа, қыс мезгілінде де белсенді болып, спортпен айналысу – осының бәрі адамға ерекше әсер беріп, кәдімгідей сергітеді.
SCIJ Kazakhstan клубы құрылған кезде мен әріптестеріме қысқы спорттың қызығын көрсетіп, қарлы, аязды күндері де уақытты тауда өткізуге болатынын дәлелдегім келді. Біз шетелдік жарыстарға барғанда көп адам алғаш рет Еуропаны көрді, ондағы тау шаңғысы курорттарының қалай жұмыс істейтінін білді.
Менің ойымша, клубтың маңызды ағартушылық миссиясы бар. Туризм мен спорт туралы жазатын журналистер трассалардың, көтергіштердің, сервистің қалай ұйымдастырылатынын, кәсіби терминдерді жатқа білуі керек. Бұл әсіресе қазір, Алматы тау кластері дамып жатқан кезде өте маңызды.
Қазақстанда тау шаңғысы мен сноубордтың танымал болғанына, курорттарымыздың дамып жатқанына қуаныштымын. Өөэз мүмкіндіктеріңізді дұрыс бағалаңыздар, басты қатерге тікпеңіздер, маңайыңыздағы басқа адамдарға қауіп төндірмеңіздер.
12 жыл ішінде клуб 3 адамнан 45 адамға дейін өсті. Олар – телеарна, газет, ақпарат агенттігі мен онлайн-басылым журналистері. SCIJ Kazakhstan-ның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, журналистерді тартып, олар арқылы қысқы халықты спорт түрлеріне шақыру, сондай-ақ Қазақстанның туристік әлеуетін шетелде ілгерілету. Осы клубтың арқасында шамамен он журналист өмірінде алғаш рет шаңғы тепті. SCIJ Kazakhstan серіктесі – Шымбұлақ мен Ой-Қарағай курорты.
Қазіргі таңда клубты Срайыл Смайыл – «КТК» АҚ Бас директордың орынбасары, SCIJ Kazakhstan президенті басқарады.
«Мен бұл клубқа 2014 жылы келдім. Яғни 11 жыл болды. Әр бес жыл сайын есептік-сайлау жиналысы өтеді, өткен жылы ашық жиналыста мені клуб президенті етіп сайлады. Сондай-ақ вице-президенттер мен бас хатшы сайланды. Жыл өткен сайын әріптестеріміздің клубқа қызығушылығы артып келе жатқанын атап өткен жөн.
Олимпиада чемпионы, әйгілі француз шаңғышысы Жан-Клод Килли: “Тау шаңғысы – бақыттың өзі емес, бірақ оны толықтай алмастыра алады” деген екен. Шаңғы – бұл спорт, денсаулық, биік таулардың романтикасы. Бірақ бұл қауіпті спорт түрі де, ол белгілі бір техниканы және тауға деген құрметті талап етеді.
Мен өзім 2014 жылы Шымбұлақта шаңғы тебуді үйрендім. Алғашқы күнім әлі есімде: нұсқаушым бір метр жүріп, құлап, сосын қайта тұруды үйретті. Ол кезде 51 жаста едім. Өте қиын болды. Өзімді әлі де кәсіби шаңғышымын деп есептемеймін, әлі үйреніп жүрмін.
Кейін КТК-ға оралғанда әріптестерімді клубқа тарттым. Көпшілігі мүлде сырғанай алмайтын. Сол кезде Шымбұлақ бізге нұсқаушылар бөліп, бір маусым ішінде бәрін шаңғы тебе алатын қылып шығардық.
Егер Шымбұлақ пен Ой-Қарағайды әлемдегі басқа курорттармен салыстырсақ, олардың сөзсіз артықшылығы бар. Ең бастысы – жақын орналасуы: қала орталығынан жарты сағатта жетуге болады. Сондықтан біз, журналист-шаңғышылар, Алматы тау кластерін дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды қолдаймыз».
Жыл сайын SCIJ Kazakhstan Шымбұлақ пен Ой-Қарағай курорттарында журналистер арасында гигант-слалом бойынша жарыс, сондай-ақ «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде шаңғы жарысын өткізеді.
2024 жылы Қазақстан алғаш рет SCIJ-дің 69-шы халықаралық кездесуін Алматыда қабылдады. Үйдегі старт нағыз триумф болды: қазақстандық команда 7 медаль, оның ішінде 3 алтын медаль жеңіп алды. Бұл жетістік 2025 жылы Италиядағы Bardonecchia курортында өткен кездесуде де расталып, қазақстандық журналистер тағы 7 медаль, соның ішінде 4 алтын медаль еншіледі.
2025–2026 қысқы маусымын клуб 19 желтоқсанда Шымбұлақта, журналистер арасында тау шаңғысынан Қазақстанның ашық чемпионатын өткізу арқылы ашты. SCIJ Kazakhstan мүшелері үшін бұл жарыс қана емес, тауға құштар жандардың тағы бір басқосуы іспетті болды.