Шабыттанудың тиімді тәсілдері
Бүгінгідей қайнап жатқан өмірде өзіңізді үнемі шабыттандырып, энергия ала білу өте маңызды. Әйтпесе, қым-қуыт мына заманда ештеңеге зауқыңыз соқпай, өзіңізді жоғалтып алуыңыз әбден мүмкін.
Жігеріңіз құм болып, шабытыңыз сарқылып жүрсе, келесі әрекеттерді жасап көріңіз:
Көбірек серуендеңіз! Ойды бір жүйеге келтірудің тиімді әдістерінің бірі – көшеге шығып, бой жазу. Серуендеу шығармашылық ойға жетелеп, көңіл-күйді жақсартып, өмірге басқаша қарауға көмектеседі. Жақын маңдағы саябаққа барып, таза ауада дем алыңыз, табиғаттың әсемдігінен рахаттанып, айналаңызды бақылаңыз. Бір сәтке болса да, проблемаларыңыз, міндеттеріңіз мен мақсатарыңызды ұмытып, сол сәтте болуға тырысыңыз.
Суретке түсіріңіз. Назарыңызды аударғанның бәрін суретке тартып алыңыз. Кейіннен ешбір мақсатсыз түсірілген кадрлардан бұрын ешқандай көз тоқтатып қарамаған заттарыңыздан немесе айналаңыздан қызықты детальдар, креативті образдар, тіпті қызықты адамдарды байқауыңыз мүмкін.
«Миыңызды қозғаңыз». Ол үшін фрирайтинг деп аталатын әдіс жақсы көмектеседі. Бұл тәсілдің арқасында баста жүрген ойлардан арылып, бір жеңілдеп қалуға болады. Ол үшін бір парақ қағаз алып, оған көптен бері ойыңызда жүргеннің бәрін, тіпті жаңа ғана келген ойды да тізіп шығасыз. Жазғаныңыз бір-бірімен қиыспауы, басы бар, аяғы жоқ болуы мүмкін. Бірақ оны түзетіп әуре болудың қажеті жоқ. Бәрін жазып болғаннан кейін, қайтадан бір қарап шығып, қажетсіз деп санағандарыңызды сызып тастаңыз. Ал қалған жазуыңыздан дереу іске асыруды қажет деп санайтындай өте құнды ойлар шығып қалуы мүмкін.
Өмірбаян оқыңыз. Ойыңызға алғаныңыз өзіңізге жөнсіз, ретсіз деп көрінсе, белгілі, танымал, жетістікке жеткен адамдардың өмірбаянын оқуға болады. Өзіңіз бұрыннан бері өмір жолына, жетістіктеріне қызығатын адамның өмірлік жолын зерттеңіз, ізденіңіз. Сізді өз ісімен, әрекетімен шабыттандыратын сол адамның тәжірибесінен өзіңізге қолдануға болатын не бар екеніне мән беріңіз, соған ұқсауға, тіпті одан асуға тырысыңыз.
Тізім жасаңыз. Алдағы уақытта істеймін, барамын деп жүрген істеріңіз бен ойларыңыздың бәрін жоспарлап, тізімдеп шыққан жөн. Тіпті армандарыңызды да жазып, армандар картасын жасаса да, артық емес. Оны жазуын жазып, көрінбейтін жерге тығып тастағанша, жиі-жиі қарап отырғаныңыз жақсы. Айқын әрі анық етіп жазылған мақсаттар нақты әрекеттер жасауға итермелейді.
Жаңа нәрсені үйрену. Өзіңізге таныс емес мамандық, кәсіп болмаса аспап үйрену де миға жақсы әсер етеді. Бұл тәсілдің арқасында айлар бойы шеше алмай жүрген мәселелерге басқаша көзқарас, басқа жолмен шешім шығару сияқты керемет ойлар келуі әбден мүмкін. Миды басқа арнаға ауыстырғанда, басқаша ойлар, жаңа мүмкіндіктер ашыла бастайды.
Өткенге саяхат. Ескі альбомдарды ақтарып, сурет қарау болмаса ата-анаңыздан кішкене күніңіздегі естеліктерді сұрау да пайдалы екен. Бала кездегі армандарыңызды еске түсіріп, жан-жағыңызға баланың көзімен қарап көріңіз. Мүмкін, бала қиялыңызда орындалмай қалған кейбір армандарды орындайтын уақыт келген шығар.
Өзіңізбен ниеттес, пікірлес адамдар іздеңіз. Ортақ қызығушылықтарыңыз бар орта қалыптастырыңыз. Бұл сіздің тәжірибе алмасып, дамуыңызға жақсы әсер етеді. Өзіңізбен ниеттес адамдардың пікірін біліп, жаңа ойдан шабыт алуға да септігін зор.
Жетістіктеріңізге қуана біліңіз. Бұған дейін сәтті, өзіңіздің ойыңыздан шыққан ісіңіз, жұмысыңыз болса, соны қайтадан бір қарап шығыңыз, сол кездегі қуанышты сәтіңізді еске түсіріңіз. Туған-туысыңыз, әріптестеріңіз бен достарыңыз сіздің қандай қасиеттеріңізді жоғары бағалап, құрметтейтініне мән беріңіз. Сол әрекеттеріңізді мақтан тұтыңыз. Бұл да - шабытты еселеудің ұтымды жолы. Шабыт таппай, сәтсіздіктен жолыңыз болмай жүрсе, осы кеңестерге құлақ түріп, іске кірісіңіз!