Freedom Референдум
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Алматы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Алматы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Билік / Сенімділік – жаңа күш: The National Interest басыл...

Сенімділік – жаңа күш: The National Interest басылымында Тоқаевтың мақаласы шықты

Билік Бүгін 20:42 28
Сенімділік – жаңа күш: The National Interest басылымында Тоқаевтың мақаласы шықты
The National Interest

АҚШ-қа сапары аясында америкалық The National Interestжурналында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарияланды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі Kazinformагентігіне сілтеме жасап.

Әлем тұрақтылық аса қат стратегиялық ресурстардың біріне айналған дәуірге қадам басты. Қақтығыстар көбейіп, геосаяси текетірес шиеленісті. Ал халықаралық институттар кереғарлық, поляризация және қоғам сенімінің төмендеуі салдарынан жиі тығырыққа тіреледі.

Ондаған жыл бойы жаһандық саясат глобализм тұжырымына сай өрбіді. Бастапқыда бұл бағыт қате емес еді. Оның әуелдегі өзара байланысқан әрі инклюзивті халықаралық тәртіп құру мақсаты, тым болмағанда, қағаз жүзінде ақылға қонымды әрі сындарлы сипатта болған еді.

Дегенмен уақыт өте келе бұл идея бұрмаланып кетті. Жауапкершіліктен жұрдай инклюзивтілік, шектеусіз еркіндік секілді идеологияға шамадан тыс бой алдырған алғышарттар мен моральдық үстемдікке (немесе ерекшелікке) негізделген модельге айналды. Ал дербес қоғамдардың, прагматик саясаткерлердің және ақыл-парасатқа сүйенетіндердің көзқарасын ешкім елегісі келмеді.

Нәтижесінде жаһандану (глобализм) жүздеген миллион әлем халқының көз алдында біртіндеп легитимділігінен айырылды.

Бұл сенім өздігінен жоғалған жоқ. Оған мемлекеттік институттарда, халықаралық құрылымдарда және жетекші елдердің саяси жүйелерінде тамыр жайған, бұрын-соңды болмаған ауқымдағы жемқорлық фактілерінің әшкереленуі түрткі болды. Танымал саяси қайраткерлердің осындай пасық әрекеттерге баруы солшыл идеологиялық бағдарламалармен байланысты үкіметтерге деген күдік-күмәнді одан сайын күшейтіп жіберді.

Қазіргі халықаралық ахуалға орай прагматизм мен реализмге зәрулік артып келеді. Бұл бетбұрыс, әсіресе, Мюнхенде өткен конференциядан анық байқалады. Онда сөз сөйлеген кейбір батыс көшбасшыларының салмақты ойларының астарынан қарапайым шындық аңғарылады: ұлттық мүдделерді елемеуге болмайды, егемендікті қолайсыздық ретінде қарастыру дұрыс емес, ал идеологиялық догма арқылы тұрақтылыққа қол жеткізе алмайсың.

Әлем ынтымақтастықтан бас тартпайды. Ол иллюзиядан шаршады. Жаңадан қалыптасып келе жатқан доктрина барынша түсінікті: тәртіп заң үстемдігіне, жауапкершілікке, түсінікті міндеттемелерге және мәдени әрі ұлттық бірегейлікті құрметтеуге негізделуге тиіс. Бұл – оқшаулану емес. Бұл – саяси кемелділік.

Ескі модельдің қауқарсыздығын қақтығыстарды реттеуден байқадық. Халықаралық қауымдастық бітпейтін келіссөздерге, декларациялар және конференцияларға тым көп уақыт жоғалтты. Олардың көбі символикалық мәлімдемелерден әрі аса алмады. Нәтижесі баршаға мәлім: орындалмайтын келісімдер, нақты нәтижеге ұласпайтын дипломатия және бейбітшілікке қол жеткізе алмайтын бітімгерлік процестер. Әлем мұндай тәсілге енді жүгіне алмайды.

Дәл сол себепті Президент Дональд Трамптың бастамасымен құрылған әрі Біріккен Ұлттар Ұйымының толық қолдауына ие болған Бейбітшілік кеңесін алға бастайтын қадам деуге болады. Бұл – толассыз пікірталасқа арналған кезекті алаң емес. Бұл – әсіресе Газа секторында және Таяу Шығыста нақты нәтижеге қол жеткізуді көздейтін практикалық бастама.

Аталған бастаманың ең негізгі ерекшелігі – оның логикасында. Ақ үй шын мәнінде тың тәсіл ұсынды: яғни өзін-өзі сарқыған саяси формулаларды қайталаудың орнына, «бейбітшілікке тек орнықты экономикалық даму арқылы жетуге болады» деген айқын әрі орындалуы ықтимал тұжырымды алға тартты. Басқаша айтқанда, бейбітшілік жай ұран емес, жоба ретінде қарастырылады. Инфрақұрылым салу, инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу және қақтығыстың өршуіне сылтау да, себеп те қалдырмайтын келешектің қамы осы идеяның аясына кіреді. Жаңаша тәсілімен және өршіл мақсатымен ерекшеленетін бұл бастама халықаралық қоғамдастықтың құрметі мен назарына лайық.

Қазақстанда Президент Трамптың стратегиясымен байланысты саяси қағидаттарға оң көзқарас қалыптасқан. Қоғамда және сарапшылар арасындағы түрлі пікірталастарда оның әрекеті ақылға қонымды, дәстүрлі құндылықтарды сақтау, ұлттық мүддені қорғау және соғысты созбалаңға салмай, тезірек аяқтау ниеті ретінде қабылданады.

Бұл ұстанымдардың кеңінен қолдауға ие болуының себебі, көптеген қоғамның ішкі қалауы сол, яғни қауіпсіздікті, тұрақтылықты қалайды, адамның қадір-қасиеті аяқасты болмаса екен дейді. Қазақстан бұл бағытты сөз жүзінде емес, іс жүзінде қолдайды. Сондықтан біз Бейбітшілік кеңесіне қосылып, оның қызметіне нақты іспен қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадық.

Бұл – Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылу шешімінің қисынды жалғасы. Жай ғана дипломатиялық ишара емес, стратегиялық таңдау. Қазақстан әрдайым теңгерімді әрі сындарлы ұстанымды сақтап келеді. Біз Израильмен берік қарым-қатынас орнаттық. Алайда Палестина халқын да дәйекті түрде қолдап келеміз. Бейбітшілік орнатудың жалғыз жолы – «Қос халық үшін екі мемлекет» формуласы деп санаймыз. Біз бұл шешімді қабылдағанда, бір жағынан, экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инвестиция тарту және озық технологияларды игеру секілді ұлттық мүддемізді де ескердік. Одан кеңірек алып қарасақ, мұсылман және еврей қауымдары арасындағы диалогті кеңейтуге септігіміз тиер деп үміттенеміз.

Осы қадамның бәрі Құрама Штаттармен серіктестігімізді бұрынғыдан да нығайта түседі.

Қазақстан мен АҚШ өзара құрметке және түсіністікке негізделген сан қырлы серіктестікті жолға қойды. Америкалық компаниялар ұзақ жылдардан бері, әсіресе, энергетика секторында еліміздің ең ірі инвесторлары қатарына кіреді.

Бүгінде ынтымақтастығымыз аса маңызды стратегиялық минералдар, цифрлық инфрақұрылым, озық өндіріс, логистика және инновациялар секілді жаңа бағыттарда қанат жайып келеді. Таяуда америкалық Cove Capital компаниясымен бірлесіп, әлемдегі ең ірі вольфрам кен орнын игеру жобасын қолға алдық. Осы үрдісті одан әрі нығайтып, қос халықтың игілігі үшін америкалық серіктестермен тығыз қарым-қатынасты жалғастыруға ниеттіміз.

Соңғы жылдары біз жаңғыру, экономиканы әртараптандыру және әлемдік нарықтарға шығу стратегиясын іске асыра бастадық. Инвестициялық ахуал едәуір оңалды. Құқықтық-нормативтік базаны жақсарттық және өңірлер арасындағы көлік байланысын күшейттік. Нәтижесінде Қазақстанның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 15 мың АҚШ долларына жетті. Еліміз Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретінде жетекші рөлін айқындай түсті.

Мақсатымыз айқын: біз технологияға, инновацияға және жоғары деңгейлі адам капиталына негізделген заманауи экономика құрып, Азия мен Еуропаны жалғайтын маңызды көлік-логистика дәлізіне айналғымыз келеді.

Бұдан бөлек, біз цифрлық трансформацияға, мемлекеттік секторды жаңғыртуға және жасанды интеллектіні тіршіліктің барлық саласына кеңінен енгізуге белсенді кірістік. Бұл – жай ғана абстрактілі арман емес, заманауи сын-қатерлерге төтеп беретін, бәсекеге қабілетті мемлекет құру жолындағы ұлттық стратегиямыздың арқауы.

Экономикалық өрлеу жолында терең институционалдық реформалар жүргізіліп жатыр. Алмағайып заман мен жаһандық сын-қатерлер жағдайында Қазақстан өз тарихындағы ең маңызды саяси жаңғыру кезеңін бастан өткеруде. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа ала отырып, суперпрезиденттік модельден тежемелік және тепе-теңдік жүйесі күшейтілген мемлекеттік басқару моделіне көшпекпіз.

Бұл жаңғыру бағдарламасы жақын арада маңызды межеге қадам басады. Қазақстан мемлекеттік институттарды нығайтуға, жауапкершілікті арттыруға және болашақтың қамы үшін мемлекетті басқарудың анағұрлым орнықты және берік жүйесін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Конституцияны қабылдау бойынша ұлттық референдум өткізуге дайындалып жатыр.

Бүгінгі халықаралық ортада сенім сөзбен емес, жүйелі іс пен жауапкершілік арқылы айқындалады. Міндеттемелерін бұлжытпай орындайтын, ашық әрекет ететін және нақты ынтымақтастыққа ұмтылатын елдер ғана берік сенім қалыптастырады.

Қазақстан өз мақсатынан айнымайды, серіктестермен әрдайым адал әрі сенімді қатынас құрады, тұрақтылықты бағалайды, халықаралық міндеттемелерін сақтап, нақты нәтижеге қол жеткізуге ұмтылады.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Тоқаев #Мақала
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматыда "Құқық + AI: құқығыңды біл" атты экспромт-кездесу өтті

Бүгін 21:12

Алматыда жаңа екі медициналық мамандық енгізілмек

Бүгін 20:38

Дархан Сатыбалды Алматы инвесторлары және кәсіпкерлерімен кездесу өткізді

Бүгін 17:25

Референдум-2026: қала жұмыс ырғағында

Бүгін 17:12

5 жыл бұрынғы рекорд жаңарды: Алматыда +23 градус тіркелді

Бүгін 16:57
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі