Алматыда автокөліктерді техникалық тексеру кезінде көліктің шыққан жылы немесе экологиялық класы емес, нақты шығарындылар деңгейі ескеріледі, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында заң шығару мәселелері бойынша сарапшы, Алматының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Бұзырбаев айтып берді.
Оның айтуынша, шекті рұқсат етілген шығарындылардың жиынтық томына сәйкес, автокөлік көзі қаладағы зиянды заттар шығарындыларының жалпы көлемінің шамамен 60%-ын алады. Бұл ретте негізгі назар ескі көліктерге тыйым салуға емес, белгіленген экологиялық нормативтен нақты асып түсетін автокөліктерді анықтауға бағытталады.
«Бір жылы шығарылған және бір экологиялық класқа жататын екі көліктің шығарындысы әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан жүйе әр көліктің нақты жағдайын бағалауы керек», – деді Ерлан Бұзырбаев.
Сарапшының айтуынша, автокөліктің жылы оны пайдалануға шектеу қоюға өздігінен негіз болмайды. Техникалық тұрғыдан жарамды көлік шығарылған жылына қарамастан тексеруден өте алады.
Өлшеу жұмыстары СТ РК 1433-2023 стандартына сәйкес жүргізіледі. Тексеру барысында пайдаланылған газдардың құрамындағы көміртек тотығы (СО), көмірсутектер (СН) және түтіндену деңгейі сияқты көрсеткіштер анықталады.
Сарапшының айтуынша, автокөліктерді техникалық тексеру – ауаның ластануын азайтуға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі. Бұл бағыттағы шаралар жылу энергетикасы, өнеркәсіп, жеке сектор және отын сапасына қатысты жұмыстармен қатар жүргізіледі.