Өнер жолы кейде көрерменге көрінбейтін, бірақ сахнаның шын мәніндегі тірегіне айналған мамандардың маңдай терімен қалыптасады. Солардың қатарында қазақ театрының сахна мәдениетіне адал қызмет етіп келе жатқан Жаманқұл Талғат Шыңғысбайұлының еңбегі айрықша.
Ол 1971 жылдың 27 тамызында Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Асы ауылында дүниеге келді. Табиғаты тұнық, тіршілігі қарапайым ауылда бойына сіңген еңбекқорлық пен жауапкершілік кейін оның бүкіл кәсіби болмысына арқау болды. Бала күнінен өнерге, сахна әлеміне деген ерекше қызығушылығы оны тағдырлы таңдауға алып келді.
Театр саласындағы еңбек жолын ол Қазақстандағы ең іргелі шығармашылық ұжымдардың бірі – М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры қабырғасынан бастады. Бұл театрда ол сахна декорациясы бөлімінде қатардағы қызметкер ретінде жұмысқа қабылданып, уақыт өте келе режиссердің көмекшісі дәрежесіне дейін көтерілді.
Көпшілікке көрінбейтін, бірақ спектакльдің көркемдік тұтастығын қалыптастыратын сахна артындағы тынымсыз еңбек – Жаманқұл Талғат Шыңғысбайұлының шынайы болмысын айқындаған негізгі мектеп болды. Ол сахна кеңістігін құру, жарық пен мизансценаның үйлесімін табу, көркемдік шешімнің режиссерлік оймен астасуын қамтамасыз ету жолында талай ізденіс жасап, 40-тан астам қойылымның сахналануына белсене қатысты.
Әр спектакль – жеке тағдыр. Әр декорация – сахнадағы оқиғаның көркем тілмен сөйлейтін бейнесі. Осы жауапкершілікті ол әрдайым терең сезініп, ұсақ-түйекке дейін мән беруді өзіне басты қағида етті.
Жаманқұл Талғат Шыңғысбайұлының кәсіби ерекшелігін айқындайтын тағы бір қыры – оның сахнадағы тірі процесті жан-тәнімен сезіне білуі. 1998 жылы театрда қызмет атқарып жүрген кезінде, өзінің тікелей міндетіне кірмесе де, қойылым барысында актерлерге суфлерлік жасап, мәтіндегі ауытқуларды, сахнадағы ұсақ қателіктерді дер кезінде ескертіп отырған. Актерлермен бірге алаңдап, спектакльдің тағдырына шынайы жанашырлықпен қарауы – оның өнерге деген адал көзқарасының айқын көрінісі еді.
Ол әріптестеріне ақыл-кеңесін ашық айтып, өз ой-пікірін батыл жеткізе білді. Режиссерлермен, суретшілермен, техникалық қызмет мамандарымен бір деңгейде пікір алмасып, шығармашылық үдерісте тең серіктес ретінде жұмыс істеді. Ұжым ішінде әділдікті талап етіп, өнер сапасына немқұрайлы қарауға жол бермейтін принципшіл мінезімен де ерекшеленді.
Бұл – мансап қуған адамның емес, театрдың тағдырын өз тағдырымен тең көрген шынайы жанашырдың болмысы.
2016 жылдан бастап ол Алатау дәстүрлі өнер театры сахна декорациясы бөлімін қалыптастырып, әртүрлі қызметтер атқарып келеді. Бұл кезең – оның кәсіби тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті толық ашылған жаңа белес болды. Бөлім жұмысын жүйелеу, сахналық жабдықтар мен көркемдік безендірудің сапасын арттыру, жас мамандарға бағыт-бағдар беру – оның күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналды.
Бүгінде ол үшін сахна – жай ғана жұмыс орны емес. Бұл – өмірінің мәні, ішкі жан дүниесімен біте қайнасқан рухани кеңістік. Ол театрды сырттай сән-салтанатымен емес, ішкі тәртібімен, кәсіби мәдениетімен, сахна артындағы өзара сыйластықпен өлшейді.
Жаманқұл Талғат Шыңғысбайұлы – көрерменге таныс бейне емес, бірақ әр спектакльдің табысты өтуіне үнсіз үлес қосып жүрген нағыз театр адамы. Оның еңбек жолы – адалдықтың, жауапкершіліктің және өнерге деген шынайы махаббаттың айқын үлгісі. Шынайы еңбегі бағаланып «Мәдениет қайраткері» және «Мәдениет саласының үздігі» белгілерімен марапатталған.
Сахна шымылдығы ашылған сайын, көрермен көз алдына келмейтін жүздеген қолдың еңбегі қатар тұрады. Сол еңбектің ішінде Жаманқұл Талғат Шыңғысбайұлының қолтаңбасы, талай қойылымға сіңген маңдай тері мен жан жылуы бар.
Өнер мен еңбек үндестігі
Дәстүрлі әнші Рауан Абилбаев және сахна тынысын күзеткен инженер Нұрғазы Уйкасов
Қазақ мәдениетінің бүгінгі тынысы – тек сахна төріндегі ән мен күйден ғана тұрмайды. Оның ар жағында тынымсыз еңбек, көзге көрінбейтін үлкен жауапкершілік пен кәсіби адалдық жатады.
Осы бір ортақ рухани кеңістікте өнерге жанын арнаған әнші де, сол өнер ордасының қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп жүрген техник-маман да бір мақсатқа қызмет етеді.
Солардың қатарында дәстүрлі ән өнерінің өкілі Рауан Абилбаев пен театр тынысын күзеткен білікті инженер Нұрғазы Уйкасовтың орны айрықша.
Дәстүрлі әннің дара жолын жалғаған өнерпаз – Рауан Абилбаев

Дәстүрлі өнердің қазынасын бүгінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізіп жүрген өнерпаздардың бірі – Абилбаев Рауан Бауржанұлы. Ол 1988 жылдың 23 шілдесінде Алматы облысы, Көксу ауданы, Қабылиса ауылында дүниеге келді. Бала күнінен-ақ ән мен жырға жақын болып өскен жас талапкердің жүрек қалауына айналған жолы – қазақтың дәстүрлі ән мектебі еді.
Алғашқы білімін ауыл мектебінде алған соң, 2004–2009 жылдары Талдықорған қаласындағы Қ.Байсеитов атындағы саз колледжінде оқып, кәсіби өнер жолына нық қадам басты. Бұл кезең оның орындаушылық мәдениеті қалыптасып, сахналық болмысы айқындалған жылдар болды.
2009 жылы ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дәстүрлі ән бөліміне оқуға түсіп, 2013 жылы осы өнер ордасын тәмамдады. Ұлттық өнердің іргелі шаңырағында алған білім жас әншінің шеберлігін шыңдап, шығармашылық өрісін кеңейтті.
Еңбек жолын 2013 жылы Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы мәдениет үйінің «Жібек жолы» ансамблінде солист ретінде бастаған Рауан Абилбаев 2016 жылға дейін көрермен жүрегінен жол тапқан талай концерт пен мәдени шаралардың бел ортасында жүрді.
2017 жылдан бері Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледжінда ұстаздық етіп, жас әншілерге дәстүрлі орындаушылықтың қыр-сырын үйретіп келеді.
Ал 2018 жылдан бастап Алатау дәстүрлі өнер театрының дәстүрлі әншісі ретінде сахналық қызметін жалғастырып, ұлттық өнердің насихатшысы болып келеді.
Өнер жолындағы табандылығы мен еңбегі көптеген байқауларда лайықты бағасын тапты. 2013 жылы қазақтың әйгілі әнші-ақыны Кенен Әзірбаев атындағы VII республикалық «Шырқа даусым» байқауының бас жүлдегері атанды.
2014 жылы Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Толағай тілім толғасы» жыршы-термешілер байқауында топ жарып, сол жылы Алматы қаласы әкімдігі мен Майра продюсерлік орталығы бірлесіп өткізген «Күміс көмей, жезтаңдай» қалалық байқауында II дәрежелі лауреат болды.
2015 жылы «Шабыт» халықаралық фестивалінде, 2016 жылы «Тарихқа тағзым» республикалық жыршылар байқауында жүлделі орыннан көрінді.
2017 жылы «Ұлы Дала Елі» халықаралық жыршылар фестивалінде Алматы қаласы әкімінің арнайы дипломымен марапатталып, сол жылы «Ән дария дүлдүлдері» республикалық байқауында лауреат атанды.
2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын қолдау аясында Qazaqstan телерадиокорпорациясы ұйымдастырған «Men Qazaqpyn» халықаралық мегажобасында Гран-при иегері болды.
Бүгінде Рауан Абилбаев – дәстүрлі әнді сахна төрінде ғана емес, шәкірт жүрегінде де жаңғыртып жүрген, өнер мен ұстаздықты қатар алып келе жатқан талапты әнші.
Сахна қауіпсіздігінің қалқаны – Нұрғазы Уйкасов

Өнер ордасының тынысы тек орындаушылармен өлшенбейді. Сахнаның артындағы көрінбейтін қызмет, үздіксіз қауіпсіздік пен техникалық тұрақтылық – театр өмірінің басты тірегі. Сол тіректің бірі – Уйкасов Нұрғазы Диқанбайұлы. Ол 1971 жылғы 25 қарашада
Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан Республикасының Шомынай ауданы жерінде дүниеге келді.
1979–1989 жылдары Гагарин атындағы қазақ орта мектебін тәмамдап, жас кезінен еңбекке, тәртіпке бейім болып қалыптасты. 1989–1991 жылдары әскери борышын өтеп, азаматтық жауапкершіліктің, темірдей тәртіптің маңызын терең түсінді.
1992–1994 жылдары Семей қаласындағы Пушно-меховой техникумда білім алып, техникалық саладағы кәсіби бағытын айқындады.
Ал 1994–1996 жылдары «Самғау» акционерлік қоғамында күзетші қызметін атқарып, еңбек жолын бастады.
1996 жылдан бастап Нұрғазы Диқанбайұлы Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс органдарында табан аудармай 20 жыл қызмет етті. Қауіптің алдын алу, төтенше жағдайдың салдарын азайту, адамдар өмірін сақтау – оның күнделікті кәсіби міндетіне айналды.
Өз ісіне деген адалдығы мен жауапкершілігінің арқасында прапорщик шеніне дейін көтерілді.
Ұзақ жылдар бойы өрт қауіпсіздігі саласында шыңдалған тәжірибе оны өз ісінің нағыз майталманы деңгейіне жеткізді.
2017 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін ол
«Алатау» дәстүрлі өнер театры» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында инженерлік коммуникацияларды қамтамасыз ету бөлімінің автоматты өрт сөндіру қондырғылары жөніндегі қызмет көрсету технигі болып еңбек етіп келеді. Театр алғаш ашылған күннен бастап осы ұжымның құрамында үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан білікті маман ретінде үлкен сенімге ие.
Нұрғазы Уйкасов үшін театр – халық руханиятына қызмет ететін қасиетті мекен. Өнер иелері сахнаға алаңсыз шығып, көрерменмен еркін қауышуы үшін, ол күн сайын үнсіз еңбек етіп, қауіпсіздіктің қалқанына айналып келеді.
Бірі – сахна төрінде дәстүрлі әнмен ел жүрегін тербеген өнерпаз, екіншісі – сол сахнаның тынысын күзеткен инженер.
Рауан Абилбаев пен Нұрғазы Уйкасовтың жолдары әртүрлі болғанымен, тоғысқан ортақ мұраты – ұлттық өнерге адал қызмет ету.
Өнерді асқақтататын да, оны қорғайтын да – осындай өз ісіне берік, ел мүддесін биік қоятын азаматтар.