Біздің мегаполисте орналасқан Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ – еліміздің жетекші ғылыми-клиникалық орталықтарының бірі. Мұнда барлық өңірден келетін жүрек-қан тамырлары жүйесінің, ішкі ағзалардың күрделі аурулары және коморбидті патологиялары бар пациенттерге мамандандырылған, жоғары технологиялық, стационарлық, стационарды алмастыратын және амбулаториялық медициналық көмек көрсетіледі. Біздің бүгінгі сұхбат Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаевпен өрілді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
– Рүстем Мұхтарұлы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қанайналым жүйесі аурулары әлемдегі өлімнің негізгі себебі болып қалып отыр. Біздің елдегі жағдай қандай?
– Медицинаның елеулі жетістіктеріне қарамастан, иә, ол рас. Қазақстанда бұл бағытта оң үрдіс байқалады. 2021-2025 жылдар аралығында қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім көрсеткіші 35,1 пайызға, сырқаттанушылық деңгейі шамамен 15 пайызға төмендеді. Бұл ахуал әлемдік тенденцияға сәйкес келеді.
Қазақстан – профилактикалық бағдарламаларды кеңейту, скринингтік тексерулерді дамыту, кардиологиялық көмекті жетілдіру және жоғары технологиялық медициналық көмекті өрістету нәтижесінде жүрек-қан тамырлары ауруларын қоса алғанда, жұқпалы емес аурулардан болатын мерзімінен бұрын болатын өлімді төмендету жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нысаналы көрсеткішіне қол жеткізген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болды.
– Елімізде қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім мен сырқаттанушылықты төмендетуге қандай іс-шаралар ықпал етті?
– Өлім көрсеткішінің төмендеуі – мемлекеттің жүйелі жұмысының нәтижесі. Елімізде 2024-2026 жылдарға арналған Қанайналым жүйесі аурулары кезінде медициналық көмекті жетілдіру жөніндегі жол картасы және қанайналым жүйесі ауруларын ерте анықтауға бағытталған скринингтік бағдарлама сәтті іске асырылуда. Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырып жатқан ұйымдастырушылық және медициналық іс-шаралар кешені қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім мен сырқаттанушылықты төмендетуге мүмкіндік берді. Бұған ықпал еткен негізгі іс-шаралар: инсульттік және кардиологиялық орталықтар желісінің дамығаны; жүрекке жасалатын жоғары технологиялық операциялар санының артқаны; жедел медициналық жәрдем қызметінің жетілдірілгені; миокард инфаркті мен инсультті емдеудің заманауи клиникалық хаттамаларының енгізілгені; халықты профилактикалық қарап-тексерумен және диспансерлік бақылаумен қамтудың кеңейтілгені; кардиохирургиялық көмектің қолжетімді бола түскені; артериялық гипертензия және жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерді дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің жақсарғаны.
Институтымыздың клиникасында ем қабылдайтын пациенттердің басым бөлігін қанайналым жүйесі аурулары бар науқастар құрайды. 2025 жылы клиникада 8 111 пациент ем қабылдаса, биылғы 1-ші тоқсанда олардың саны 1 829 болды. Осы пациенттердің 60 пайыздан астамы қанайналым жүйесі ауруларымен ауырғандар. Ал пациенттердің 6,9 пайызына тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді.
– Институт базасында елімізде алғаш рет үйлестіруші және мамандандырылған орталықтар құрылғанынан хабардармыз. Солардың бірі – Артериялық гипертония орталығы. Осы орталықтың қызметі туралы тарқата отырсаңыз.
– Артериялық гипертония орталығының мамандары резистентті және жалған резистентті артериялық гипертонияның, жүктілік және босанғаннан кейінгі кезеңдегі гипертензиялық жағдайлардың дифференциалды диагностикасын жүргізеді. Артериялық гипертонисы бар пациенттерді емдеп, оларды ұзақ мерзімді бақылауға алады, бейінді мамандармен бірлесіп кешенді медициналық көмек көрсетеді.
Біздің институтқа Еуропалық артериялық гипертония қоғамының «Hypertension Excellence Centre» мәртебесі берілді. Бұл статус институттың артериялық гипертония мен жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау, емдеу және алдын алу саласындағы жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін растайды.
Hypertension Excellence Centre бағдарламасы – Еуропалық артериялық гипертония қоғамының жетекші клиникалық және ғылыми орталықтардың халықаралық желісін қалыптастыруға бағытталған бастамасы. Ал Excellence Centre мәртебесі Еуропалық артериялық гипертония қоғамының қатаң сараптамалық сүзгісінен өтіп, белгіленген сапа талаптарына тұрақты түрде сәйкес келетін медициналық ұйымдарға ғана беріледі.
– Институт мамандар даярлай ма? Қандай білім беру бағдарламалары бар?
– Бізде резидентураның 9 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Оның ішінде ересектер және балалар кардиологиясы, сондай-ақ кардиохирургия мамандықтары бар. 2023 жылмен салыстырғанда резидентурада білім алушылар саны бүгінде 2,5 есе артты. Егер 2023 жылы «Кардиология (ересектер, балалар)» білім беру бағдарламасы бойынша 27 резидент оқыса, 2025 жылы олардың саны 69 болды. Яғни, институт ұлттық денсаулық сақтау жүйесі үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлап келеді. Соның бір дәлелі: биылғы маусым айында институт институционалдық аккредиттеуден, сондай-ақ резидентураның білім беру бағдарламалары бойынша 5 жыл мерзімге – аккредиттеу талаптарында көзделген ең жоғары мерзімге – мамандандырылған аккредиттеуден сәтті өтті.
Резиденттер оқудың алғашқы күнінен бастап профессорлардың клиникалық аралауларына, ғылыми-практикалық талқылауларға тең құқықты қатысушы ретінде қатысады. Жас мамандарға тәжірибелі профессор-тәлімгерлердің бекітілуі жаңа буын дәрігерін даярлауға мүмкіндік береді.
– Қанайналым жүйесі аурулары бойынша ғылыми бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Ғылым – институт қызметінің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі. Жас ғалымдарды қолдау және перспективалы ғылыми зерттеулерді дамыту мақсатында ішкі гранттық қаржыландыру жүйесі енгізілді. Қазіргі күні 5 бастамашыл ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта бұл жобалар ірі ұлттық және халықаралық ғылыми зерттеулердің негізіне айналуы мүмкін.
Институт клиникалық тәжірибенің нақты деректерін жинауға, медициналық көмектің сапасын жетілдіруге және дәлелді медицина қағидаттарын практикаға енгізуге мүмкіндік беретін тіркелімдік (регистрлік) клиникалық зерттеулерге белсенді қатысады.

Сонымен қатар жүрек-қан тамырлары патологиясы бар пациенттерді емдеудің жаңа әрі тиімді әдістерін іздеуге және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге арналған дәлелді ғылыми негіз қалыптастыруға бағытталған биомедициналық зерттеулер қарқынды дамып келеді.
– Қол жеткен табыстарға тоқмейілсіп қарап отыратын уақыт емес екені белгілі. Институттың алдағы жоспары қандай?
– Жуырда ғана күшіне енген жаңа Конституция әділдік, қолжетімділік және профилактика қағидаттарына негізделген денсаулық сақтау жүйесінің заманауи моделін бекітті. Мемлекет азаматтарға медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді өз мойнына алып, денсаулық сақтау жүйесін, медициналық ғылымды және заманауи технологияларды дамытуға қажетті жағдайлар жасауда. Қабылданған өзгерістер – денсаулық сақтау жүйесін, әлеуметтік саясатты және еліміздегі өмір сапасын одан әрі дамытудың берік негізі. Ал біздің міндет – осы конституциялық нормаларды іс жүзінде тиімді жүзеге асырып, әрбір азамат олардың нақты нәтижесін сезіне алатындай жағдай жасау.
Сондықтан Мемлекет басшысы айқындаған мақсаттарды конституциялық реформаның қағидаттары негізінде іске асырудың жауапты кезеңі басталып отыр. Конституциялық өзгерістер медициналық ғылымды, инновацияларды және жоғары технологияларды дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жасанды интеллектіні, цифрлық медициналық сервистерді, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу жұмыстары жалғасын табады.
Біз алдымызға мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті одан әрі дамыту арқылы көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру және пациенттердің ең заманауи медициналық технологияларға қолжетімділігін қамтамасыз ету; институттың клиницистерінің, профессор-оқытушылар құрамының және ғылыми қызметкерлерінің кәсіби дамуын үздіксіз жетілдіру; ғылыми-зерттеу қызметін одан әрі күшейту; институттың халықаралық беделін нығайту мақсатында медициналық туризмді дамыту сынды ауқымды міндеттер қойып отырмыз.
Осы орайда біздің клиникада ем алатын шетелдік пациенттердің саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өткім келеді. Олардың басым бөлігі кардиология, кардиохирургия, интервенциялық кардиология, аритмология және медициналық оңалту бағыттары бойынша медициналық көмекке жүгінеді.
Біздің басты мақсат – институттың Орталық Азиядағы жетекші ғылыми-клиникалық орталықтардың бірі ретіндегі ұстанымын одан әрі нығайту. Ал ешқашан өзгермейтін басты қағидат – адам денсаулығы, оның жүрегінің амандығы. Жұдырықтай жүрек – бізге аманат.
– Сұхбатыңыз үшін рақмет!
Әңгімелескен Нұржамал ӘЛІШ