Алматыда Республика күні қарсаңында «Көк Туым – мақтанышым!» атты патриоттық велошеру өтті. 70-тен астам жас велосипедші мемлекеттік ту мен жалауша ұстап, қала көшелерімен жүріп өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шараны Алматының Жастар саясаты басқармасы Жетісу ауданының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Велошеру көшін Алматының символы саналатын қар барысы бейнесіндегі «Қожа» кейіпкері бастады. Ол арнайы жабдықталған пикап көлігімен шеруге жол көрсетті. Оның соңынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын ұстаған велосипедшілер ілесті.
Қатысушылар Алматы ипподромынан басталған бағытпен Серіков және Қазыбаев көшелері арқылы өтті. «Көк Туым – мақтанышым!» ұраны аясында бас қосқан жастар осылайша ел тәуелсіздігіне, тарихы мен ұлттық құндылықтарына деген құрметі мен мақтанышын білдірді.
Велошерудің мақсаты – жастардың бойындағы отансүйгіштік рухты нығайту, мемлекеттік рәміздерді дәріптеу және азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басымдықтармен де үндеседі. Президент ұлттық бірегейлікті нығайтуға және жауапты ұрпақ тәрбиелеуге ерекше мән беріп келеді. Бұл ұстанымдар адалдық, еңбекқорлық, азаматтық жауапкершілік пен Отанға деген сүйіспеншілікке негізделген «Адал азамат» тұжырымдамасының қағидаттарымен сабақтас.
Қатысушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастарға мемлекеттік рәміздердің мәнін тереңірек түсінуге және ел болашағына өзінің де жауапты екенін сезінуге мүмкіндік береді.
«Мемлекеттік ту – тәуелсіздігіміздің, халқымыздың бірлігі мен еліміздің болашағы алдындағы жауапкершілігіміздің нышаны. Мемлекет басшысы патриоттық тәрбиеге, адал, білімді әрі жауапты азаматтардан тұратын «Адал азамат» ұрпағын қалыптастыруға ерекше мән береді. Біздің міндетіміз – жастарға ұлттық құндылықтар туралы айтып қана қоймай, олардың елге деген мақтаныш сезімін арттыратын бастамаларға қатысуына мүмкіндік беру. Осындай іс-шаралар арқылы отансүйгіштіктің құр сөзбен шектелмейтінін, оның нақты істерден, тарихымызға, мәдениетімізге және мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметтен көрінетінін жеткізгіміз келеді. Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін сақтап, елдің жарқын болашағын қалыптастыру – бүгінгі жастардың міндеті», – деді велошеруге қатысушылар.
Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, велошеру 25 қазан – Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралардың бірі болды. Бастаманың негізгі мақсаты – жастарды жалпыұлттық құндылықтар төңірегіне біріктіру, салауатты өмір салтын насихаттау және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру.