2026 жылғы 24 шілдеде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы музей ісі саласындағы халықаралық мәдени ынтымақтастық және тәжірибе алмасу аясында Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласындағы Чжэцзян провинциясы музейінде Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің «Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті» көрмесі ашылды. Жоба «Beijing J&Y Eloquence Culture Communication Co., Ltd.» («Бейжің қаласындағы «Qinyan Jie» мәдени коммуникациялар компаниясы») компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.
Көрменің салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің директоры Саров Сержан Бараханұлы мен Қытай Халық Республикасы Чжэцзян провинциясы музейінің директоры Цзи Юньфэй қатысып, бұл мәдени жобаның Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы қарсаңындағы маңызын ерекше атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі ежелгі және ортағасырлық Қазақстан көшпелі тайпаларының мәдениетін жан-жақты бейнелейтін бірегей археологиялық қорымен ерекшеленеді. Бұл жәдігерлер Ұлы дала өркениетін қалыптастырған көшпелілердің мәдени дәстүрлерін, өнерін және тұрмысын жан-жақты айшықтайды. Көрменің басты мақсаты – қытайлық көрерменге халқымыздың бай тарихын, көпғасырлық мәдени мұрасын, ата-бабаларымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесін таныстыру», – деді көрменің ашылуында Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің директоры С.Б. Саров.
Көрменің ресми ашылу рәсіміне Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласындағы Қазақстан Республикасы Бас консулы Аққошқаров Нұрлан Советұлы, Бейжіңдегі Қазақстан мәдениеторталығы директорының орынбасары ОңғаровТалант Шырынбекұлы, Қытай музейлерінің басшылары, тарихшы ғалымдар, археологтар, мәдениеттанушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
![]()
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі мен Қытай Халық Республикасының Чжэцзян провинциясы музейі арасында музей ісі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар екі музейдің мамандары ғылыми зерттеулер жүргізу мен Ұлы Жібек жолының тарихи ескерткіштерін зерделеу мәселелері бойынша тәжірибе алмасты және болашақта бірлескен археологиялық экспедицияларды ұйымдастыружөнінде келісімдер жасалды. Бұл бастама ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтып, екі ел арасындағы мәдениетаралық диалогтың одан әрі дамуына серпін береді.
Көрме ғылыми қауымдастық тарапынан зор қызығушылық тудырып, Қытай жұртшылығын Ұлы дала көшпелілері өркениетімен жақынырақ таныстыруға мүмкіндік берді.
Өзара байланысты үш бөлімнен тұратын көрме экспозициясы Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің археологиялық қорындағы бірегей жәдігерлермен таныстырады. Экспозицияда қола дәуірінің артефактілері, ерте темір дәуіріндегі көшпелілер мәдениетінің ескерткіштері, сондай-ақ түркі тайпаларының материалдық мәдениеті мен Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалық өркениеттің мұралары ұсынылған.
![]()
Сонымен қатар, көрмеге Орталық Қазақстан ескерткіштерінен табылған зергерлік бұйымдар, Жетісу өңірі көмбелерінен шыққан металл еңбек құралдары қойылды.
Көрменің «Ерте көшпелілер мәдениеті (б.з.д. VIII ғ. – б.з. III ғ.)» атты екінші бөлімі сақ, үйсін, ғұн (сюнну) және Қаңлы мемлекетінің археологиялық мұраларын хронологиялық ретпен таныстырады.
Экспозицияның ерекше бөлігін үш археологиялық реконструкция құрайды:
![]()
• «Алтын адам» (б.з.д. IV–III ғғ., Алматы облысы, Есік қорғаны; реконструкция авторлары – К.А. Ақышев пен А.А. Ақышев, орындаушы – Қырым Алтынбеков);
• «Қаңлы ақсүйек әйелінің киімі мен әшекейлерінің реконструкциясы» (б.з.д. II ғ. – б.з. IV ғ.; реконструкция авторы – профессор А.Н. Подушкин);
• «Ғұн (Сюнну) ақсүйек жауынгерінің қару-жарағы мен киімінің реконструкциясы» (б.з.д. II ғ. – б.з. I ғ.; реконструкция авторы – профессор А.Н. Подушкин).
Сонымен қатар көрмеде сақтар мен үйсіндердің ғұрыптық бұйымдары – Жетісу сақ шеберлерінің аң стилінде жасалған қазандар, хош иіс түтеткіштер мен шырағдандар ұсынылған.