Алматыда Сатыбалды Нарымбетов туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді
Алматыда белгілі кинорежиссер, жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сатыбалды Нарымбетовті еске алуға арналған «Тарих тудырған тұлға» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Деректі фильмнің тұсаукесеріне Сатыбалды Нарымбетовтің туыстары, танымал киногерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. Белгілі кинорежиссерді еске алуға арналған деректі фильмнің авторы — режиссер Сатыбалды Текеев. Оның айтуынша, деректі фильмде қазақ кино өнері майталманының жүріп өткен жолы мен шығармашылығы баяндалады.
«Қазақ киносында жазушылықтан режиссураға ауысқан, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдулла Қарсақбаев сынды қазақ киносының шеберлерінен кейінгі толқынның біртуар тұлғасы ол – Сатыбалды Нарымбетов. Негізі Сәкең жайлы деректі фильм түсіруді оның көзі тірісінде, 75 жасқа толар шағында бастағанбыз. Осы кезде пандемия басталып кетті. Қаржылық жағынан да қысылтаяң кезең болды. Алайда, өткен жылы қаржылай көмек табылып, өткен жылдың желтоқсан айында фильмді түсіріп бітірдік. Бұл фильмді біз Сәкеңнің өмірі мен шығармашылығын келешек ұрпақ көрсін, білсін, оның өмірбаяны мәңгілік тарихта қалсын деген мақсатпен түсірдік. Бұл Сатыбалды жайлы түсірілген алғашқы деректі фильм. Алдағы уақытта Сәкеңнің туған күніне орай деректі фильмді «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсететін болады»,- деді Сатыбалды Текеев.
Шара барысында мәдениет, өнер саласының өкілдері Сатыбалды Нарымбетов жайлы естеліктерімен бөлісті.
Қазақ композиторы, күйші, домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбеков деректі фильмді көргеннен көңілі босағанын жеткізді.
«Деректі фильм қоңыр үн, қоңыр күй, бәрі қоңырдан тұратын тәтті мұң секілді. Сатыбалды қазақтың тарихын, тағдырын сонау тереңнен қозғап, жалпақ жұртқа жеткізуі – оның өмірлік арманы іспетті болды. Ол көбінесе жазушы, драматург Ақсар Сүлейменовке еліктейтін. Сатыбалдының ойлаған ойлары мен сөздерінде Асекеңнің ықпалы болуы мүмкін. Ал сол ойларын оның халыққа жеткізуін мен үлкен бақыт деп ойлаймын»,- деді Секен Тұрысбеков.
Жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубайдың айтуынша, Сатыбалды Нарымбетов - өз халқын сүйіп өткен адам.
«Сатыбалды ерекше азамат еді. Ол барлық адамды жақсы көрді. Әсіресе, өз халқын, жасын да, кәрісін де жақсы көрді. Бұл гуманистік қағидасы оның өнерінде көрінетін. Халқына деген ұлы махаббат оның жүрегінде ғұмыр бойы жанып тұрды. Біз тура елу жыл дос болдық. Ол өз-өзіне ескерткіш қойған режиссер болды. Сәке (Сатыбалды Текеев – ред) сіз досыңызға экранда ескерткіш қойыпсыз. Бұл еңбегіңіз құтты болсын. Енді Сатыбалды Нарымбетов жайлы әңгіме болса бұл фильмді айналып өтпейтін боламыз»,- деді Смағұл Елубай.
Жазушы Әлия Бөпежанова деректі фильмде Сатыбалды Нарымбетовтің тұлғалық қасиеті дәл ашылғанын айтты.
«Әрине, бір деректі фильмде Сәкең туралы бәрін айту мүмкін емес. Бұл Сәкең туралы үлкен дастанның басы деп ойлаймын. Біз әлі Сәкеңе оралатын боламыз. Оны ұлы суреткер, ұлы кинорежиссер деп айтсақ болады. Жатқан жері жарық болсын», - деп еске алды Әлия Бөпежанова.
Кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда Сатыбалды Нарымбетовтің тірі кезінде басталған «Жаңғырық» фильмінің әлі түсіріліп бітпегеніне өкініш білдірді.
«Сатыбалды аға бастап кеткен фильмді түсіруге балалары, «Қазақфильм» киностудиясы, тіпті, Мәдениет министрлігі атсалысып жатыр. Дегенмен, фильм әлі түсіріліп бітпей жатыр. Бұл өте өкінішті жағдай. Себебі, Сатыбалды Нарымбетов - дүниежүзілік аренаға танымал режиссер. Оның бастаған дүниесін біздің бітіре алмай жүруіміз - ол біздің осалдығымыз деп білемін. Ол намысқа тиетін нәрсе. Сондықтан бұл мәселені көтеру керек деп ойлаймын», - деді актер.
Сатыбалды Нарымбетовтің ұлы, кино оператор Ескендір Нарымбетов бүгінгі шараға келген қонақтарға, әкесі жайлы деректі фильмді түсірген Сатыбалды Текеевке алғысын жеткізді.
«Бүгінгі шараға келген барлықтарыңызға алғыс айтамын. Әкемізді ұмытпай, оны сыйлап, бағалағандарыңыз үшін мың алғыс. Сатыбалды аға әкем жайлы түсірген деректі фильміңіз үшін көп рахмет. Фильм өте тамаша шықты. Маған қатты әсер етті. Әкем өмірінде көп нәрсені жасауға үлгермей кетті. Соның бірі - оның соңғы «Жаңғырық» атты фильмі. Қазір бұл фильмді түсіріп жалғастыру мәселесі өте өзекті болып тұр. Дегенмен, біз оны түсіріп бітіреміз деп ойлаймын»,- деді Ескендір Нарымбетов.
Айта кетейік, Сатыбалды Нарымбетовтің туған күні қарсаңында «Қазақфильм» киностудиясының «Жұлдыздар аллеясындағы» Сатыбалды Нарымбетов жұлдызына гүл шоқтары қойылды.
«Ұлттық кинематография шебері – Сатыбалды Нарымбетовтың есімі қазақ кинематографиясының алтын қорына жазылған. Оның таланты мен шеберлігімен жасалған кино туындыларын қалың көрермен «классикалық шығарма» деп таниды. Ол жас ұрпақ үшін құрмет пен еліктеудің үлгісі болары сөзсіз. Қазақстандық көрермендер мен ұлттық кинематографияның жанкүйерлері белгілі кинорежиссердің шығармашылық үлесін жоғары бағалайды», - деп хабарлады «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі.