Жаңа Конституция жобасын қоғамдық талқылау барысында сарапшылар Негізгі заңда бұрын мұндай айқын әрі тікелей бекітілмеген тұжырымдамалық идеяларға ерекше назар аударып отыр.
Реформа жөніндегі парламенттік жұмыс комиссиясының мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраева аталған құжатта мемлекеттің тек құқықтық емес, сонымен қатар құндылықтық негізін қалыптастыратын ережелер пайда болғанын атап өтті, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Оның айтуынша, тарихи сабақтастық қағидатының конституциялық деңгейде бекітілуі негізгі жаңалықтың бірі болды. Қазақстан Республикасы Ұлы дала кеңістігінде өмір сүрген мемлекеттік құрылымдардың құқықтық әрі тарихи мұрагері ретінде тікелей айқындалады.
«Ұлы дала — бұл біздің Отанымыз. Оның аумағында әртүрлі мемлекеттер өмір сүрді, бүгін Қазақстан Республикасы өзінің тарихи сабақтастығын нақты көрсетіп отыр. Бұл ұлттық бірегейлік пен мемлекеттіліктің маңызды элементі», — деп атап өтті сарапшы.
Екінші маңызды қағидат экологиялық жауапкершілікке қатысты. Конституция жобасында табиғатқа, жерге, су ресурстары мен атмосфераға ұқыпты қарау қажеттілігі ерекше атап көрсетілген. Бұл жай декларация емес, стратегиялық бағдар ретінде ұсынылып отыр. Табиғи мұраны сақтау мемлекеттің орнықты дамуы мен экономикалық болашағының негізгі шарты ретінде қарастырылады.
«Біз өз мұрамызға — жерге, суға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауымыз керек. Мұнда экология ғана емес, мемлекеттің болашағы сияқты үлкен мәселе жатыр», — дейді Алуа Ибраева.
Сондай-ақ құжатта бірлік идеясына ерекше мән берілген. Мәтінде «Қазақстанның біртұтас халқы» ұғымы азаматтардың жай ғана жиынтығы емес, ортақ құндылықтар мен ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікке біріктірілген ұйысқан қоғам ретінде сипатталады.
Бұдан бөлек, жоба Қазақстанның басқа мемлекеттермен тұрақты әрі достық қатынастарды ұстануға бейімділігін бекітеді. Елдің халықаралық қауымдастықта лайықты орын алуға ұмтылысы мен өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген серіктестік құру ниеті айқындалады.
Сарапшының пікірінше, осы ережелердің жиынтығы Конституцияның жаңа идеологиялық шеңберін қалыптастырады: құжат билік жүйесін ғана реттеп қоймай, тарихқа, халық бірлігі мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке сүйене отырып, ел дамуының стратегиялық бағдарларын айқындайды.