«Қазақтелеком» Азия мен Еуропа арасындағы негізгі цифрлық көпір ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте нығайтып, Азиядағы ең ірі технологиялық конгресс – Mobile World Congress (MWC) Shanghai 2026 (конгресс сайтына гиперсілтеме) аясында екі беделді марапатқа ие болды.
Биыл Шанхайда өткен ең ірі салалық конгресс жасанды интеллект, мобильді байланыс, бұлтты технологиялар және заттар интернеті салаларындағы шешімдерді таныстыруға арналған әлемдік басты алаңға айналды.
Әлемнің жетекші корпорациялары қазақстандық оператордың трансконтиненталдық инфрақұрылымды дамытуға және жаһандық байланысты нығайтуға қосқан үлесіне оң баға берді. Марапаттарды табыстау Global Partner Awards 2026 сыйлығы аясында өтті. China Unicom Global компаниясы «Қазақтелекомды» «Жаһандық байланыс саласындағы жылдың үздік серіктесі» (Excellent Partner of the Year – Global Connectivity) деп таныса, China Telecom операторға «Байланыс операторлары арасындағы үздік инновациялық серіктес» (Best Innovative Carrier Partner) марапатын табыстады.
Сала сарапшыларының пікірінше, Қытай телеком-нарығы көшбасшыларының Қазақтелекомды екі рет жоғары бағалауы Қазақстанның жаһандық деректер транзитіндегі стратегиялық рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.
«Бірден екі халықаралық марапатқа ие болу – серіктестеріміздің жоғары сенімінің көрсеткіші әрі Қазақстанның Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды цифрлық көпірге айналып келе жатқанын дәлелдейді, – деді «Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік бизнес дивизионы халықаралық келісімдер департаментінің директоры Айнұр Байбатырова. – Біз телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыта отырып, әлемнің жетекші операторларымен ынтымақтастықты кеңейту мен Еуразия кеңістігінің байланыстылығын арттыруға бағытталған жобаларды іске асырамыз».
Ресми марапаттау рәсімінен бөлек, «Қазақтелеком» делегациясы әлемдік байланыс нарығының ірі ойыншыларымен бірқатар жабық екіжақты кездесулер өткізді. Олардың қатарында:
– China Mobile International, China Telecom Global және China Unicom Global;
– Arelion Sweden (Швеция);
– Билайн және Ростелеком.

Келіссөздердің негізгі тақырыптары Қытай – Еуропа транзиттік бағыттарын кеңейту, деректерді өңдеу орталықтарының серіктестік желілерін дамыту және интернет-трафик алмасуды оңтайландыру болды.
Тараптар телекоммуникация саласына жасанды интеллект технологияларын енгізуге баса назар аударды. Компаниялар процестерді автоматтандыру, желілерді басқару тиімділігін арттыру және жаңа цифрлық сервистерді іске қосу үшін ЖИ интеграциясы бойынша бірлескен қадамдарды белгіледі.
Іс-шара туралы
Mobile World Congress Shanghai 2026 – Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі АКТ индустриясының негізгі пікірталас және көрме алаңы. Биыл конгресс байланыс технологиялары, бұлтты есептеулер, заттар интернеті (IoT) және жасанды интеллект инфрақұрылымы салаларындағы озық шешімдерді таныстыру үшін нарық көшбасшыларын біріктірді.