«Қазақтелеком» АҚ-ның Бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов пен Сервистік фабриканың Бас директоры Айтолды Рақымұлы компанияның телекоммуникациялық инфрақұрылым нысандарында көшпелі гемба өткізді. Іс-сапар барысында басшылар желіні пайдалану және техникалық қызмет көрсету жұмыстарының ұйымдастырылуымен, өндірістік персоналдың еңбек жағдайларымен танысып, қызметкерлермен өндірістегі өзекті мәселелер мен жұмыс үдерістерін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстарды талқылады.
Гемба аясында өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Басшылар байланыс нысандарындағы жұмыстардың орындалу тәртібімен, оның ішінде биіктікте және кабельдік кәріз жүйесінің жерасты құрылыстарында атқарылатын жұмыстармен, жеке қорғаныс құралдарын қолданумен, сақтандыру жүйелерін пайдаланумен және еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуымен іс жүзінде танысты. Мұндай формат компания басшылығына жұмыстардың нақты орындалу жағдайын бағалауға, өндірістік бөлімшелер қызметінің ерекшелігін тереңірек түсінуге және үдерістердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған шешімдерді дер кезінде қабылдауға жағдай жасайды.
«Гемба – өндірістік үдерістердің тиімділігін арттырудың және ашық өзара іс-қимыл мәдениетін дамытудың маңызды құралы. Нысандарға шығу қызметкерлердің еңбек жағдайларымен тікелей танысуға, өндірістегі өзекті мәселелерді талқылауға және оларды одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтау компанияның сөзсіз басым бағыты болып қала береді», – деп атап өтті Сервистік фабриканың Бас директоры Айтолды Рақымұлы.
Көшпелі гембаның өткізілуі «Қазақтелеком» АҚ-дағы үздіксіз жетілдіру және өндірістік қауіпсіздік мәдениетін дамыту жолындағы кезекті қадам болды. Бұл үрдіс басшылардың жеке қатысуына, қызметкерлермен ашық диалогқа және телекоммуникациялық инфрақұрылымды пайдалану мен оған техникалық қызмет көрсету үдерістерін жүйелі түрде жетілдіруге негізделген.