Қазақстан мен Түркия жастары «Қайрат» ФК академиясының тәжірибесімен танысты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда Қазақстан мен Түркия жастары арасындағы тәжірибе алмасу бағдарламасы жалғасуда. Кезекті іс-шара «Қайрат» футбол клубының академиясында өтіп, қатысушылар жас спортшыларды даярлау жүйесімен және оларды қолдаудың заманауи тәсілдерімен танысты.
Академия өкілдері жас футболшыларды дамыту, олардың білім алуы, әлеуметтік бейімделуі және кәсіби мансабын жоспарлау бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар спорттық психология және психологиялық тұрақтылықты қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Арнайы сессия барысында қатысушылар эмоционалдық интеллектіні дамыту, күйзеліске төзімділікті арттыру және спортшылардың ынтасын сақтау тәжірибесін талқылады. Сондай-ақ жоғары қысым жағдайында шешім қабылдау және психологиялық саулықты сақтау мәселесі қарастырылды.
Түркия делегациясының өкілдері түркі мемлекеттері жастары арасындағы тәжірибе алмасудың маңызын атап өтіп, жастар саясаты, спорт және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.
«Алматыға сапарымыздың негізгі мақсаты – түркі елдерінің жастары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, мәдени және білім беру салаларындағы тәжірибе алмасуды дамыту, сондай-ақ жастар ұйымдары арасындағы өзара байланысты кеңейту. Алматы – түркі әлемінің маңызды мәдени және жастар орталықтарының бірі. Сондықтан бұл сапар екі ел жастары арасындағы достықты одан әрі нығайтуға және жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік береді», – деді Түркия Республикасының Жастар және спорт министрлігінің министр кеңесшісі әрі Психоәлеуметтік қолдау департаментінің басшысы Элиф Гүнеш.
Іс-шара «Алматы – Түркі әлемінің жастар астанасы» жобасы аясында өтуде. Алдағы күндері бағдарлама қатысушыларын мәдени, білім беру және қоғамдық іс-шаралар күтуде. Сонымен қатар 12-14 маусым аралығында Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық кемпингі ұйымдастырылады.