Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары қарсаңында «Le Figaro» басылымына «Қазақстан – Францияның стратегиялық әрі сенімді серіктесі» атты мақаласы жарияланды, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Мақалада Мемлекет басшысы қазіргі әлем бағамдауы қиын әрі бұрын-соңды болмаған геосаяси тұрақсыздық пен жікке бөлінушілікке тап келгенін атап өтіп, ахуалды планетарлық ауқымдағы екі үлкен сынақ – жаһандық жылыну мен жаппай көші-қон одан сайын қиындата түскенін зерделейді. Президенттің айтуынша, бұл факторлар бір-бірін өршітіп, дүние жүзінің миллиондаған халқын жойқын қиындыққа ұрындыруы мүмкін.
«Осындай дағдарыс жағдайында қазіргі басқару жүйелері мен халықаралық жедел әрекет ету тетіктері тиімділігін көрсете алмай отыр. Әсіресе көпжақты институттардың тығырыққа тірелуі алаңдатады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мысалы осы дағдарысты айқын көрсетеді. Жаһандық ынтымақтастықтың рәмізі ретінде қызмет ететін бұл теңдессіз әрі баламасы жоқ ұйым үлкен қиындықтарға тап болды. Айтарлықтай экономикалық және саяси ықпалға ие алпауыт елдердің халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты ұстанымы кереғар көрініп жатады. Көзқарастар қайшылығы, әсіресе қақтығыстар ұзаққа созылған өңірлерде анық байқалады. Ал бұл жағдайда дауларды шешудің тетіктері, соның ішінде БҰҰ да қауқарсыздығын аңғартты. «Геосаяси координаттар жүйесі» елеулі өзгеріске ұшырады. Демек көпжақты ынтымақтастық тәсілдерін қайта қарау қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент орта державалар тобының артып келе жатқан рөлін мойындау әлемде қалыптасқан жаңа жағдайдың негізгі аспектілерінің бірі деп санайды. Оның пікірінше, мұндай елдердің экономикалық және саяси беделі барған сайын өсіп, олардың салмақты әрі сындарлы ұстанымы жаһандық белгісіздік жағдайында артықшылыққа айналып келеді. Ірі державалар мәмілеге келе алмайтын мәселеде диалогті жақтайтын әрі жаһандық ынтымақтастық қағидаттарын берік ұстанатын орта державалар араағайындық рөлін атқарады.
«Қазақстан ұзақ жылдар бойы теңгерімді сыртқы саясаттан айнымай, әлемдік дипломатияны ілгерілету ісіне белсенді атсалысып келеді. Орта держава ретіндегі жаңа мәртебесі елімізге осынау маңызды миссияны жүзеге асыруда зор жауапкершілік жүктейді. Сын-қатерлер мен қақтығыс қаупі өрши түскен қазіргі заманда Қазақстан бітімгершілік үдерістер мен өркениетаралық диалогті құптайды. Әзербайжан мен Арменияға бейбіт келісімге келуі үшін келіссөздер алаңын ұсыну арқылы біз екі елдің өзара қарым-қатынасында жаңа кезеңге қадам басуына барынша қолдау білдіреміз. Бұған дейін Астана Сирия проблематикасы бойынша келіссөздерге дәнекерлік етіп, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты көпжақты келіссөзге өз алаңын ұсынған еді. Сонымен қатар еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін тұрақты ұйымдастырады. Аталған форум конфессияаралық диалогті дәріптейтін бірегей ортаға айналды. Осы амал-әрекеттердің бәрі Қазақстан мен Францияға ортақ ынтымақтастық, теңдік және бейбітсүйгіштік құндылықтарын айқын көрсетеді», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент мақаласында еліміз ішкі саясатта демократиялық басқару жүйесіне ойысқанын атап өтіп, «жасыл» энергетика, цифрлық технологиялар, логистика сияқты келешегі зор салаларды белсенді дамытуды қолға алғанына назар аударған. Аталған салаларды өркендетуге француз компаниялары да үлес қосып жатыр.
Мәселен, Президент Париж келісімін батыл қолдауы және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алуы Қазақстанның орнықты даму мақсаттарын дәйекті түрде орындауға ұмтылысының дәлелі деп санайды. Бұл орайда Президент Астана мен Париждің «One Water Summit» бастамасын ілгерілетіп жатқанын мәлімдеген. Су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты жандандыруды көздейтін форум биыл желтоқсан айында ұйымдастырылады.
Бұған қоса Президент еліміздің тату көршілік қағидаттарына беріктігі Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыратын Орта дәліз секілді жобаларды дамытуға, осылайша өңіраралық интеграцияны өркендетуге мүмкіндік беретінін айтқан.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев сауда жолдарын кеңейту ғана емес, өңірлер арасындағы өзара тиімді экономикалық байланыстарға ықпал ететін ынтымақтастық рухын нығайту маңызды деп есептейді. Оның айтуынша, осы қадамдардың барлығы Еуропа мен Францияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қазақстан табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі ел ретінде Францияның атом энергетикасы саласына сенімді серіктес болып қала береді.
Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронның былтыр қараша айында елімізге жасаған сапары барысында сирек кездесетін металдарды игеру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану бағыттарында стратегиялық серіктестікті кеңейту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілгенін еске салады.
Мемлекет басшысы мақаласын: «Қазақстан сияқты орта державалар көпжақты диалогті ілгерілету, жаһандық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өз мүмкіндіктерін пайдалануы қажет. Белсенді, прагматикалық әрі теңгерімді сыртқы саясатты жүйелі жүзеге асырып келе жатқан еліміз барша мемлекетпен ынтымақтастықты нығайту арқылы осы үдеріске одан әрі атсалыса беруге ниетті. Біз халықаралық аренада беделге ие және дипломатиялық тәжірибесі бай Франциямен ықпалдастыққа сөзсіз сенім артамыз. Екі ел күш-жігер біріктіріп, тұрақты әрі өркендеген әлем құруға, бейбіт қатар өмір сүруге және өзара тиімді ынтымақтастық пен жалпыға ортақ прогресті қамтамасыз етуге өз үлесін қоса алады. Франция Республикасы Президентінің шақыруымен Парижге мемлекеттік сапармен келгендегі мақсатым – осы», деп түйіндейді.