ffin.kz

Қазақ балуандығының тамыры тереңде жатыр

Қазақ балуандығының тамыры тереңде жатыр Сурет: Іnbusiness.kz

Балуандық атадан жеткен өнер.


Қазақ халқы күрес өнеріне бір иығын беріп тұратын халық. Ата-бабамыз жиын-той, наурыз мейрамдары сол сияқты түрлі шараларда арнайы белдесу ұйымдастырған. Соның ішінен Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіп Құтпанұлы сынды алыптар елге танылған. Жеңімпаз болғандарын халық көкке көтеріп, әр уақытта құрметке бөлеген. Сондықтан болар ара-арасында, тілек айтылған уақытта «балаң батыр, балуан болсын» дейтіні. Біздер осыған байланысты тарих пен бүгінді сабақтастырып қараған едік.


Токио Олимпиадасында ел мерейін үстем еткен нарғасқа ұл Елдос Сметовтың жүлде алмауға һақысы жоқ болатын. Өйткені, ол батыр, дана әділ қазақ дейтін жауынгер елдің ұрпағы. Соның үшінде оған жұрт сенді. Ал батырымыз ел сенімін ақтады. Осылайша, төрт жылдықтың басты бәсекесінде ел мерейін үстем етті. Әлемдік спорт аренасында қатарынан екі олимпиада бойы біздерді қуантты. Өзінің бойындағы жарақаттарына қарамастан, қарсыласын айқын басымдықпен ұта білді. Жүрегіндегі еліне деген сүйіспеншілік оны биік мақсаттарға жетеледі.  Ұлттық жігердің арқасында жеңіс тұғырынан көрінді. Хош! Ел сенген батырға үлкен алғыс білдіреміз!


Әлгінде жоғарыда айтқанымдай қазақ күресінің тамыры тереңде. Осы мақсатта бірқатар ізденістер жасалды. Сол себепті біздер төмендегідей тарихқа куә болдық. 


ТАРИХЫ ТЕРЕҢ БАЛУАНДЫҚ ӨНЕР


Бірде Ғалия есімді әпкем Алматыға келді. Сөйтіп, ғажайып шежіренің сырын шертті. Осылайша, «Пілді жыққан Қазақ» туралы оқиғаны естідім. Соның нақтысын, Қанат есімді ағамнан бұрынырақта естіп жүрдім. Ауылда болғаннан кейін онша мән берлмеді. Міне,  осындай мағыналы дүниені хат бетіне түсіріп, басуды жөн санадық.


Ертеректе Сыр өңірінде, соның ішінде Шиелі жерінде өмір сүрген Шақа деген шаруаның Алдаберген, Аласүгір, Құдайберген деген үш ұлы болған екен. Алғашқы екеуі шаруаға ыңғайлы болса, кенжесі Құдайберген ұзын бойлы, шымыр денелі, қайратты болып өседі. Ол заманда Қоқан хандығының дәурені жүріп, Сыр өңірінің біраз бөлігі соларға қараған шақ екен. Елдегі сауда-саттықпен айналысатындар түйеге тауарын тиеп, керуендетіп Бұхарға апарып пұл етеді. Бірде сондай керуеншілерге көмекші болып 18 жасар Құдайберген Бұхараға барады. Барғанша жолдастарынан «Нағыз қызықтың бәрі осында. Мұнда ешкімге жеңілмеген балуандар бар. Ертең барғанда көресің. Таңның атысынан күннің батысына дейін күресіп жатады» деген әңгімелерді естиді.


Содан Құдайберген «Е, сол жеңілмейтін алыптарды көрсем» деп армандайды. Бұлар Бұқараға келгенде дәл балуандар күресінің үстінен түседі. Ханның атынан күресетін қоңыраулы алып барлығын жарақаттап жеңеді. Төреші: «Ханның балуаны бәрін жеңді. Мұнымен күресем деушілер бар ма?» деп сұрайды. Сонда 18 жасар Құдайберген «Мен күресемін» деп ортаға шығады. Онымен бірге еріп келгендер «Ойбуй, мынау бір момын шаруаның баласы еді. Ана дәумен күресем деп, оқыста желкесі үзіліп мерт болса қайтеміз?» – деп жібергісі келмейді.


Бірақ, «Айтылған сөз – атылған оқ» деген. Жас жігіт алған бетінен қайтпайды. Төреші. «Ханның палуаны бүгін шаршады. Күресті ертең жалғастырамыз » дейді.  Сол жерде күресті тамашалап тұрған бір қария қазақ жұртынан барған керуеншілерді үйіне қондырады. Кешкісін қария Құдайбергенді оңаша шақырып «Сен ертең ханның балуанымен шығасың. Ол палуан өзіне қарсы шыққандарды аман жібермейді. Оның  жеңісінің бір құпиясы бар. Ол аяғына қоғасын байлап шығып, қарсыласын тепкенде аяғын сындырады. Сен өзің жылдам жігіт екенсің. Ертең күрестің басынан бастап оның қолына түспеуге тырыс, айналып қаша бер. Ол тез шаршайды. Шаршаған кезде қайратыңды көрсетерсің дейді»


Ертеңіне күрес басталып, Құдайберген  түндегі қарияның айтқан әдісіне салып  қоңыраулы дәуді әбден шаршатады. Дәудің шаршағанын байқаған Құдайберген оны артқы жағынан келіп мықтап ұстап төбеден асыра лақтырады. Жұрттың барлығы аң-таң. Ешкімнен жеңілмеген ханның балуанын жап-жас жігіт алып ұрады деп кім ойлаған. Міне, қызық! Содан белгісіз біреуге бас бәйгені бергісі келмеген төрешілер: «Сен бүгін ханның балуанын жеңдің. Енді ертең ханның пілімен күресесің» дейді. Шығарылған шешіммен келіспеске амалы қалмаған Құдайберген түнделетіп кешегі қарияға келеді. Қария : «Шырағым, Құдайберген, мен сенің қолыңның қайратын көрейін, мына сексеуілді сығып көрші» деп қолына әлі қурай қоймаған сексеуілдің жуан томарын береді. Қара күш деген қойсын ба. Әлгі сексеуілді қос қолдап бұрағанда суы шығып кетеді. Бұған таңғалған қарт: «Сенің пілді де жығарлық күшің бар екен. Бірақ, піл дегенің адам емес. Оның үстіне ол әбден үйретілген әккі. Бірақ оның да ең жанды жері бар,ол тұмсығы. Ертең екеуіңді ортаға шығарғанда ол сені бірнеше рет айналып барып, тұмсығымен ұрады. Сол кезде қапы қалмай шап беріп ұстап, жаңағы сексеуілді бұрағандай күшпен ұзын мұрнын сығып жіберсең жеңесің. Ал, егер үлгермей қалсаң, ол сені бір ұрғанда-ақ қалпақтай ұшырады», – деп кеңесін береді.


Түнімен қарияның айтқанын ойына әбден тоқыған Құдайберген ертеңіне пілмен күреске шыққанда сол әдісті жасайды. Алып жануардың мұрнынан ұстап бұрағанда, шыңғырған пілдің даусы жұрттың құлағын жарардай болыпты дейді. Амалы қалмаған төрешілер жеңісті мойындап «Бұл шын балуан атағына лайық күш иесі екен» деп мойындайды. Сол елдің ханы Құдайбергеннің дене бітіміне қарап, бұдан былай мына жігітті «Құмырсқа бел серке сал» балуан деп атайық деп келіскен екен. Міне менің алтыншы атам Құдайбергеннен тараған ұрпақ сол кезден бастап "Балуан балалары" деп аталған екенбіз!


БАЛУАНДАР АТА ЖОЛЫН ЖАЛҒАДЫ


Қазақ белдесуден кенде жұрт емес. Осы айтылған ойлар тікелей жоғарыдағы оқиғамен байланысты. Еліміздің спорт саласы қарқынды дамып келеді. Кешегі Токио Олимпиадасында атой салып, жүлдегер атанған Елдос Сметов пен Нұрислам Санаев ел намысын бір көтеріп тастады. Байрақты бәсекеде өзгелерге дес бермеу біздің қанымызға сіңген қасиет демекпіз. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04