Қазақстан Президенті Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әйелдердің қоғамдағы рөлі мен ел игілігі жолындағы еңбегін жоғары бағалап, бірқатар азаматшаларды мемлекеттік наградалармен марапаттады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын Парламент Сенаты төрағасының орынбасары, қаржы саласының тәжірибелі маманы Ольга Перепечинаға, Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Екатерина Смышляеваға табыс етті. Олар заң шығару қызметіндегі жемісті еңбектерімен осы жоғары атаққа лайық деп танылды. Сонымен қатар, көрнекті ғалым және мұнай-газ саласындағы өнертапқыш Мәнсия Бабашева да «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.
Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды. Сондай-ақ, білім беру саласында азаматтық ұстанымымен танылған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да осы атақты алды.
Спорт саласында Кристина Шумекова конькимен жүгіруден жастар арасындағы бес дүркін әлем чемпионы атанып, Қазақстанның абыройын асқақтатқан үшін «Парасат» орденімен марапатталды. Бұл орден сонымен қатар белгілі жазушы, аудармашы, тіліміздің жанашыры Камал Әлпейісоваға да берілді.
Табиғатты қорғау саласындағы ерен еңбегі үшін Мария Зейнелова марапатталса, 40 жылдан астам мұнай өндіру саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан Айсұлу Шуақбаева «Құрмет» орденін алды. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері Жанна Левкович «Құрмет» орденімен, жас педагог Мария Сурина «Шапағат» медалімен марапатталды.
Құтқару және авиация саласындағы еңбегі үшін тікұшақ пилоты Ақерке Шопатаева «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Ал Қазақстандағы балет өнерін дамытуға үлес қосқан Жапониядан келген өнерпаз Сузуки Канон да «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде әйелдердің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті: олар тек нәзік жанды емес, сонымен бірге ерік-жігері мықты, табанды және жауапкершілігі жоғары. Әйелдердің адалдығы, еңбекқорлығы, батырлығы мен қайсарлығы қоғамдағы сенім мен келісім, өзара тілеулестік рухын қалыптастырады.
Президенттің айтуынша, әр отбасының тұрақтылығы мен ырысы – елдің гүлденуінің кепілі. Қазақстандық әйелдер шаңырақтың ырыс-берегін арттырып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, Отан алдындағы қасиетті міндетті адал атқарып келеді.

Бұл марапаттар – еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген әрбір әйелдің еңбегін мойындаудың көрінісі және жас буынға үлгі боларлық үлгі.