Ақмола облысының тұрғыны ауыл балалары үшін өз қаражатына ойын алаңын салып берді. Алайда алғыс алудың орнына сот табалдырығын тоздыруға мәжбүр болды. Алаңды бұзуға тура келді, ал ер адамның өзіне миллион теңгеден астам шығын төлеу міндеттелді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ақмола облысы Елтоқ ауылында балаларға арнап өз қаражатына ойын алаңын салып берген тұрғын Сергей Круглов сот шешімінен кейін оны толықтай бұзып тастады.
Оның айтуынша, ауылда жаңа ойын алаңы салынады деген уәде орындалмаған соң, 2023 жылдан бастап өз күшімен воркаут аймағын, әткеншектер, карусель, сырғанақтар мен ойын кешендерін орнатқан. Кейбір конструкциялар Астана әкімдігінен тегін беріліп, оларды өзі қалпына келтірген.
Алайда 2025 жылы алаңда ойнап жүрген қыз бала жарақат алған. Алғашында қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылды. Кейін зардап шеккен баланың анасы азаматтық талап арыз беріп, жауапкерлер қатарына ауыл әкімдігін, білім бөлімін және Сергей Кругловты енгізген.
Сот Круглов пен жергілікті мектепті баланың жарақатына жауапты деп танып, талап арыз бойынша 2,7 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарды. Оның ішінде 2 миллион теңге – моральдық өтемақы.
Круглов өз кінәсін мойындамайтынын айтып, бұл істі балалар үшін еш ақысыз жасағанын жеткізді. Ол сот шешіміне шағым түсіріп жатқанын мәлімдеді.
Ал зардап шеккен тараптың адвокаты ойын алаңы заңсыз орнатылғанын айтып, сот оны бұзуды міндеттемегенін, алаңды демонтаждау Кругловтың жеке шешімі болғанын мәлімдеді.