Алматыда IV халықаралық «Almaty Circus Festival» басталды. Биылғы фестивальге жер-жиһанның 18 елінен білдей 20 шығармашылық ұжым, 60-тан астам әйдік әртіс қатысып отыр.
Кейінгі жылдарда Қазақстан атын айқындап, Орталық Азия елдерінің тынысын ашқан аса ірі мәдени жоба – «Almaty Circus Festival» жайында жиі айтылады. Өйткені бірегей жоба Алматыны әлемдегі мәдени кеңістіктің кіндігіне айналдырды, ел беделін арттырды, мың жасаған шаһардың өнерін, мәдениетін, туризмін дамытуға серпін берді.
Биылғы фестиваль Алматы қаласы әкімдігі қолдаған, төртінші мәрте ұйымдастырылуына мұрындық болған. Жобаның өзі – аса ауқымды. Әлемнің әр түкпірінен 200-ден астам өтінім түскен. Халықаралық сарапшылар іріктеуінен өткен. Нәтижесінде, 18 үздік нөмір ғана конкурс бағдарламасына енгізілген. Қатысушылар акробатика, әуе гимнастикасы, эквилибристика, шабандоздар жанры, контактілі жанр және цирк өнерінің өзге де бағыттары бойынша сынға түседі.
Биылғы байқауға Қазақстан, Вьетнам, Қытай, Германия, Франция, Италия, Швейцария, Венгрия, Түркия, Эфиопия, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Ресей, Украина, Армения, Түрікменстан және Саха Республикасының (Якутия) өнерпаздары қатысып жатыр. Фестивальдің басты қонақтарының бірі – Германия атынан келген, әлемдік цирк өнерінің аңызы саналатын әйгілі клоун Андрей Жигалов. Өнерпаздың ерекше актерлік шеберлігі мен айрықша пластикасы биылғы фестивальдің қайталанбас қойылымы саналады.
Әлемге құшақ ашқан Алматы
Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықовтың айтуына қарағанда, биылғы төртінші мәрте өтіп жатқан фестиваль –Алматының мәдени бренді.
![]()
– Халықаралық фестиваль жылдан-жылға ауқымданып, кеңейіп келеді. Биыл әлемнің көптеген елінен 200-ден астам өтінім келіп түсті. Мұның өзі Алматыдағы фестивальдің кәсіби ортадағы беделін көрсетеді. Біз үшін бұл тек байқау ғана емес, тәжірибе алмасатын, шығармашылық байланыстар орнататын маңызды халықаралық алаң, – деді директор.
Сонымен қатар директор өз сөзінде тағы бір аса маңызды мақсатты атай кетті. Жас өнерпаздарға жол ашамыз, кәсіпқой мамандар мен ғажайып өнер түріне асық болған өндір жігіт, өжет қыздарды бір алаңда тоғыстырамыз деп мәлімдеді.
Ересен фестивальге орасан еңбек сіңірген бас режиссер, Қазақ мемлекеттік циркінің шаңырағына уық шаншып, ұстынын нығайтқан білікті маман Мария Редько да ой алысып, дайындық жайын әңгімелеп берді.
– Көрерменге шешіле сөйлеп, толыққанды сыр аша салғым келмейді. Мақсатым – өнер биігінде шығып, бірде көкте самғап, бірде жерде жүйіткіген нағыз өнерпаздардың өнерін ортаға салу. Шыны керек, көп уақыт дайындалдық. Репетициялар өте жақсы өтті. Әлемнің әр түкпірінен келген әртістер бір-біріне қолдау көрсетіп, бір-бірін жақсы түсініп, бауырласа, бірлесе жұмыс істеп жатыр. Әр қойылымның арқалаған жүгі бар. Әр қойылым көрерменді таңғалдыруға тиіс, – деді бас режиссер.
Ұйымдастырушылар да әлем өнерпаздарының да, Алматы халқының да биылғы фестивальге ерекше ықыласты болғанын айтып отыр. Тіпті, бес күндік көрсетілімдердің билеттері түгелге жуық сатылып кеткен. Осыған байланысты алғаш рет қосымша гала-концерт өткізу туралы шешім қабылданған.
![]()
Ел мен елді жалғаған өнер
Фестивальге келген халықаралық қазылар алқасының мүшелері болса Алматыдағы цирк өнерінің даму деңгейін оң бағалап, ұйымдастыршыларға алғыс айтты.
Ресей мемлекеттік цирк компаниясының бас директоры Сергей Беляков Қазақстан мен Ресей арасындағы шығармашылық байланыс жайына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан өнерпаздарының ешкімге ұқсамайтын ерекше табиғатын талдады. Бәйгеге оза шабар, қара үзіп алда келер деп қосқан жүйрігі – жіп үстінде адымдап, арқан бойында билейтін әртіс Ольга Рожковская өнері хақында баяндады:
– Көрермен талғамы өзгеріп келеді. Бірі заманауи шоуға қызықса, енді бірі классикалық циркті қалайды. Бірақ цирк өнерінің негізі өзгермейді. Мен кәсіби шеберлік пен күрделі трюк жайында айтып отырмын. Біз ең әуелі қандай трюкт істесек деп ойлаймыз. Кейін ғана музыка, костюм, жарық және режиссерлік шешім жинақталады, – деді Сергей Беляков.
АҚШ-тан келген қазылар алқасының мүшесі Петр Клинский де Алматыдағы фестивальді айқымды жоба деп бағалады:
– Мұндай халықаралық жобалар жас өнерпаздарға жол ашады, әлемдік сахналарға, мінберлер мен небір биіктерге бастайды, – деді сарапшы.
Қазақстанға алғаш рет келген Канада мен Швейцария өкілдері де сөз алып, Алматының сұлу табиғатын, жергілікті халықтың жайдары, ашық көңілі, фестивальдің жоғары деңгейде өтіп жатқанын тілге тиек етті.
– Мен 2001 жылы Швейцарияда өткен халықаралық фестивальде болдым. Сонда қазақстандық әртістердің өнерін көргенмін. Кәсіби деңгейі өте жоғары екенін бірден аңғардым. Қазақстандағы цирк өнерінің дамып келе жатқанына куәгермін, қызыға бақылап келемін, – деді швейцариялық сарапшы.
Үздіктерді мамандар анықтайды
Биылғы фестивальге АҚШ, Қытай, Италия, Ұлыбритания, Канада, Швейцария және Ресейден келген дегдар мамандар қазылық қылады. Сонымен қатар әлемге әйгілі Cirque du Soleil жобаларында жұмыс істеген сарапшылар да төрелік етеді.
Қазылар алқасы әртістердің жіті бақылап, әр әдісті орындау техникасына, трюктердің күрделілігіне, сахналық мәдениетіне, режиссерлік шешімге, көркемдік тұтастығын назар тігеді. Байқаудың түйінді күнінде қатысушыларға үш қола, үш күміс, үш алтын жүлде және бас жүлде – Гран-при табысталмақ.
Орайы келгенде айта кетелік, фестиваль бағдарламасы екі бөлімнен тұрады. Әр күн сайын көрерменге жаңа қойылым ұсынылып, кейін үздік нөмірлер қайта көрсетіледі. Ал 26 шілдеде салтанатты гала-концерт өтіп, жеңімпаздар марапатталады.
Цирк мерекесі мұнымен аяқталмайды. Тамыз айында Қазақ мемлекеттік циркінің манежінде фестиваль жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қатысуымен арнайы гала-бағдарлама ұйымдастырылады. Осылайша алматылықтар мен қала қонақтары халықаралық фестивальдің үздік қойылымдарын 30 тамызға дейін қайтара тамашалай алады.
Өзіміз де көкте би билеп, кендір жіпті шантып байлап, шала шешкен, қолаң шашына қармана отырып шыр көбелек айналған, ит жетектеп, аюдың матайын ертеген, кірекейін қомпаңдата қимылдатқан әртістердің өнерін тамашаладық, жұлдызды сәт, ажарлы күніне куә болдық. Адам қабілеті мен дарынының шексіз екеніне тағы бір мәрде таңдандық. Бұл жолғы фестиваль бір ақиқатты айқын көрсетті. Цирк – ойын-сауық әуресі ғана емес екен, ұлт пен ұлтты, мәдениет пен мәдениетті жақындастыратын өнер тілі, адам табиғатының шексіз құдіретін танытатын мәдени мінбері көрінеді.
Дастан ҚАСТАЙ