AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Білім және ғылым / Өнерді өміріне өзек еткен ұлағатты ұстаз

Өнерді өміріне өзек еткен ұлағатты ұстаз

Білім және ғылым Бүгін 22:39 34
Өнерді өміріне өзек еткен ұлағатты ұстаз
Алматы қаласы білім беру басқармасы

Бүгінде оның алдынан өткен көптеген шәкірт өнер жолында өз биігін бағындырып келеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Ұстаздың ұлылығы шәкіртінің жетістігімен өлшенеді. Ал өнер ұстазының еңбегі жас ұрпақтың жүрегіне әсемдік пен рухани құндылықтың дәнін себуімен бағаланады. Осындай тағылымды жолдан өтіп келе жатқан ұстаздардың бірі – Алматы қаласындағы №175 «Жаңа Ғасыр» гимназиясының музыка пәні мұғалімі, педагог-әдіскер, әнші-күйші, шығармашыл тұлға Гүлзаман Уапқызы Амирова.

Қазақтың қара домбырасын қадірлеп, ұлттық музыканы жас ұрпақтың жүрегіне жеткізіп жүрген Гүлзаман Уапқызының өмір жолы – өнерге адалдықтың, ұстаздыққа жауапкершіліктің және шәкірт тәрбиесіне деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.

Өнерге бастар жол

Гүлзаман Уапқызы Амирова 1966 жылы 19 қазанда бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласында дүниеге келген. Әкесі – Амиров Уап Сейітұлы, анасы – Амирова Тұрсын Сахиқызы. Берекелі отбасында жеті бала – бес ұл, екі қыз өсіп-өнді. Сол екі қыздың бірі – Гүлзаман болса, екіншісі – оның егіз сыңары Жайзаман.

 1974 жылы егіз қыздар Ыбырай Алтынсарин атындағы №11 мектептің табалдырығын бірге аттады. Ол кездегі дәстүр бойынша егіздер бірдей киіндіріліп, бір сыныпта, бір партада отырғызылатын. Гүлзаман мен Жайзаман да мектеп қабырғасында жүрген жылдары бір-бірінен ажырамай өсті.

 Екі қыздың мінезі екі түрлі еді. Жайзаман анасына жақын, үй шаруасына бейім, іскер болып қалыптасса, Гүлзаманның бойынан өнерге деген ерекше құштарлық ерте байқалды. Әжесі Балжан немересін ерекше жақсы көріп, қонаққа барған сайын қасынан тастамайтын. Үлкендер кішкентай қыздың ән айтып, домбыра тартқанын қызық көріп, батасын беретін. Риза болған қариялар домбыраның басына ақша байлап, кішкентай өнерпазға өз ықыласын білдіретін. Бұл – Гүлзаманның өнер жолындағы алғашқы қадамдары еді.

Бала күніндегі сол сәттерді ол әрдайым сағынышпен еске алады.

– Домбыраны арнайы біреу үйреткен жоқ. Бес жасымда үйдегі радиодан естіген күйлерді тыңдап, құдықтың басына барып өзімше тартып отыратын көрінемін. Кейін анам мен әжем осыны айтып күлетін, – дейді ол.

Өнерге деген бейім анасы Тұрсынның әулетінен дарыды. Нағашыларының үйіне барған сайын ән айтылып, күй шертілетін. Анасы да домбыра тартып, ән айтатын, бірақ көпшілік алдына шыға бермейтін. Бірде анасының бөлме ішінде домбыра тартып отырғанын көріп қалған Гүлзаманға ол «түш, түш» деп белгі берген екен. Кейін бұл сәтті күлімсіреп еске алатын.

Осындай өнерлі ортада өскен Гүлзаман бала кезінен зерек, құймақұлақ болды. Естіген әні мен күйін тез үйреніп, үлкен ағаларының қасында отырып домбыра тартуға машықтанды. Үшінші сыныпта оқып жүрген кезінде сынып жетекшісі Сағира Күзембаева оның бойындағы ерекше қабілетті байқап, музыка пәнінің мұғалімі Төлеген ағайға:

– Бұл қыздың домбыраға, әнге бейімі бар. Жетелей беріңіз, – деп тапсырды.

Осы сөз жас қыздың өнер жолындағы алғашқы үлкен қолдауы болды. Содан бастап ол мектептегі барлық мәдени іс-шараларға белсене қатысып, үлкен домбырашылар оркестрінің құрамында өнер көрсетті.

Гүлзаманның шығармашылық ізденісі домбырамен ғана шектелмеді. Үшінші сыныпта жүргенде ағасы Болгариядан әкелген қызыл түсті «Orpheu» гитарасы оның қызығушылығын арттырды. Үйге жиналған жастардың әндерін тыңдап, аккордтарды қайталау арқылы гитараны да өз бетінше меңгерді.

Жетінші сыныпта ол өзінен бір сынып төмен оқитын үш қызбен бірге «Еркем-ай» домбырашылар квартетін құрды. Төрт қыз халық әндерін көп дауыспен орындап, қалалық және облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.

Жас өнерпаз сол жылдары қазақ эстрадасының жұлдыздарын сүйіп тыңдайтын. Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Мадина Ералиева сынды әншілердің шығармашылығы оған үлкен әсер етті.

Мектепте оқып жүрген кезінде Гурьев қаласына «Арай» вокалды-аспаптар ансамблінің келуі оның өміріндегі ерекше оқиға болды. Егізі Жайзаманмен бірге концертке гүл алып барған олар Роза Рымбаевамен кездесуді армандады.

Сол сәтте ансамбль жетекшісі Тасқын Оқапов қыздардың тілегін орындап, оларды Роза Рымбаевамен жолықтырды. Өнер иесі жылы қабылдап, қолтаңбасын қалдырды.

Бұл кездесу Гүлзаманның жүрегіндегі үлкен арманды оятты. Үйіне келген соң сүйікті әншілерінің пластинкаларын тыңдап, бөлмесінде шағын сахна жасап, өздігінен концерт ұйымдастыратын. Оның өнерге деген махаббаты осылайша одан әрі тереңдей түсті.

Арман мен таңдау

Мектепті тәмамдар кезде Гүлзаман Уапқызының жүрегінде өнерге деген үлкен арман бар еді. Ол сахнаға шығып, ән айтуды, музыка әлемінде өз орнын табуды қалады. Алайда әке тәрбиесін көрген қыз үшін ата-ананың сөзі үлкен аманат болатын.

Бір күні әкесі қызына:

«Қызым, өмірде отбасыңа қажет мамандық иесі бол. Үйде бір дәрігер болғаны дұрыс. Сен дәрігер бол», – дейді.

Әке сөзін құрметтеген Гүлзаман Ақтөбе қаласына жол тартады. Құжаттарын медицина институтының емдеу факультетіне тапсырып, студент атанады. Мектепте жақсы оқыған талапкер жаңа мамандығын да үлкен жауапкершілікпен меңгеруге кіріседі.

Медицина саласының оқу бағдарламасы күрделі еді. Латын тілі, анатомия, химия, физика сияқты пәндерді игеру оңай болмады. Түсінбеген тұстарын қайта оқып, жаттап, ізденіп жүріп бірінші курсты аяқтайды.

 Алайда оның жан дүниесінде музыкаға деген сағыныш өшпеді. Студенттік жылдары құрылыс отрядында еңбек еткен кезінде баян аспабында ән айтатын Айжан есімді қызбен танысып, жаңа аспапты үйренуге қызығушылық танытады. Музыка оның өмірлік серігі екенін сол кездері тағы сезінеді.

Уақыт өте келе Гүлзаман медицина саласын тәжірибе арқылы танып-білуді жөн көреді. Туған жеріне келіп, балалар емханасына жұмысқа орналасады. Тәжірибелі дәрігер Темірғалиева Жанна Латифқызының қасында жүріп, кезекшіліктерге қатысады.

Осы кезең оның өміріндегі ең үлкен ойлану сәттерінің бірі болды. Алғашқы кезекшіліктерінің бірінде жаңа туған сәбидің жүрек ақауынан қайтыс болғанын көреді. Бұл жағдай жас қыздың жүрегіне ауыр тиеді. Одан кейін ата-анасы тастап кеткен, ауруханада ем алып жатқан балалардың тағдыры да оған қатты әсер етеді. Есіктен біреу кірсе, «мама», «папа» деп жүгіретін сәбилердің жанарындағы сағыныш оның есінде мәңгі қалды.

Ең үлкен толғанысы – он бес қазақ баласы мен бір орыс ұлтының сәбиін Тараз қаласына ұшақпен шығарып салған сәт еді. Сол балалардың арасында бір жасқа толмаған, өзі ерекше жақсы көріп кеткен «Бахалек» атты сәби де болды.

Осы оқиғалардан кейін ол өзінің өмірлік жолын қайта ойлады. Ата-анасына:

«Менен дәрігер шықпайды. Жүрегім қалаған мамандықты таңдайын», – деп өтініш білдірді.

Сөйтіп, 1989 жылы Алматыға арман қуып келіп, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка-педагогика факультетіне оқуға түсті.

 Бұл шешім оның өміріндегі үлкен бетбұрыс болды. Бала күнінен бойына сіңген музыкаға деген сүйіспеншілік енді кәсіби мамандыққа айналды.

 

Студенттік жылдары Гүлзаман Уапқызы оқу орнының қоғамдық өміріне белсенді араласты. Топ старостасы, студенттік декан, жатақхана төрайымы қызметтерін атқарып, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Соңғы курста факультет деканы Қуанышкүл Меңдаяққызының сеніміне ие болып, сырттай оқитын студенттерге әдіскер қызметін атқарды.

Ол өзіне білім берген ұстаздарын ерекше құрметпен еске алады. Ағайша Исағұлова Шермұхамбетқызы, Галина Қарамолдаева Жұмабекқызы, Бану Жакеева, Бағила Нұрғалиева сынды ұстаздардың тәлімі оның кәсіби қалыптасуына үлкен ықпал етті.

Әсіресе белгілі сырнайшы, ұстаз, сазгер Ағайша Исағұлова Шермұхамбетқызынан сырнай аспабын меңгеруі шығармашылық жолында ерекше орын алды.

Ұстаздықтың ұлы жолы

Институтты үздік дипломмен тәмамдаған Гүлзаман Уапқызы алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы Міржақып Дулатов атындағы №136 орта мектептен бастады. Осы білім ордасында он екі жыл бойы еңбек етіп, көптеген шәкірттің өнерге деген қызығушылығын оятты.

Ұстаз үшін әрбір бала – қайталанбас тұлға. Сондықтан ол музыка сабағында тек теориялық білім беріп қана қоймай, оқушының шығармашылық қабілетін ашуға, ұлттық өнерге сүйіспеншілігін қалыптастыруға ерекше мән берді.

2006 жылы Таугүл-3 ықшамауданында жаңа мектеп-гимназия ашылып, кейін №175 «Жаңа Ғасыр» гимназиясы болып қалыптасты. Гүлзаман Уапқызы осы білім ордасында еңбек жолын жалғастырып, талай шәкіртке өнердің қыр-сырын үйретіп келеді.

Оның бастамасымен гимназияда бірқатар шығармашылық ұжымдар құрылды. «Жаңа Ғасыр» триосы, «Еркелер» тобы, «Самғау» балалар хоры және «Өркен» күйшілер тобы – ұстаз еңбегінің жемісі.

«Өркен» күйшілер тобы Қытай Республикасында өткен халықаралық байқаудан үздік бас жүлдемен оралды. Бұл жетістік – ұстаз бен шәкірт еңбегінің нәтижесі.

Бүгінде Гүлзаман Уапқызы тәрбиелеген шәкірттер аудандық, қалалық, республикалық және халықаралық ән-күй байқауларында жүлделі орындарға ие болып келеді.

Ғылым мен шығармашылық үндестігі

Гүлзаман Уапқызы – ұстаздық қызметін ғылыми-әдістемелік ізденіспен ұштастырып жүрген маман.

 Ол 3-сыныпқа арналған электронды музыка оқулығының авторларының бірі. Сонымен қатар «Таңдамалы әндер мен күйлер» оқу-әдістемелік құралына, «Балаларға арналған әндер» хрестоматиялық жинағына автор ретінде үлес қосты.

Ұлттық біліктілік тестілеу орталығының тапсырмаларын әзірлеуге қатысып, музыка пәнін оқыту әдістемесін дамытуға атсалысты.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессор-ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасап, ғылыми мақалалар жариялады. «Ұлттық музыка арқылы оқушылардың рухани және адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру» атты зерттеу еңбегі оның ұлттық тәрбие бағытындағы ізденістерін көрсетеді.

2026 жылы Алматы қаласының музыка пәні мұғалімдері арасында алғаш рет «Шырқа, сырнай» әнші-сырнайшылар фестивалін ұйымдастырып, ұстаздардың шығармашылық байланысын нығайтуға үлес қосты.

 Гүлзаман Уапқызы – «Ертегілер», «Тұяқ ана», «Құстар біздің досымыз» әндерінің авторы.

 Оның еңбегі көптеген марапаттармен бағаланды. Ол Халықаралық ұстаздар одағының мүшесі, «Қазақстанның ұлағатты ұстазы» медалінің, «Педагогика саласының үздік қызметкері» төсбелгісінің иегері. «Бейбітшілік әлемі» халықаралық байқауының «Алтын» медалін иеленіп, Халықаралық Махамбет сыйлығының лауреаты атанды.

Ұстаз бақыты – шәкірт бақыты

Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Ал Гүлзаман Уапқызының еңбегі – өнерлі, рухани бай ұрпақ тәрбиелеуімен өлшенеді. Ол үшін музыка – жай ғана пән емес, баланың жан дүниесін тәрбиелейтін үлкен күш. Ән мен күй арқылы жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізу – оның өмірлік мақсаты.

Бүгінде оның алдынан өткен көптеген шәкірт өнер жолында өз биігін бағындырып келеді. Әр шәкіртінің жетістігі – ұстаз еңбегінің жалғасы.

Өнерді өміріне өзек еткен, ұстаздықты үлкен жауапкершілік деп қабылдаған Гүлзаман Уапқызы Амирова – ұлттық музыка мен білім саласына адал қызмет етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз. Оның өнегелі өмір жолы – кейінгі буынға үлгі, ал еңбегі – ұлт руханиятына қосылған қомақты үлес.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Алматы #Ұстаз #өнер
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке барды

Бүгін 18:49

Қазақстанның жаңа саяси архитектурасы

Бүгін 18:45

Абай облысында үш теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды

Бүгін 17:30

Димаш Құдайберген Қарағандыда шахтерлер күніне концерт берді

Бүгін 17:00

Ержан Байтілес «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры болып тағайындалды

Бүгін 17:00
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);