ffin.kz

Өнер ордасы шақырады

Өнер ордасы шақырады tengrinews.kz

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында жаңа маусым ашылды


Абай атындағы опера және балет театрында 89-шы маусым ашылып, OPERALIA классикалық өнердің халықаралық фестивалі басталды.


Өткен демалыс күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры өнерсүйер қауым үшін есігін айқара ашты. Қалыптасқан дәстүр бойынша жаңа маусым OPERALIA фестивалінің бірінші күнгі бағдарламасына енген Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен ашылды. Операның басты партияларын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы ҚазҰОБТ жетекші солисі Талғат Күзембаев (Абай), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры, Париждік «Гранд Операдағы» Қазақстаннан шыққан алғашқы солист Майра Мұхамедқызы (Ажар), ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Мейір Байнеш (Айдар) орындады.




Майра Мұхамедқызы мен Мейір Байнеш – Абай атындағы Алматы опера және балет театрының тәлімгерлері. Бүгінде халықаралық дәрежеде танылған әртістер ұзақ жылдар бойы осы театрға қызмет етіп, өнер ордасына туған үйіндей бауыр басқан. «Абай» операсының көрсетілімі алдында өткен баспасөз мәслихатында Майра Мұхамедқызы мен Мейір Байнеш тәлім алған «қара шаңыраққа» алғыс айтып, алматылықтарды шуақты қаламыздың туған күнімен құттықтады. Маусымашардың екінші күні көрермендерге классикалық балет – Петр Чайковскийдің «Аққу көлі» көрсетілді. Ондағы басты партияларды Абай атындағы ҚазҰОБТ солистері, халықаралық конкурстардың лауреаттары Малика Ельчибаева (Одетта, Одиллия) және Азамат Асқаров (Ротбарт), сондай-ақ Санкт-Петербургтен келген қонақ, «Мариин» театрының солисі – Никита Корнеев (Зигфрид ханзада) орындады.



«Жергілікті балет труппасының өнері мен кәсіби деңгейі біздің театрларымыздан, соның ішінде Мариин театрларынан еш кем түспейді. Барлық өнерпаздар нағыз кәсіби мамандар, барлығы жақсы дайындықтан өткен әрі шынайы ар-ұжданмен еңбек етеді. Мұндай жұмысты, кәсіби этиканы көру өте жақсы. Малика Ельчибаевамен біз Мәскеудегі конкурста таныстық, енді бірге жұмыс істеуге мүмкіндік туды», – деп пікір білдірді Никита Корнеев. Ол баспасөз конференциясында Алматы туралы ойымен де бөлісті:



– Мен жергілікті әртістермен барынша араластым, ең жақсы нәтиже көрсету  үшін спектакльден бірнеше күн бұрын арнайы келдім. Осы бірнеше күн ішінде Алматыны тек жақсы қырынан таныдым, керемет табиғат көрінісі мен жергілікті халықтың мәдениеті маған тек жақсы әсер қалдырды.


Фестивальдің үшінші күні, 14 қыркүйекте ұйымдастырушылар қазақстандық композитор Еркеш Шакеевтің симфониялық шығармаларынан тұратын REMEMBER ME бірегей концерттік бағдарламасын ұсынады. ҚазҰОБТ бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяровтың айтуынша, бұл концерт бір-ақ рет тек Лондонда көрсетілген:



– Бұл көпшілікті Еркеш Шакеевтің симфониялық шығармаларымен таныстырған алғашқы концерт болды, бұған дейін ол негізінен эстрада үшін жұмыс істейтін композитор ретінде танымал болған. Енді Еркеш Шәкеев өзін басқа қырынан көрсетуге бел буды. Лондондағы концертте корольдік филармония оркестрі оның шығармаларын ойнады. Бұл концертті Мәдениет және спорт министрі көріп, Алматыда қайталауды өтінді. Біздің театрдың симфониялық оркестрінің жанды орындауында Еркеш Шакеевтің туындылары осы фестивальде шырқалады, концертке Ұлыбританиядан келген пианист Оливер Пул және Венадан келген скрипкашы Русанда Панфили қатысады. Бұл Лондон концертінің қайталануы болады, онда концерт екі жарым сағат өтті. Ал мұнда біз концертті көрермендеріміз өздерін жайлы сезіну үшін мүмкіндікке қарай және композитордың Алматыда тыңдағысы келетін бағдарламасы бойынша ұйымдастырамыз.




Дирижердің айтуынша, концертке Еркеш Шакеевтің өзі көрермен ретінде қатысуы керек.


Ал 16 қыркүйек күні Оңтүстік Кореяның мәдениет қайраткерлерінің концерті өтеді. Сахнада Kim Se Yun (баритон), Kim Hye Jin (сопрано), Yoo Sanghyun (тенор) өнер көрсетеді. Абай атындағы ҚазҰОБТ симфониялық оркестріне «ПьонгТэк филармония» оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Сеулдің концерттік оркестрінің бас дирижері, ПьонгТэк университетінің профессоры Те Чол дирижерлік етеді.


Фестиваль 18 қыркүйекте Майра Мұхамедқызы, Мейір Байнеш, Kim Se Yun, Kim Hye Jin, Yoo Sanghyun және арнайы шақырылған қонақ – белгілі чех баритоны, Еуропалық өнер одағының көркемдік және мәдени қызмет саласындағы ең жоғары наградасының иегері – Филип Банжактың қатысуымен өтетін галаконцертпен аяқталады. Бұл іс-шаралар Абай атындағы опера және балет театрының алматылықтар мен қала қонақтарына арнаған сыйы болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07