ffin.kz

Мұрат ӘУЕЗ: Жас болсақ та, саналы қазақ болдық

Мұрат ӘУЕЗ: Жас болсақ та, саналы қазақ болдық dzen.ru

Биыл белгілі шығыстанушы, түркітанушы, мәдениеттанушы ғалым, қазақ дипломатиясының қайраткері Мұрат Мұхтарұлы 80 жасқа толды. Асылдың сынығы Мұрат Әуез – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын асық», «Тарлан» сыйлығының лауреаты. Алаш ардақтысының мерейтойына орай белгілі журналист Қайнар Олжайдың Мұрат Әуезбен KZ Пульс Интернет ресурсында https://www.youtube.com/watch?v=E9tuRX7sUlc жарияланған сұхбатын оқырман назарына ұсынып отырмыз.



ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТОПЫРАҒЫ ТАРТЫП ТҰРАДЫ


 – Ең алғаш рет көргеніңіз өзіңіздің анаңыз, Меркінің көгілдір таулары ғой. Алдымен сол естеліктен бастайық...


 – Меркі кемінде бір жарым ғасырлық тарихы бар ғажап жер ғой. Бәлкім, тарихы одан да тереңірек шығар. Тарихи деректерде Меркінің екі жарым ғасыр бұрын Жібек жолының бойында пайда болғаны жайлы болжамдар бар. Меркі сөзі бірнеше мағына береді. Соның ішіндегі дұрысырағы «орталық» деген мағынасы-ау деп ойлаймын. Мысалы, өзбек бауырларымыз «Мәркәзи комитеті» дейді, бұл – орталық комитеті деген сөз. Демек, Меркінің әу бастағы мағынасы да осы орталық дегенге кеп саяды.



Жас келген сайын адамды туған жердің топырағы тартып тұра ма, мүмкіндігім бола қалса, Меркіге барғым келіп тұрады. Кіндік қаным тамған өлкенің табиғаты ғажап. Меркінің тауларында көне заманнан, сонау тас дәуірінен қалған ескерткіштер, тасқа қашалған суреттер бар. Осы ескерткіштердің біразы қазір сол жерде жұмыс істеп жүрген ғалымдардың арқасында ЮНЕСКО-ның қарамағына алынған. Меркіде көркемөнердің де сапасы өте жоғары. Меркінің жанындағы Тараз қаласында XI ғасырдағы Қарахан дәуірінің ескерткіші – Айша бибі кесенесі орналасқан, жалпы түркітілдес халықтардың тарихында XI ғасыр - ең бір ғажап кезең. Жүсіп Баласағұн, Ахмет Яссауи секілді тұлғалар осы ғасырда өмір сүрді.



Меркі – мен үшін ғажап мекен. Осы жерде менің балалық шағымның естеліктері қалды. Меркіде Қарасу дейтін кішкентай ғана көл бар. Сол Қарасудың үстінде бір ғана қайық болатын. Судың жағасында Үміт, Ильфа достарымен ойнайтын. Олар сиырдың жүнінен доп жасап алушы еді. Бірде Қарасуға өзімнен 6 жас үлкен Болат ағам екеуміз де бардық. Фатима шешеміз ағама «Мұратқа бас-көз бол» деп айтып қойған ғой. Қайықта отырған бір адам екеумізді өзімен бірге көлге жүзуге шақырды. Қайықпен көлдің ортасына бардық. Бір кезде қайық бата бастады. Түбі тесік екен. Жанымыздағы кісі өзі бүкір. Ол қайықтан секіріп түсті де, жүзіп кетті. Қайық батып бара жатты. Болат Меркіде өскендіктен, жүзуді біледі екен. Ал мен кішкентаймын, судың түбіне баттым да кеттім. Қазан айы, күн суық. Болат та әлгі кісінің соңынан жүзіп кете баруына болар еді. Бірақ ол ондайға бармады, көлдің түбіне сүңгіп, мені алып шықты, өлімнен құтқарды. Мұның өзі шешемнің бізді бөлмей, бір әкенің баласындай етіп тәрбиелегенінің арқасы. Сол күні мен ағамның мен жақсы көретінін жүрегіммен сезіндім. Осы кезде анам Меркідегі мектепте сабақ беретін. Ол 7 жылдық мектептің 10 жылдық болуына күш салды.


 – Сіз күнделігіңізге осындай естеліктеріңізді емес, кішкентай көлбақаларды жазыпсыз. Бұл сонда жас кезіңізде өмірдің қайғылы жағын көрсетпей, тек сәулелі жағын көрсеткіңіз келгені ме?


 – Күнделіктің ерекшелігі - ойда жүрген дүниелерді жазасың. Күнделік ақылдан емес, жүрегіңнен шығатын сезіммен жазылады. Тәй-тәй басып жүрген кезімде әпкелерім мені судың жағасына апаратын, сонда судың жағасындағы құрбақалар пыр етіп секіретіні есімде қалыпты.


ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАР БАҒАЛАЙ БІЛГЕН...


 – Әр сәби көзін ашқанда, ең алдымен, анасын көреді ғой. Атақты Фатима Ғабитова еліміздің тарихында аналардың ішіндегі ең аяулысы деуге болады. Қаншама қиындық көрген. Оның бәрін оқыдық, білдік. Бірақ енді сіздің өз аузыңыздан анаңыз туралы тағы да бір мәрте естігіміз келеді.


– Анамыз - Қапал өңірінің тумасы. Фатима Ғабитованың білімділігін, парасаттылығын қазақтың ұлы тұлғалары бағалай білген. XX ғасырдың басында Герман–Ресей соғысы кезінде неміс ұлтының өкілдері Қапалға келеді. Солардың арасында Ида Карлова дейтін өте білімді, мұсылмандық сауаты жоғары адам болған. Анам сол кісіден неміс тілін үйренген екен. Мен де мектепте неміс тілін оқыдым, есейе келе, тілді жетік меңгере бастадым. Бірақ шешемнің немісшесі менікінен әлдеқайда жақсырақ, сауаттырақ болатын. Соған қайран қалушы едім. Жақында Фатима Ғабитова туралы фильм түсірілейін деп жатыр. Таяуда Қазанда үлкен фестиваль болды. Көрерменді жаулап алатын, болашағы зор кинолардың сценарийіне бәйге жариялапты. Сонда біздің шешіміз туралы «Фатима» деген атаумен қатысқан сценарий үздіктердің қатарында болды. Өте қызық, тартымды фильм болады деп ойлаймын. Өйткені, XX ғасырдағы трагедияның барлығы, тіпті Азаматтық соғыс та шешеміздің басынан өткен десек болады.


– Қапалдан Меркіге тап болған сәт ең қиын кездің бірі ғой.


 – Анамыз Фатима өте сұлу, білімді кісі болды ғой. Ілияс Жансүгіровтің лирикалық, ақындық ерекше дарынын шешемізге жазған өлеңдерінен білуге болады. Ол барлық лирикалық өлеңін Фатимаға арнаған екен. Қазақтың белгілі қаламгері Мұхтар Мағауиннің шешеміз жайлы өте жақсы естеліктері бар. Мұхаң қазақтың тарихын бес, алты ғасырға тереңдеп зерттеген кісі ғой. Мұрағаттардан іздесек, Мұхтар Мағауинге көп дүниені жинап тапсырған Фатима екен. Ал енді сол кісі Меркіге қалай келді? Сол заманда анамыз Біләл деген кісіге тұрмысқа шыққан. Біләлдің ерекше әдеби дарыны болған. Біләлден Фарида, Жәнібек, Азат сынды балалар дүниеге келді. Қыздары Фарида он екі жасында қайтыс болды. Бұл қаза ата-анаға қатты соққы болды. Фатиманың ерекше қасиеті деуге болар бәлкім, әкелері бөлек болса да, балаларын бір-біріне өте жақын етіп тәрбиеледі. Ілиястан туған Ильфа тәтем Жәнібекке ерекше жүрек жылылығымен қарайтын. Жәнібек соғыста қайтыс болды



Қазақ ұлы халық қой, бабаларымыз жақын адамдар арасындағы қарым-қатынастың жақсы болуын өсиет еткен. Біләл өмірден өткеннен кейін оның балаларына қамқоршы керек. Заман қатал. Ілияс Жансүгіров анамызға да, балаларына да қамқоршы болды. Анамыз басына салған тағдырды қабылдай білген адам. Фатима шешеміздің философиясы осындай болған. Өмірге деген өзінің ұстанымы болды. Ілияс әкенің орнына әке болды. Азат өте білімді, сауатты болған екен. Азатқа әкесінен дарыған ерекше интеллектуалдық қасиеттерінің ашылуына Ілияс көмектесті деуге болады. Оған ешқандай дау жоқ. Ілияс 1937 жылы репрессияның құрбаны болды. Кетерінің алдында жарқырап кетті.



ТАРИХИ САБАҚТАСТЫҚ


– Жетісуын жырлағанда шөбін суреттегенінің өзі тура бояумен салған картина секілді. Жетісудағы әрбір шөптің атауын қазір біз білмейміз. Ілиястың өлеңінде Жетісудың тауында өсетін жүздеген шөптің атауы бар.



– Ілияс – ғажап ақын. «Құлагері» қандай ғажап поэма?! «Құлагерде» көшпенді өркениеттің күйреуінің трагедиясы баяндалады. Ол көшпенділер өркениеті сақталсын деген ниетпен «Құлагерді» жазғанда, атты баптау, сыншылығы бәрі қамтылды. Дәл осы ниетпен Мұхтар Әуезов «Абай жолына» кіріседі. Қазақтың «қазақ» болып қалуы үшін көшпенділер өмірін көрсету керек болды. Тек XX ғасыр емес, ол екі жарым мың жылдық көшпенділердің тарихын жазды. Осының бәрін қамту үшін үшін роман-эпопея керек болды.



Абай жазған қазақтың тағдырын болмаса ұлылардың іс-әрекеттерін, талпыныстарын түсіну үшін біз сол Абайдан бұрын болған зар заман ақындарын міндетті түрде білуіміз керек. XV–XVI ғасырларда жалпы тарихи саяси жағдай өзгерді. Қазақтың көшпенділер өркениеті жоғалуға айналған кезеңдер келді. Мұхтар Әуезовтің «Асан қайғы және Бұқар жырау» деген өте күшті зерттеуі бар. Сонда зар заман ақындарын, олардың рухани жағдайын жақсы келтіреді. Ол бір сөзінде «осының барлығы келіп Абайға тіреледі» деген еді. Әкем Абайды жүрегімен, санасымен қабылдаған. Абай өзінің бүкіл ізденісін, өмірін қазақ халқына арнады. Кейін Абайдың жолын Алаш қайраткерлері жалғады. Міне, бұл тарихи сабақтастық.



Ілияс кеткеннен кейін Фатима мен балаларына "халық жауының жанұясы" деп қарайтын. Ол кезде Фатимаға Алматыда тұруға болмайды. Таныстары мен туыстарының өзі оны көрсе де көрмегендей көшенің арғы жағынан қашатын болған. Сол кезде өзі де қауіпті жағдайда жүрген Мұхтар Әуезов ерлік көрсетіп, шешемізге көмек көрсетті. Ілиястың балаларының киімдері бүтін, тамақтары тоқ болсын деп қамқорлық танытты. «Халық жауының» жанұясын сақтай білді. Бұл туралы өзі күнделігінде жазған.



1949 жылы Үміт, Ильфа Азат Меркідегі мектепті алтын белгімен бітіріп, Мәскеуге кетті. Мен алтыға толып, енді мектепке барған кезім. Мұхтар Әуезов үшін елуінші жылдар өте қиын болды. «Манасты» қорғаймын деп Мәскеуге қашып кетуге мәжбүр болды. Соған қарамастан, Алматыдан кішкентай ғана үй сатып алады. Үміт, Ильфа жоғары оқу орнына түседі. Ильфа өте дарынды суретші болатын. Оның көптеген суреті сақталды, бірақ біразын өзі құртты. Өйткені, суретшілер училищесіне түсем дегенде,"«халық жауының қызына бұл жерде оқуға болмайды" дейді. Сонда ол үйге жылап келіп, біраз суретін өзі жыртып тастаған еді. Бірақ біразы сақталып қалды. Шешеміз сақтап қойыпты. Ол кезде қуатты адамдар балаларын қазақ мектебіне бермеуші еді. Алматыда қазақ тілінде екі-ақ мектеп болды. Әкем мені ер балаларға арналған 18-ші мектепке өзі жетектеп апарды...


– Әкеңізді алғаш көрген кезіңіз есіңізде ме?


– Оны дәл қазір еске түсіру қиын. Тым кішкене едім. Екі-үш жас кезімде Меркіге келгенде көрген болуым керек. Шешеміздің туысы біздің жанұямыздың құтқарушысы болған. Сол Құтби мені алып, Алматыға әкеледі. Сол кездер еміс-еміс есімде. Жасым төртте болуы керек. Кішкентай бауырым Ернар жүгіріп жүр екен. Әкеміз оған бір дорба асық, маған тағы бір дорба асық әкеліп берді. Ернар екеуміз асық ойнай бастадық. Кім екені нақты есімде жоқ, әкемнің достарының бірі келіп, тізерлеп отырып, бізбен бірге ойнайтын. Әкем Сапарғали Бегалинмен өте жақын дос болған.


«ОЛ ӨМІР БОЙЫ ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ ҚАРСЫ КҮРЕСТІ»


– Әлгінде әкеңіздің мектепке апарғанын айттыңыз. Мектепті жақсы оқы деген шығар. Оның үстіне қазақ мектебіне апарды. Мектептен кейінгі мамандық алуда әкеңіз ақыл берді ме әлде мамандықты өзіңіз таңдадыңыз ба?


– Мен қазақ мектебінде үш жыл оқыдым. Ол кезде Алматыда он үш-ақ пайыз қазақ болды. Қалғаны орыс, т.б. ұлттар. Қазақтың біразы балаларын басқа орыс тілді мектептерге беретін. Шешеміздің бөле інісінің Ғазиза деген менімен құрдас қызы болды. Мені қазақ мектебіне, оны орыс мектебіне берген. Туыс болғасын Фатимамен жайлап араласа бастады. Сол кезде туыстары үйге қонаққа келгенде кішкентай Ғазиза екеумізге сұрақтар қояды. Кімнің білімі артық дегендей, екеуміздің жауабымызды салыстырып, тексереді. Сонда олардың біразы «қарашы, Ғазиза Мұратқа қарағанда көп нәрсе біледі» дейтін. Фатимаға айтып, өздерінің ортақ шешімімен Мұратты орыс мектебіне ауыстыру керек деді.


4-сыныпта мені орыс мектебіне ауыстырды. Сонда маған үлкен демеу көрсеткен шешеміздің құрбысы Анна Викторовна болды. Ол мені екі-үш айдай орыс тілінде оқуға дайындады. Сол кісінің арқасында қатардан қалмай, мектепті жалғастырдым. Мектепте спортпен де шұғылдандым. Әкем біздің спортпен айналысуымызға жағдай жасап, керек-жарағымызды алып беретін. Барлық баласына, тіпті есейіп кетсек те, шоколад әкеп беруші еді.



Бірде мектепте прокурордың баласымен төбелесіп қалдым. Сонда әкеміз мән-жайды сұрап алған соң, маған қолдау білдірді. Әкемнің әділдігіне риза болдым. Ол өмір бойы әділетсіздікке қарсы күресті.



Анамыз Фатиманың бөле інісі үлкен бір шежіре жазған. Сол шежіреден анамның татар емес, ноғай болғанын білдік. Кезінде Шәмілге орыстар Пермь губерниясынан жер береді. Сол Шәмілдің қасындағы адамдардың арасында біздің атамыз болған екен. Ол ноғай болған. Бестшуда деген жерден қашып, Қазақстанға өтіп, Жетісуға қарай келген. Өйткені, шешеміздің мінезі біз кітаптан оқып жүрген, көріп жүрген татарлардың мінезіндей емес еді, ол ештеңеден қорқу дегенді білмейтін.


ТӘРБИЕНІҢ БІР ТӘСІЛІ


– Оқуды әкеңіздің ықпалымен таңдадыңыз ба?


– Әкем өте дарынды тәрбиеші деуге болады. Мәскеуде 2-3 жыл дәріс оқыған кезінде оның біліміне орыстардың өзі таң қалған екен. Әкем қырғыз еліне барғанда, Саяқбай Қаралаевтың үйін іздеп барады. Ол туралы мен біраз жаздым, айттым. Сонда «Манасты» тыңдап отырдық. Сол уақытта қазақтардың арасында құс баптау өте сирек кездесетін. Қырғыздар ол жағынан мықты болған. Саяқбайдың қорасында бірнеше бүркіті бар екен. Ернар екеуіміз барып, соны қызықтап жүрдік. Қазақстан Жазушылар одағының біраз мүшелері бар, әкеміз бар, бәріміз бірге отырғанда мен әкемнің құлағына сыбырладым. «Мен мына кісінің айтқандарын түсініп отырмын» дедім. Сонда әкем «Менің балаларым қырғызша түсінеді» деп марқайып қалды. Бұл да тәрбиенің бір тәсілі екен. Қырғызды бауыр санап, жақын тарту керек деген түсінікпен өстік. Түрікшілдігім содан басталды деуге болады. Шешеміз татардың көптеген әнін жақсы білетін.



Мәскеуде «Жас тұлпарды» құрғанда татар, башқұрт, қырғыз, тағы да басқа түркітектес ұлт өкілдерін шақырдық. «Жас тұлпармен» бармаған жеріміз жоқ. Тіпті, Ресейге, Омбы облысында қазақтар тұратын аудандарға барып, қазақтарды іздей бастадық. «Жас тұлпар» 1963 жылы құрылды. Ұлттық мәселені басты мәселе ретінде қарайтын. Дәл осы рухпен Ленинградта «Арай» деген ұйым құрдық. Содан кейін Ригаға бардық. Сол тұста «Жас тұлпар» қанатын кең жайды, мүшелері де көбейе түсті.



– Талайлар іштей қолдағанымен, «Жас тұлпарды» қолдамаған белгілі үлкен кісілер болды. Аты-жөнін де білеміз. Біздің атақты Сәбит Мұқанов мақала жазды. Сол арқылы Мұхтар Әуезовті тұқыртқысы келді ме? Әлде тек сіздерді тоқтатқысы келді ме? Сәбит Мұқановтың сіздер туралы өте ащы пікірін қалай бағалайсыз?



– Сәбеңнің Мұрат деген ұлы - өте талантты этнограф. Тағы бір кісінің есімін айта кетейін, ол – Мұхамеджан Қаратаев. Оның ұлы Мирланмен біз жақсы дос болдық. Екеуіміз бірге философия институтында жұмыс істедік. Тақырыбын таңдағанда, оған ақыл-кеңес бердім. Қазақтың эпосы туралы, жылқының бейнесі туралы зерттеген еді. Мен ешқашан ешкімге кек сақтаған емеспін. Ол Сәбиттің баласы, Мұхамеджанның баласы дегендей бөліп-жару болмаған. Өйткені, біз жас болсақ та, саналы қазақ бола білдік. Сәбеңдер өз заманының құрбандары. Оның Мұхтармен келіспеушілігі бір бөлек, олардың хат арқылы жазысқан айтыстары бар. Өз көзіммен көрдім. Сәбең - Назым Хикмет секілді шынымен қызыл идеологияға сенген адам. Оның таңдауы сол болды. Сондықтан оның өзіне де, ұрпақтарына да ешқандай кек жоқ.



ТАҢДАУЫМ «ЖАС ТҰЛПАР» БОЛДЫ


– Оқу бітіргеннен кейін ғылыми ізденісіңіз қай бағытта болды?


– Біріншіден, әкемнің кеңесін жадымда ұстадым. Мені шығыстану факультетінде араб тілін оқыса деген ойы болды. Бірақ бұл мүмкін емес еді. Өйткені, араб тілі дәрісіне тек мектепте ағылшын тілін оқыған балаларды қабылдаған. Сонда әкем: «Онда тұрған ештеңе жоқ. Қытай тілінде қазақтар туралы көптеген дерек бар. Сен қазақ туралы жазылған қытай деректерін зертте, біл» деп, сонау 1959 жылы айтып кетті.



Әкем 1961 жылы қайтыс болды. Оның соңғы хаттары өте керемет. Қолыма үш хат берді. Мен үшін әкемнің хаттары – үлкен өсиет. Бұл – қайтыс боларынан екі күн бұрын ауруханада соңғы рет қолына қалам алып жазған хаттары еді.



Қытай тілін жақсы меңгеріп келе жатқанмын. Екінші тіл ретінде түрік тілін таңдадым. Сонда біразы таңқалып қараған. Себебі, ол кезде қытай тілінің жанына жапон шығыс тілдерін таңдайтын. Түрік тілін үздік бағамен бітірдім. Бір әңгімені түрік тілінен орыс тіліне аудардым. Асқар Сүлейменов сынды аға буын өкілдері осылай аудара бер деп мені қолдап жүретін.



Қытайшам жақсы болғандықтан, маған Мәскеудегі Азия–Африка мемлекеттерінің институтында жұмыс істеуге ұсыныс болды. Мен ол кезде қытай әдебиетін оқып, мақалалар жазып жүргенмін. Менің алғашқы сын мақалаларым қытай әдебиетімен байланысты.



Таңдауым «Жас тұлпар» болды. Шығыстану емес, дүниежүзілік әдебиет институтының аспиратурасына түстім. Үш жыл сол жерде оқыдым. Мен үшін өте жақсы мектеп болды. Әдебиет теориясы философиясыз болмайды.


Негізгі өмір жолымдағы үлкен білімді сол жерде алдым деуге болады.


1969 жылы мен Мәскеуде оқуымды бітірдім. Алматыға келгенде, іштей философияны жақсы көре бастаған кезім еді. Ол кезде кеңес заманындағы ең ірі «Дружба народов» деген журнал болған. Сонда екі жыл қатарынан менің мақалаларым І орын иеленіп, сыйақы алдым. Диссертациямды да жақсы қорғадым. Алматыға келгендегі менің ойым - Қазақ мемлекеттік университетіне келіп, ұлттық әдебиет пен дүниежүзілік әдебиеттен сабақ беру еді. Бірақ Оқу-ағарту министрлігіне жазған өтінішіме "Сізге студенттермен жұмыс істеуге рұқсат жоқ" деген жауап келді. Бұған «Жас тұлпар» себеп болғанын түсіндім. Содан кейін өзім ерекше құрметтейтін Есеналиев дейтін кісіге жағдайымды айттым. Ол кісінің досы Мәскеуден шығатын «Литературная» газетінің бас редакторының орынбасары екен. Соған телефон шалды. Сөйтіп, «Литературная» газетінің Қазақстандағы тілшісі атандым. Біраз материал жаздым. Маған бұл жұмыс ұнады. Осы жерде жұмыс істеп жүргенімде, Философия институтының директоры: «Мұратты философия институтына жұмысқа қабылдайық», - деді. Сөйтіп, бір жағынан, «Литературная» газетінде тілші, екінші жағынан, кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа орналастым. Мені ғылыми коммунизм бөліміне жіберді. Жалпы дүниежүзілік философияда ең бірінші талпыныс – көшпенді халықтардың көркем өнерін тұжырымдау. Соған Едіге Тұрсынов, Асия Мұхамедова, Болат Қарақұлов, Мирлан Қаратаев, т.б. мүше болды. Мен сол топтың жетекшісі болдым. Кекшіл болсам, оларды қабылдамас едім. Академияда жұмыс істейтіндер екі жылда өте жақсы еңбек жазып шықтық.


«ҚАЗАҚСТАН ДЕГЕН АТАУДА ЖЕР, ТАҒДЫР БАР»


 – Енді еліміздің тәуелсіздігінің елең-алаңындағы маңызды қадам болған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияға тоқталайықшы. Бұл тәуелсіздікке ұмтылған елдің үлкен талпынысының кезеңі еді. Тәуелсіздік туралы мемлекеттік заң қабылданатын уақыт та келген. Менің ойымша, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы маңызды қадам болды. Сол кезде сіз Жоғарғы кеңесте депутат едіңіз. Біз Жоғарғы кеңеске тіркелген журналист ретінде «Егеменге» күн сайын репортаж жазатынбыз. Сол дәуірді еске алып, тоқсаныншы жылдарға қайта оралсақ...


– 25 қазан – Егемендік декларациясы қабылданған күн. Декларацияны жазу қиын емес. Ол кезде Кеңестер Одағы құрамындағы барлық республикалар одақтан шыққаны белгілі. Декларацияға сын жоқ, сапалы жазылған. Оның артында тұрған өзіміздің азаматтар. Алайда, декларацияның бір осал жері бар. Ол қабылданды, бірақ 13 жылдан кейін бұл маңызды күн мерекелік күнтізбеден алынып тасталды. Неге? Бірде-бір азамат оны қорғап шығуға талпыныс жасамады. 1991 жылы желтоқсанның 10-ы күні өзіміздің концепциямызды анықтадық...



Мемлекетке атау берерде адамдардың аттарын да ұсынғандар болды. Одан ұялатын ештеңе жоқ. Тарихи шындық. Ол кезде Сұлтан Сартаев пен Жабайхан Әбділдиндерің күрес жолында тәжірибесі жоқ еді. Жабайхан аға маған: «Мұрат, сен қайтесің? Мен Гегель туралы жазам. Басқалары оны түсінбейді. Сондықтан аман-есен жүрмін. «Құдай-ау, жұрт түсінбеген нәрсені не үшін жазасыз? Кімге керек ол?» деп ол кісіні құптамадым. Біздің ұстанымдарымыз бөлек болды. «Жас тұлпар» арқылы біраз тәжірибе жинаған едік. Тәуелсіздік алғанда «Қазақстан» деген атауды біз ұсындық. Сонда өзім құрметтейтін Сұлтан Сартаев ағамыз «стан» орыстың «столица» деген сөзінен шыққан деп қарсы шықты. Мен шығыстанушы ретінде «стан» деген көне парсы сөзі екенін, жер деген мағынаны беретінін айттым. Бұл біздің түркішілдігімізді, ауызбірлігімізді білдіреді. Ең маңызды сөз – Республика болды. Өйткені, автократия, диктатура болмасын деген ниетпен біз Республика сөзін шегедей қақтық. Қазақстан деген атауда жер, тағдыр бар. Осы атау өзімнің жаныма жақын...



– Сізді белгілі қытайтанушы ретінде мамандығыңызға орай және саяси тәжірибеңізді ескеріп, елші қылып тағайындады. Сіздің алғаш елшілікті ашқаныңызға да куә болған едім. Елшіліктің ашылу салтанатына Пекинге барып, репортаж жаздым. Елшілікке кетер алдында сіз үлкен азаматтық іс жасадыңыз. Біреулер біледі, біреулер білмейді. 1990 жылдардың басында «Хабар-2» деген арна болды. Сол арнада бір бағдарламаны Әуезхан аға жүргізіп жүрді. Көлік жіберіп алдырамыз. Балдақпен келеді де, мен басқарған «Хабар-2»-де ішкі мәдениет туралы хабарды жүргізетін. Әуезхан Қодарға сіз өзіңіздің үйіңізді беріп кеткеніңізді сол кезде біз Әуезханнан естіп, қатты риза боп едік.


– Рахмет. Осындай естеліктерді ұмытпай еске түсіріп отырғанның өзі өте жақсы. Әуезхан өте дарынды адам болды. Біз оны сақтай алмадық. Осында келгенде кейбір жазушылар ол кісіні әдеби құл ретінде пайдаланған. Жазғызғанда немесе аударғанда пұлын дұрыс төлемей, еңбегін жеп қалған. Әрине, ол шығармашыл адам. Мінезін көрсетеді, ұрсысады. Бірақ көбіне нәтижесіз. Күндердің бір күні Жазушылар одағының қасынан аударма бірлестігін құрдым. «Әлем» журналын шығардым. Соған Әуезхан өте жақсы аудармалар жасап жүрді. Оның аяғындағы бәтеңкесінің тозғанын, жағдайы болмай жүргенін байқадым. Сол кезде Алматыда екі пәтерім бар еді. Өзімнің бір бөлмелі пәтерімді Әуезханға беру туралы шешімге келдік. Бәрін заңдастырдық. Менің кітаптарымның бәрі сол пәтерде қалды. Әуезханның достары үйіне келіп кітапты оқитын. Әуезхан соған қатты қуанғаны бар.


– Сізден қамқорлық көрген тағы бір адам бар. Тағдыры қиын болған Айтан Нүсіпхан. Кезінде Қытайдан келгенінде оған ғылыми зерттеумен айналысуына жәрдем бердіңіз...


– 1963 жылы Мәскеуде «Жас тұлпарды» құрғанда, дәл сол жылы Қытайда Айтан «Жас күштер» деген ұйым құрды. Қайран қалдық. Ол кезде бір-бірімізді танымаймыз. Қытайда мәдени революция боп жатқан кез. Қазақтар ұйғырлармен жақсы тіл табысып жүрген кездер еді. Айтан тамаша ақын ғой. Ұйғыр мектебін бітірген, сондықтан қазақ, ұйғыр тілін жақсы біледі. Комсомол көсемі болып, Қытайды аралап шыққан. Сол кезде қазақтар мәдени революция кезіндегі бұрынғы 1949-1950 жылғы жағдайды пайдаланып, мемлекет құрамыз деген жоспарлары болған. Нәтижесіз болды. Қытайдың Премьер-министрінің Айтанға байланысты нақты көзін құрту керек деген тапсырмасы болған. Жақсы достары хабарды естіп, ұйғыр мен қазақтар бес адамды дайындайды. Атқа мініп, қару алып шекара бұзып өтеді. Олардың арасында тарихшы, ақын, жазушылар бар. Күндердің бір күні қашып Алматыға келеді. Философия институтында жұмыс істеп жүрген кезімде Айтанмен жолықтық. Ол сөзге шешен, ақындығы бар, ойы терең азамат болды. Кейін оны Мәскеуге шақырып, сол жерде үй берді. Мен ол кезде Мәскеуге жиі барып тұрдым. Үйленгенде күйеу жолдасы болдым. «Жас тұлпардың» жігіттері той жасады. Біраз жыл жұмыс істеп осы жаққа оралды. Екі жыл қатарынан Қытайға барып келдік. Бір рет Тұрпанға барып, аралап келдік. Келесі жылы Қашқарға бардық. Кезінде Айтанға көмектескен ұйғырлар құшақ жая қарсы алды. Ұйғыр мен қазақ дос болуы әбден мүмкін. Сырттан келген қазақтар неге билікте жоқ деген мәселе көтердік. Соңғы барғанда оның жақын достары Қытай Айтанды кешірген жоқ дегенді айтты. Қайтып келген соң, көп ұзамай қайтыс болды. Оның кітаптарын шығаруға үлес қостық. Қазақшасы ғажап енді.


ҚАЗАҚТЫҢ БАҒЫНА ЖАРАТЫЛҒАН АЗАМАТ


– Мұрат Мұхтарұлы, саяси әңгімені жалғастырайық, өзіңіз айтқандай, Қытайдағы елшілік қызметіңіз аяқталып келгеннен кейін не Президент қабылдамай қойды, не Президенттің маңайындағылар жолатпай қойды дедіңіз. Біртіндеп Қазақстанның саяси өмірінде «Азамат» деген қозғалыс дүниеге келді. Бұл қозғалысқа сіздерді не біріктірді?


– Қабылдамағаны да, жолатпағаны да рас. Әңгіме онда емес. Сол кезде Қазақстан мен Қытай арасында үлкен мәселелерге – жер, су жағдайына, әсіресе, Іленің, Ертістің жағдайына, тағы басқа да маңызды мәслелерге дұрыстап көңіл бөлінбеді. Мен осы мәселелерге орай үндеу жасадым. Оған жеті-сегіз зиялы академик қол қойды. «Азамат» қозғалысы құрылды. Ғалым Әбілсейітов ол кезде Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты еді. Ядролық қару жасағандықтан, ғалым ретінде беделі жоғары болатын. Ғалым табиғатынан ғажап еді, үнемі ізденісте жүретін. Түркітілдес халықтардың тарихын зерттеді. Ол бастаған жұмысын нәтижесіз қалдырмайтын, жанын салып, таза, өте сауатты атқаратын. Сол азаматқа қарап, қазақтың қарапайымдылығына сүйсінесің. Қазақстанды араладық. Жаңатасқа бардық. Солтүстікке барғанда жергілікті биліктегілер иттік жасады. Машинамызға темір салып жүрмей қалды. Тіпті, жол апатына апаруы мүмкін еді. Қарсылығымызды білдіріп, бейбіт митингтерге шықтық. Ғалымды он күнге қамады. Петр екеуміз аштық жарияладық. Зейнеттегілер тамақ әкеледі, біз бас тарттық. Дәрігерлер қарады. Ғалымды шығармаса кетпейміз деп тұрып алдық. Жалпы, саяси сананың қалыптасуына «Азаматтың» көмегі көп болды. Ғалымға таңқалушы едім. Қазақшасы онша болмаса да, қазақи адам. Қазақтың бағына жаратылған азамат еді. Қайтадан Ресейге қайтуға мәжбүр болды.


– Заманның лебі сізді телевидениеге әкелді, екі жақсы бағдарламаңыз болды. Алдымен «Уақыт жалғастырған жер», одан кейін «Жібек жолының бойымен». Бұл телебағдарламалардың идеясы ойыңызға қалай келді? Ойыңызды қаншалықты жүзеге асыра алдыңыз?


– Мен өз-өзіме баға бере алмаймын. Өйткені, адам жасы келгенде мақтаншақ бола береді. Өзімді өзенмен салыстырар едім. Өзен қалай басталды, солай аға береді. Бүгінде жора-жолдастарым, үзеңгілестерім бар. Өкінішке қарай, санымыз азайып барады. Өз басым қандай ортада да өз ойымды ашық айтамын.


– Мәскеуде оқыған кезден бері шындық үшін күресіп келесіз. Жылымықтың келгені, қайтадан сіздің елеп-ескерілуіңіз сол күрестің нәтижесі деп ойлайсыз ба?


– Нәтижені ойласақ, өз пайдамызды ойлағандай боламыз. Сондықтан нәтиже іздеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бір Жаратушы бар, Құдай жүрегіңде. Істеген істеріміз адал, таза болса болғаны. Адамзаттың тарихы үлкен ойын сияқты, кейде сүйінесің, кейде күйінесің. Қазір кейбір таныстарым: «Бұрын егемендік, тәуелсіздік деп шырылдап жүруші едің, қазір соның бәрі келді» деп таңқалып жатады.


ӘКЕ ӨСИЕТІНЕ АДАЛДЫҚ


– Өткенде Семейге бардыңыз. Әкеңіздің Қайым Мұхамедхановпен тұрған ұстаз бен шәкірт деген ескерткішін көрдіңіз. Қасына суретке түстіңіз. Әкеңіздің «Шыңғыстауды арала, Абайдың елін арала» деген өсиеті бар еді...


– Тағдырыма әкемнің саналы тәрбиесі әсер етті деп ойлаймын. Әкемнің ұрпақтары Семейге, Қарауылға барып тұрамыз. Өзімнің екі немерем бар.


– Күнделіктің бір жерінде «кішкентай Мағжан тегін ұмытпаса екен» деп жазасыз...


– Көз тимесін, балаларыма ризамын. Қызым Голландияда тұрады. Ол үлкен қазақы тірлікпен айналысып, азаматтық жасап жүр. М.Қашқаридің Түркі тілдері сөздігін ғалымдардың арасында бірінші болып аударма жасады. Мағжанның ұлы, немерем бір жасқа келеді. «Барыс» орденін сол немереме бермекшімін. Сосын жақсы бір домбыраны сыйға тартамын. Құдайға мың да бір рахмет. Балаларым да немерелерімді саналы етіп тәрбиелейтініне сенемін.


 – Ал енді соңғы сұрақ. Қай уақыттан бері Мұрат Әуез болдыңыз. Ов-ты алып тастапсыз. Мұны немен түсіндіресіз және бұл тек кітаптың мұқабасында ма, әлде құжатта да осылай ма?


– Мен мұны табиғи нәрсе деп білемін. «Ов» деген тәуелсіздігімізге қайшы. «Ов»- ты, орыстар айып етпесін, жек көремін, құтылғаныма қуаныштымын. Ең бірінші шетелдік паспортымды өзгерттім...


 – Әңгімеңізге көп рахмет, аға! Аман болыңыз!


«Almaty-akshamу» №1 (6294) 5 қаңтар, 2023 жыл


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49