Маңғыстау облысында жол апатынан төрт жолаушының қаза болуына себеп болған жүргізуші бес жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушы Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Сот жүргізушінің кінәсін толық мойындауы, жасаған ісіне шын өкінуі, ІІ топ мүгедектігінің болуы және жәбірленушілердің материалдық әрі моральдық талап қоймауы жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілгенін хабарлады. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Қайғылы жол апаты 2026 жылдың маусым айында Ақтау – Бейнеу тасжолында болған. Тергеу мәліметінше, Toyota Camry жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, жылдамдығын төмендетпеген әрі қауіптің алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдамаған. Соның салдарынан жолдың сол бағытында келе жатқан КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан жеңіл көліктегі төрт жолаушы ауыр жарақаттан оқиға орнында көз жұмды.
Мемлекеттік айыптаушы соттан жүргізушіні 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал жәбірленушілер оны кешіргендерін айтып, жеңілірек жаза тағайындауды өтінген. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін жеткізген.
Сот үкімі заңды күшіне енді.