Ломбардтан қарыз алмас бұрын нені ескеру керек?

Ломбардтан қарыз алмас бұрын нені ескеру керек? Сурет: Жасанды интеллект, Aqshamnews.kz

Ақшадан қысылғанда ломбардқа жүгініп, "кейін жаба саламын" немесе "ақша табылса қайта сатып алармын" деп ойлайтындар әлі бар. Ломбард қызметтеріне қатысты өзгерістер енгізілгеніне бірнеше жыл өткенмен, көпшілік оның несие тарихына қалай әсер ететінін ескере бермейді. Aqshamnews.kz редакциясы осы мәселені еске салу мақсатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ресми сауал жолдады. Агенттіктің жауабына сүйене отырып, ломбардтан қарыз алушылар үшін маңызды құқықтық және қаржылық тұстарды сараптап көрді.

Ломбард қарызы - микрокредит

2020 жылдан бастап Қазақстандағы барлық ломбард микроқаржылық ұйымдар деп танылып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауына алынды. Осы кезден бастап ломбардтар жеке тұлғаларға беретін қарыздар микрокредит ретінде қарастырылады.

Заңнамаға сәйкес, ломбардтар берілген қарыздар, оларды өтеу тәртібі және мерзімі өткен берешектер туралы ақпаратты кредиттік бюроларға міндетті түрде ұсынуға тиіс. Бұл деректер қарыз алушының несие тарихының бір бөлігіне айналып, соңғы ақпарат түскен күннен бастап кемінде бес жыл бойы сақталады.

Егер ломбардқа өткізілген алтын бұйым белгіленген мерзімде қайта алынбаса, ол өтелмеген қарыз ретінде есепке алынады.

Ломбард қарызы ипотека немесе несие алуға кедергі бола ма?

Ломбард алдындағы қарыз азаматтың ипотекалық немесе өзге де банктік несие алуына тікелей тыйым салмайды. Алайда банк несие беру туралы шешім қабылдаған кезде қарыз алушының қаржылық жағдайын жан-жақты бағалайды.

Атап айтқанда, банк:

  • қарыз алушының табысы мен шығыстарын;
  • жалпы қарыздық жүктемесін;
  • несие тарихындағы барлық міндеттемені;
  • төлем тәртібін ескереді.

Егер ломбардтағы қарыз уақытылы өтеліп отырса және мерзімі өткен берешегі болмаса, несие мақұлдау ықтималдығы сақталады. Ал кешіктірілген немесе өтелмеген қарыздар тәуекел факторы ретінде бағаланады.

Ломбардқа жиі жүгіну банк шешіміне қалай әсер етеді?

Ломбардқа алтын бұйымдарды немесе өзге де бағалы заттарды жиі қою кейбір жағдайларда қаржылық тұрақсыздықтың жанама белгісі ретінде қарастырылуы мүмкін. Несие алуға өтініш берген кезде банк қарыз алушының төлем қабілетін бағалап, оның кіріс көздерінің тұрақтылығына да назар аударады.

Ломбард қызметтерін жиі пайдалану банк алдында қарыз алушының уақытша қаржылық қиындықтарға тап болатынын көрсетуі мүмкін. Дегенмен әрбір қаржы ұйымында несие беру туралы шешім қабылдаудың өзіндік ішкі жүйесі бар, және барлық факторлар кешенді түрде қарастырылады.

Банктер ломбард қарызын қалай есептейді?

Банктер қарыз алушының жалпы қарыздық жүктемесін (ЖҚЖ) есептеу кезінде ломбард қарызын басқа микрокредиттермен тең негізде ескереді.

Егер қарыз алушының табысына шаққандағы ай сайынғы төлем мөлшері жоғары болса немесе бірнеше микрокредит қатар жүрсе, банк несие сомасын азайтуы немесе несие беруден бас тартуы мүмкін.

Қарыз уақытында өтелсе, несие тарихына қалай әсер етеді?

Ломбард қарызы уақтылы және толық өтелген жағдайда, ол несие тарихында оң ақпарат ретінде көрсетіледі. Бұл қарыз алушының төлем тәртібін сақтайтынын дәлелдейді.

Негізгі тәуекел - қарызды өтеу мерзімін өткізіп алу.

Қарыз өтелмей, кепілге қойылған мүлік сатылса не болады?

Егер қарызды өтеу мерзімі өтіп кетсе, ломбард кепілге қойылған мүлікті кемінде 30 күн сақтауға міндетті. Осы мерзімнен кейін оны сатуға құқылы.

Кепілдегі мүлік сатылған жағдайда:

  • ломбардпен жасалған шарт тоқтатылады;
  • қарыз алушының міндеттемелері жойылады.

Алайда қарызды өтеу мерзімін өткізіп алған барлық жағдайлар несие тарихында сақталады. Яғни, берешек мүлік есебінен жабылғанымен, кешіктіру фактісі есепте көрініс табады.

Несие тарихындағы ақпаратты қалай түзетуге болады?

Егер қарыз алушы өз несие тарихындағы мәліметтермен келіспесе, ол кредиттік бюроға немесе ақпарат беруші ұйымға (ломбардқа) жазбаша өтініш беруге құқылы.

Өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Егер қате расталса, ақпарат 10 жұмыс күні ішінде түзетіледі, ал қарыз алушыға жаңартылған несие есебі ұсынылады.

Ипотека алуды жоспарлаған азаматтарға ұсыныстар

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға:

  • кредиторлар алдындағы барлық міндеттемелерді шартқа сәйкес және уақытылы орындауды;
  • қаржылық жағдайды жаңа қарыздармен күрделендірмеуді;
  • уақытша қиындықтар туындаған жағдайда кредиторлармен белсенді диалог жүргізуді;
  • ипотека немесе ірі несие алуға өтініш бермес бұрын ломбард қарыздарын толық жабуды ұсынады.

Ломбард - жедел қаржылық көмек көрсететін құрал. Алайда ол азаматтың несие тарихына және болашақтағы қаржылық мүмкіндіктеріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан ломбардтан қарыз алмас бұрын оның құқықтық салдарын және ұзақ мерзімді ықпалын (әсерін) ескерген жөн.

Қаржы мәселесінде уақытша шешімдер бар, ал несие тарихы - ұзақ жылдарға қалатын қаржылық сенім көрсеткіші.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:30

12:20

12:10

12:00

11:55

11:49

11:25

11:10

11:00

10:55

10:41

10:23

10:10

09:48

09:21

09:10

09:05

08:53

08:33

18:01

17:55

17:37

17:28

17:21

17:18