Көне көлдің жаңа тынысы. Сайранның бүгінгі жағдайы қандай? - фоторепортаж

  • 15:47, 21 маусым 2025
Көне көлдің жаңа тынысы. Сайранның бүгінгі жағдайы қандай? - фоторепортаж сурет: Алматы әкімдігі

Алматы тұрғындары үшін Сайран – тек су қоймасы ғана емес, балалықтың, жастықтың, жаздың иісі сіңген символ. Қала ішінде орналасқан бұл жасанды көл енді жаңа тыныс алып, демалыс пен серуендеуге арналған заманауи саябаққа айналғалы отыр. Жақында ресми ашылуы жоспарланған Сайран саябағының қазіргі ахуалы қандай? Қала тұрғындарына не ұсынады? Aqshamnews.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп, саябаққа арнайы барып қайттық.

Кеңес кезіндегі жасанды көл

Сайран көлі - Алматының орталығына жақын орналасқан жасанды су қоймасы. Ол 1970 жылдары инженерлік мақсатта – су реттегіш, демалыс орны ретінде салынған.

суретте: "Сайран" су қоймасы. 1975 жыл

Теңіз деңгейінен 847 метр биіктікте орналасқан бұл су айдыны бір кездері алматылықтар мен қала қонақтарының сүйікті шомылу және демалыс орны болған.

Суы тартылған жылдар: Сайранның күйреу кезеңі

2000 жылдардың соңына қарай Сайранның суы азайып, жағасы қоқысқа толып, келбеті біртіндеп жұтаңдай бастады. Тиісті күтімнің болмауы, маңындағы инфрақұрылымның тозуы және экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы көлдің құлдырауына әкелді. Біраз уақыт бойы Сайран қала үшін тек картадағы атау ғана болып қалғандай еді.

Тынысын қайта ашқан Сайран

2024 жылдың соңынан бастап Алматы әкімдігі мен қоғам белсенділері Сайранды қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастаған болатын. Арнайы жобаның аясында көл түбі тазартылып, су деңгейі қалпына келтірілді, айналасы абаттандырылып, веложолдар, серуен жолдары, балалар алаңдары, амфитеатр және экоплатформалар салынды.

Қазірдің өзінде бұл жерге келушілер саны артып келеді. Көл маңындағы табиғи орта сақталып, экологияға зиян келтірмейтін жасыл шешімдер негізге алынған.

Жұлдыздар тазалыққа шақырады: Сайранда өткен экологиялық акция

Бүгін, 21 маусымда Сайран жағасында танымал өнер және мәдениет өкілдерінің қатысуымен үлкен тазалық акциясы өтті. Актерлер, әншілер, жазушылар бастаған бұл шараға еріктілер мен қарапайым қала тұрғындары да қолдау білдірді.

"Қала жалғыз, біз көппіз. Егер әрқайсымыз тазалыққа жауапкершілікпен қарасақ, Сайран сияқты орындар болашаққа да аман жетеді", – деді әнші Жұбаныш Жексенұлы.

Актриса Лиза Серікова өз сөзінде:

"Сахнада ойнаудан бөлек, өмірде де өз рөлімізді атқару маңызды. Табиғатты қорғау – соның бір көрінісі", – деп ой білдірді.

Бұл акция Сайранның жаңа өмірінің символына айналды.

Іс-шараға Жұбаныш Жексенұлы, Диана Исмаил, Тахмина Әшімбекова, Қазыбек Әдікей, Димаш Дәулетов, актерлер Ұлан Нүсіпәлі, Лиза Серікова, Камалия Байтлеуова, Бақыт Тушаев, Әсет Иманғали, жазушылар Ұлықбек Есдәулет, Бигелді Ғабдуллин, Мұратхан Шоқан және Нұрдәулет Ақыш өз қолдарымен көл жағасын қоқыстан тазартуға атсалысты.

Белгілі театр және кино актері Бақыт Тушаев тазалық шарасына қатыса отырып, әр адамның табиғатқа деген қарым-қатынасы оның мәдени деңгейін көрсететінін айтты:

"Табиғатты қорғау тек сенбілікпен шектелмеуі керек. Бұл — күнделікті әдетке айналуы тиіс. Адамның мәдениеттілігі — оның қоқысты қайда тастағанынан-ақ білінеді. Табиғат – біздің үйіміздің жалғасы, оны таза ұстау – әрқайсымыздың парызымыз", – деді актер.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет те өз пікірін білдіріп, Сайранның Алматының көркін келтіріп тұрған нүктелердің бірі екенін атап өтті:

"Бұл көл – жай ғана су қоймасы емес. Бұл – қаланың айнасы. Оның маңында адамдар демалады, балалық шақтың естеліктері қалыптасады. Сондықтан осындай табиғи сұлулықты сақтау – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Сайранды қорғау – болашақты қорғау", – деді ол.

Сайран – Алматының жаңарып жатқан жүрегі. Жаңа саябақтың ресми ашылуы қарсаңында тұрғындарды жағалауға серуенге шығып, табиғатпен тыныстауға шақырамыз. Көру керек, сезіну керек. Себебі бұл - Алматының өз тарихына деген құрметі.

Айта кетейік, Сайран саябағы әлі ресми ашылған жоқ. Мұнда соңғы рет ауқымды жөндеу жұмыстары 35 жыл бұрын жүргізілген болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

16:39

15:47

14:40

13:43

12:46

11:41

11:25

11:15

10:04

09:31

19:52

18:26

18:12

17:59

15:43

13:24

12:10

11:59

11:45

10:40

09:52

09:29

20:47

18:14